Талапты жас маман

20140207-07-1Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба…» дейді. Әңгімемізге арқау етіп жанына жақын мамандықты игеріп, еңбек жолын жаңадан бастаған Жақия Жансая Сағитқызын алмақпыз.

Ол Абай атындағы №4 лицей- мектебін 2008 жылы ойдағыдай тәмамдап, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Тарих факультетінде грантта оқып, 2012 жылы университетті үздік дипломмен аяқтады. Ал, еңбек жолын С.Сейфуллин атындағы гимназияда ұстаздық қызметтен бастады. Кіндік қаны тамған туған жеріне табан тіреп, замандас іні-сіңлілеріне білім беріп, жаңадан тәжірибе жинап келе жатқан Жансаяның алдына қойған мақсаты да, армандары да асқақ. Заман талабына сай өткенімізден өрнек салған, кешегі қоғам мен бүгіннің байланысы болған тарих пәнінің мұғалімі.

Шәкірті ұстазынан алған білімін оза түсіп көрсетіп жатса, ол өте жақсы еңбектің нәтижесі. Жансаяға жол сілтеп, адал еңбектің дәмін сездіріп келе жатқан әріптес аға ұстаздары оның аз уақыт аралығында атқарып келе жатқан еңбегіне разы екендіктерін байқатып жатыр. Жансаяның тәлімгері Қ.Мағзұмова оның еңбекқорлығын, талапшыл әрі талантты екенін алға тартты. «Жас келсе іске!» деп еңбекке құлшына кіріскен жас маман облыста өткен біліктілікті арттыру курстарына қатысып, сертификат алған. Назарбаев интеллектуалды мектебінің жаңа оқыту тәсілдерін меңгерген ұстаз үнемі жаңашыл болуға, әр сабақты ерекше өткізуге тырысады. Нәтижесі де жоқ емес. Жансаядан дәріс алған мектеп оқушылары облыстық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп жүр.

Әл-Фараби «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз. Ал белгісіз нәрсені аша білу деген сөз – ол теориялық өнердің барлығына тән, ортақ жайт» дейді. Жансая «Ғылым мен техника дамыған ғасырда қол қусырып қарап отыру алға ілгерілетуді байқатпайды. Өткен тарихымызды біле отырып, келешекке бүгіннің жаңалығын тарих етіп қалдыру – біздің міндет» дейді. Оның алға қойған мақсатының бірі – тарихи бағытта тынбай еңбектену. Оқушыларынан білікті маман шығарып, қызметтестерінің алдында абыройлы еңбек етіп, қаланың көркеюіне, өркендеуіне үлес қоссам деген ниеті де бар.

Адамның танымы неғұрлым биіктей берген сайын, дүниенің көкжиегі де соғұрлым көбейе береді. Ғылымды игеруге ұмтылған жастардың қатары арта берсе Қазақстанның гүлденуі нық, әрі табандырақ болмақ. Біз де өз тарапымыздан Жансаяға жемісті еңбектің жеңісін көріп, оқ бойы озат бол деп тіледік!

Мөлдір Мұқатова.

Комментарии закрыты.