«Шардарада» сән-салтанатымен тойланатын

20140321-03-2Самарқанның көк тасы еріп, жер бусанып, құлпыратын көктемнің жөні бөлек. Тіршілік атаулы оянып, мейірім мен кешірімділікке шақыратын бұл мезгіл түркітектес ұлттар үшін әз-Наурыз мерекесінің келуімен ерекше.

Елімізде жыл басы – Наурызды әр аймақ өзіндік бір өзгешеліктермен қарсы алып жатады. Әсіресе, салт-дәстүрге аса мән беретін еліміздің оңтүстігіндегі ағайындар бұл мерекені қырық күн ойынға, отыз күн тойға ұластырады. Осы аймақтың Наурыз мерекесін тойлаудағы ерекшелігін осыдан он екі жыл бұрын қаламызға қоныс аударған Орынбасар Естеміров ақсақал былай деп жеткізеді:

– Өздеріңіз білесіздер, оңтүстіктіктер әр мерекені айрықша атап өтеді. Мен өзім «Шардара» ауданында туып-өскен азаматпын. Біздің бала кезімізде бұл мерекені ара-кідік тойлап жататын. Тек 1989 жылдан бастап жаппай мерекелеу бастау алғанда төл Жаңа жылымыздың қайта оралуына көңіл қуанып, бір үйдің баласындай тойлайтын болдық. Мерекеге әр ауыл, әр шаңырақ ерекше мерекелік көңіл-күйде дайындалып, бір апта бұрын тойдың қамына кіріседі. Көше бойын тазалап, бітелген арықтарды аршып, мереке күні көрші-қолаң бір-бірінің үйіне наурызкөжеден дәм татуға, мерекемен құттықтауға арнайы кіріп-шығады. Сол «Шардарада» тұрғанымызда дәстүр болатын. Мереке күні бала-шағамызбен, туған-туыстарымызбен бір дастархан үстінде бас қосып, жақсы тілектер айтып, көңілін қалдырған жан болса кешірім сұрасып жататынбыз. Бұл дәстүрді осында қоныс аударғанда да жоғалтқан жоқпыз. Бәйбішем өмірден өтсе де, қолымдағы келінім қазірдің өзінде наурызкөжесіне қамданып, туған-туысты, көрші-көлемді дастархан басына жинауға ниеттеніп отыр. Осы қалаға келгеніме он екі жыл болды. Әр аймақтың салты басқа демекші, Арқа аймағы мерекені тек бір күн ғана кең алаңда атап өтумен шектеліп қалады екен. Мерекені нұрландырып, қазақи салт-дәстүріміздің негізінде екі-үш күн дүркірете тойласақ, жас ұрпақтың да санасында сақталып, көзімен көргенін көңіліне тоқыр еді деп ойлаймын.

Жыл басы – Наурыз мерекесі құтты болсын! Шаңырақтарыңызға бақ қонып, қыдыр дарысын деп тілеймін.

Жазып алған Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.