Мерекелік дастархан

20140314-02-3Бір қолымен – бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдер мерекесіне орай 7 наурыз күні кеншілер қаласындағы «Асыл Мұра» мейрамханасында қала әкімі әйел-аналарға арнап мерекелік дастархан жайды. Оған қаламыздағы ардақты аналар мен әртүрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер шақырылды.

Жалпы, жыл сайын көктемнің алғашқы мерекесі – аналар күні қарсаңында қала әкімінің қолдауымен мерекелік дастархан жаю дәстүрге айналған. Биыл да осы жақсы іс өзінің жарқын жалғасын тапты.

Салтанатты сөз сөйлеп ашқан қала әкімі Әнуар Омар тіршіліктің тұтқасы саналатын әйел-аналарды мерекелерімен құттықтады.

– Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый, құрмет көрсету – парызымыз. Көк желекті көктеммен бірге қуаныш сыйлай келетін аяулы аналарымыздың төл мерекесі – 8 наурыз күніне арналған бүгінгі кеш өздеріңізге арналады, ардақты аналар, замандастар, құрбылар, – дей келіп, әйел-аналардың жүздерінен бақыт нұры ойнап, көңілдерінен қуаныш кетпесін деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Мерекелік дастархан басында қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, Сәтбаев қаласының прокуроры Серік Назарбеков, қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Жалғасбек Жақаев сөз алып, әйел-аналарды төл мерекелерімен құттықтап, өздерінің ыстық ықыластарын білдірді.

Мерекеде қуанышты көңіл-күй сыйлап, осындай қошемет көрсетіп жатқан қала әкімі Әнуар Омар мен ел басқарып отырған азаматтарға аналар атынан тыл және еңбек ардагері, тау-кен ісі ардагерлерін қолдау қорының төрағасы Мария Громак пен Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, «Батыр ана» Шабал Бейсенбекова ыстық ықыластарын білдіріп, аналық алғыстарын жеткізді.

Мерекелік дастархан басындағы салтанатта Сәтбаев, Жезқазған қалаларының өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мың бұралған бимен мереке сәнін келтіре түсті.

Кеш соңында ер-азаматтар салтанат иелеріне қала әкімі атынан гүл шоқтары мен ескерткіш сыйлықтар тарту етті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.