Ұшқан құс та ұясына қамқоршы. Ал, біз ше?

20140404-06-5Иә, ұшқан құс пен жүгірген аңның өзі паналайтын ұясы мен мекенін қызғыштай қорып, оның тазалығы мен табиғатын қорғауда шыр-пыры шығатынын талай көріп, оқып та жүрміз.Оқығанын көңілге тоқығандар аз болды ма, қайдам, мақұлықтардың өз ортасына деген қамқорлығын үйрене алмай келеміз-ау.

Мұнымен не айтқысы келіп отыр деулеріңіз бек мүмкін. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді ғой атам қазақ. Айтайын дегеніміз, былтыр ғана жаңғыртудан өткен Кеншілер алаңындағы саяжолға орнатылған жер шамдардың күл-талқаны шығып, ішіндегі жарық шамдарының әлдекімдердің қолында кеткені қынжылмасыңызға қоймады (суретте). Қып-қызыл ақшаға атқарылған жұмыстың бір жылға жетпей аяқ асты болғанына кім кінәлі? Тұрғындардың түнде қыдырып жүргенде табан жолы жарық болсын деген ниетпен қойылған шамдарды да көзге шыққан сүйелдей көріп, талқандап тастаған өзге қаланың адамы емес, әрине, өзіміз. Жергілікті билік жақсылықты жасауын-ақ жасап жатыр. Алайда, сол жақсылыққа жасалған құрметіміз осындай көріністе болғаны өкінішті.

Қалаға сән беріп тұрсын деген ниетпен қойылған дүниелерді шетінен сындыра берсек, ортақ шаңырағымыз қалай көркеймек?

Бұлай бола берсе барымыздан да қағылатын түріміз бар. Неге осы басты алаңдарға құқық қорғау органдарының мамандары бекітіліп, күзетпеске? Қасақана сындырып, бүлдіріп жатқандарды бақылап, жаза қолдану істері мүлде жүргізілмейтін сыңайлы. Бір-екі рет қоғамдық орындағы тәртіпті бұзып, зиян келтіргендерді ел алдында жазалап, шара қолданса мүмкін екінші біреу қайталамас па еді.

Әлгінде айтқан құс пен аңның сана-сезімінен екі аяқты пенденің ой-түйсігінде жер мен көктей айырмашылық бар ғой. Біз осы айырмашылықты кейде бағалай алмай қалатын тәріздіміз.

Аз да болса санасы сергек азаматтар осы жазылғанды ой елегінен өткізіп, елеп-екшеп, қаперіне іліп жүрсе құба-құп болар еді-ау.

Бағдат Қазкенов. Cуреттер автордікі.

Комментарии закрыты.