Бағдарлама іске асуда

20140117-04-01Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді стратегиясында халықты жұмыспен қамту саясатын жаңғыртуды  жүктеген болатын. Сондықтан, осы бағытта белсенді саясат жүргізу – Үкімет қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының біріне жатады. Осы орайда, жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу мақсатында Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы зор жұмыс атқаруда. Бұл бағдарламаның өткен жылы Сәтбаев қаласында қалай іске асырылғаны жөнінде жұмыспен қамту орталығының маманы Мәншүк Қараторғаева айтып берген еді.

– Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды, соның ішінде халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша қойылған талаптарды орындау, қоғам игілігін өсіру және өмір сүру сапасын арттыру – жұмыспен қамту орталығы қызметінің басты мақсаты болып табылады. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы экономика салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру,  кәсіпкерлік белсенділікті дамыту, еңбек ресурстарының кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын, сондай-ақ, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуды арттыру секілді міндеттерді көздейді.

Мемлекеттік бағдарлама үш бағыт арқылы жүзеге асырылады. Оның «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамту» атты бірінші бағыты бойынша өткен жылда жобалар жоспарда қаралмаған. Бағдарламаны іске асырудағы екінші бағыт «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» бойынша өткен жылы Сәтбаев қаласында екі қатысушыға өз ісін ұйымдастыруға, яғни ірі қара мал басын көбейтуге 4 млн. 800 мың теңге көлемінде шағын несие берілді. Ал, «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» атты үшінші бағыттың бірінші тармағы бойынша 24 адам «тігінші», «сылақшы-сыршы» мамандықтарымен қайта даярлау курсын бітірді. Қатысушылардың барлығы оқыған мамандықтарына сәйкес тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарында бағдарламаның 7 қатысушысы жұмыс атқарып, қаламыздағы мекемелерде жастар тәжірибесін 30 азамат өтті. Бүгінгі күні жастар тәжірибесінің және әлеуметтік жұмыс орындарының қатысушыларын тұрақты жұмыспен қамту мақсатында еңбек етудеміз. Үшінші бағыттың екінші тармағы бойынша өткен жылы 7 қатысушы көпқабатты 48 пәтерлі тұрғын үйге көшіріліп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, «Сұңқар 5» ЖШС, №16 орта мектебіне, «Беласканов» ЖК, мамандандырылған емдеу мекемесіне, мәдени-сауықтыру спорт орталығына, «НұрТөбеСәт» ЖШС мекемелеріне тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Жазып алған Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.