Наурызым – тойлы нұрлы күн, Наурызым – елімнің сақта бірлігін!

20140321-02-1Әз Наурыз! Ұлыс Нау­­­рыз! Ұлыстың ұлы күні атанған ұлық Нау­рыз!.. Қытымыр қыстан қысылып шыққан барлық тіршілік иесінің үмітін үмітке жалғап, айналаңа шуақ шаша, мейірім төге жеттің-ау, әйтеуір. Аузымызды аққа толтыр­ған, бір төлімізді екеу, екеуін бесеу етіп, қо­рамызды малға, төрі­міз­ді жанға толтыр­ған құт Наурыз, береке Наурыз бұл. Сен келгелі маужыраған маң дала да маңғаздана бусанып, ақ тонының түймелерін еріне ағытып жатыр. Ел де мәз-мейрам. Жұрт Наурыз тойын тойлауда.

… Қасыма немеремді ертіп, орталық алаңға қарай аяңдап келемін. Қала бір күннің ішінде құлпырып шыға келгендей. Байқаймын, балам да өз көзіне өзі сенбей келе жатқандай. Көше бойы қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектер, жігіт-желеңдер. Ара-кідік ақ сақалы оқалы шапанының өңірін жапқан ақсақалдар мен ақ кимешегінің желегі жерге жеткен әжелер, егде әйелдер де қалыспай, маң-маң басып көшеге шығыпты. Қарсы кездескендері бір-біріне анадайдан бас шұлғып: «Наурыз құтты болсын!», «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» – деген сияқ­ты тілектерін айтып, төске-төс түйістіріп, мәз бола қалады. Орта жасқа келсем де бұрын мен сирек көретін көрініс. Ал, ұлым үшін естімеген сөздер екенін аңғарып келемін. Ол да ұзақ күттірмеді. Көргендерінің мәнісін сұрай­ бастады.

– Оның реті бар ғой, құлыным, – деп мен де шешіліп кетердей мінез аңғарттым.

– Бұл Наурыз тойының дәстүрі. Сен әлі баласың ғой, бәрін біле бер­мей­сің. Бұрын ел Наурыз тойын ашық той­ла­майтын. Оған рұқсат бермеген. Баяғыда үлкендеріміз Наурыз тойда ат шап­ты­рып, балуан күрестірдік, күміс іліп, теңге ат­тық, қыз қуып, бетінен сүйдік, жұмбақ шешіп біліктілік таныттық, тақпақ айтып сөз жарыстырдық деп отырушы еді.

Енді, міне, сол Наурыз тойы елмен қайыра қауышты. Бүгінгі үлкендер бұрынғылардың дәстүрін тап сол қалпында жасамаса да соның рәсімін жасап, жөн-жоба көрсетуге ниет етіп жатыр ғой қазір. Әлгінде өзің көргендердің бәрі сол дәстүрдің жалғасы. Егер, баршамыз сол әдетті ұстансақ, ежелден бар ескі дәстүріміз қайта туып, қайта жаңғырып кетер еді…

Орталық алаңға жеткенше мен немереме өзімнің білетінімді тәптіштеп айтып бақтым. «Наурыз – табиғаттың мейрамы» деп баға­ла­ған екен Алаштың ардақтылары. Осынау сөзді растағандай, күн де жадырай жайнап, табиғат мүлде құлпырып, түрленіп кетті. Бұл күні «Самарқанның көк тасы жібиді» деп жатады ғой. Сол рас шығар. Сары­арқа­ның сары аязы қысып келген арқамыз жа­зылып, шекемізді күн қыз­дыра бас­тады. Мау­жырап масайрай қалған күн райы қа­тыңқы қабақ атаулыны да ашып, әр көңілдің хо­шын келтірді. Көшеге шық­қандардың бә­рі мырза мінез, бірімен бірі бауыр, туыс болып кеткендей. Ж­аңа көр­гендей бірін бірі бауы­рына басады, бетінен сүйе­ді, ыстық құша­ғы­на алады. Неткен шат кө­ңіл, жайсаң жандар де­сеңші?!

Орталық алаң адам танығысыздай өзгерген. Бір күннің ішінде ақшаңқан кигіз үйлі тұтас бір ауыл көшіп келіп қона қалыпты. Жасаулары бірінен-бірі өткен үйлер көз сүріндіреді. Әр үйдің маңында ақ самауыр қайнап, қазандарда наурыз көже мен қыстан қалған сүрдің буы бұрқырайды. Иісі сонадайдан мұрыныңды жарады. Осының бәрін тамашалап келе жатқан немеремнің жүзі бал-бұл жанып кетіпті.

Енді бір сәтте ауылдың ана бір тұ­сы­нан шыр­қай сал­ған ән ес­тілді. Мен қо­лым­нан ұс­тап келе жатқан немеремді солай қарай бейімдедім. Ән естілген соң, өзі де елегізіп келеді екен, ая­ғын тезірек басып, жү­рісін үдете түскендей болды. Ән бастаған қыздар екен. Күн көзі жадырап, жылуын төгіп тұрған мына Наурыз тойына орай үкілі тақия­ларын киіп, шолпы-моншақ­тарын тағы­нып, желбіреуікті көйлегі жарасып, әркім өз қадір-қасиетіне қарай сән-салтанатын асыра шығып­ты. Ән асқақтап барады. Қы­сыл­май, қым­ты­рыл­май төгіліп жатыр. Толассыз тасқ­ын­да­ған ерке ән талайды тебірентіп, та­лайдың делебесін қоздырды, жастықтың беті қайтпаған бұла күші енді бір сәт дене қимы­лына ұласып, кейбір сылқым қыздар бұрала басып билей жө­не­ліп еді, оған бозба­ла­лары қосылып, одан әрі қыз­дырып әкетті.

Сол күні ел әр үйге кіріп, арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, ақ тілегін білдірді. Нау­рыз көже ішіліп, Наурыз бата беріліп жатты. Тәтті атаулыны күнде жеп шығынған немерем бұл күні қойны-қоны­шын кептірілген құрт-ірімшікке толтырды.

Ұлыс оң болсын, ағайын!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.