Есеңізді есептен ұттырмаймын десеңіз

Бүгінгі таңда әлем ғалымдары ХХІ ғасырдың орта тұсында тұщы су тапшылығы жаһандық проблемаға айналатындығын алға тартып отыр. Еліміздің 70 пайызын шөл мен шөлейтті жерлер құрайтынын ескерсек, тұщы су тапшылығының сезілу қаупі бізді де айналып өтпесі анық.

Осы мәселені шешу тетігі қандай, үнемдеудің басты көздері не болмақ деген сауалдарға былтырғы жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді Стратегиялық құжатында халықты тұщы сумен қамтамасыз ету үшін Үкіметке еліміздегі су ресурстарына қатысты 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламаны әзірлеуді тапсырған болатын.

Республика көлемінде су көзін үнемдеудің бірден бір жолы – есептегіш құрал орнату болып отыр. Облыс бойынша бұл жұмыстардың біраз бөлігі атқарылғанымен, Сәтбаев қаласының тұрғындары құрылғыны орнатуда белсенділік көрсете алмай отыр.

Қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Назгүл Сүттібаеваның айтуынша, былтырғы жылдан бері құрылғы орнатуға тек 830 тұрғын ғана өтініш берген. Оның басым көпшілігі бюджеттік саланың мамандары.

– Қала бойынша тұрғындардың құрылғыны орнатудағы белсенділігі төмен. Суды үнемдеу еліміздің табиғи байлықтарын сақтауға мүмкіндік береді. Есептегіш құрал орнату суды үнемдеумен қатар, қалтаңыздағы қаражаттың да артық кетпеуіне себепкер. Мысалы, егер сіз есептегіш құрал орнатпаған кезіңізде белгіленген тарифпен суды пайдалансаңыз да, пайдаланбасаңыз да ақысын төлейсіз. Ал, егер суды азырақ пайдаланып немесе үйіңізде болмасаңыз сол айға төлем төленбейді. Құрылғыны орнататын жеке кәсіпкерлермен бірігіп атқарып отырған жұмыс болғандықтан, тұрғындарға егер құрылғыны сатып алу бағасы қиындық тудырса, төлем жасайтын кезде бөліп төлеуге де болатындығын айтып келеміз. Бірақ, нәтиже аз.

Үнемділікке жұмыс жасайтын кез келгенін түсіндіріп жатқанымызбен, тұрғындар бейқам, – дейді бөлім басшысы.

Сөзіміздің басында айтқандай, қалада есептегіш құрылғыны орнатуда тек бюджеттік саланың мамандары белсенділік танытып отыр.

№4 Абай атындағы мектеп-лицейдің ұстаздар қауымы мен қызметкерлері құрылғыны үнемділік үшін орнатқандықтарын айтады. Соның бірі – математика пәнінің мұғалімі Гүлбарам Әбдірашева.

– Былтырғы жылы осы мәселе қозғалған кезде бірден 14500 теңгеге есептегіш құрал орнатып алдым. Пәтерде бір өзім тұрғандықтан, есептегіш құралды орнатқан соң 40 пайызға дейін үнемдеп отырмын. Әрине, мүмкіндік келіп жатса, судың сапасы талапқа сай болып тұрса қондырғыны орнатудан қашпаған жөн. Бір байқағаным, көп жағдайда жалғызілікті зейнеткерлер мен қарттарға құрылғыны орнату қиынға соғуда. Егер де сол кісілерге жеңілдіктер қарастырылса, олар да бас тарта қоймас еді деп ойлаймын.

Бұл білім ошағының басшысы Гүлмира Жаппасованың айтуынша, қарамағындағы 164 қызметкер кестеге сәйкес әр айда құрылғыны орнатып отырады.

Ретін таппаса, табиғаттың да байлығы тоқырап қалады. Біз тек бүгінімізбен ғана өмір сүрмеуіміз қажет. Жасыл экономикалық белдеу құру ісін қолға алған еліміздің болашағына біз не қалдырамыз деген ой санада қалыптасуы тиіс. Өзіміз өмір сүрген ортаның келешегін ойласақ, үнемділікке үйреніп, есептен есеңізді ұттырмаймын десеңіз бүгіннен бастап қам-қарекет жасаңыз. Ол өзіңіз үшін де, болашақ үшін де үлкен үнем.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.