Ән байқауы

Бүлдіршін әншілеріміздің ән орындау шеберлігі мен дарынын ұштау мақсатында биыл екінші рет Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен аймақтық «Сарыарқа болашағы» халық әндерін орындаушылардың ән байқауы өтті.

Сайысқа қала мектептерінен 6-17 жас аралығындағы оқушылар қатысып, халық әндерін орындаудан сынға түсті. Он екі жас дарын халқымыздың ән өнеріндегі асыл құндылықтарымызға айналған «Бір бала», «Дудар-ай», «Әгугай», «Көкем-ай», «Әриайдай» және т.б әндерді орындады.

20140404-12-1

Ұйымдастырушылардың айту-ынша, бұл ән байқауы былтырғы жылы қала әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынып, алғашқы жылы бұл додаға отыздан аса жас әнші қатысыпты. Биылғы жылғы байқауға ұстаздар тарапынан дайындық аз жүргізілгені қазылар алқасына бірден байқалды. Демеу мен сүйемелдеу болса, талай жастың осы додада бәйге алары анық еді. Алайда, дайындықтың аздығынан болар, көбінің бабы келісе қоймады. Іріктеліп, жүлдеге ұсынылғандардың қатарынан қазылар алқасы ІІІ орынды №1 мектеп-гимназияның оқушысы Әмина Жүсіпова мен №15 орта мектептің оқушысы Аружан Рахметоваға және Ислам мен Ильхам Құдайбергеновтардың дуэтіне тиесілі деп таныды. Ал, ІІ орынның жүлдесіне №7 орта мектептің оқушылары Ақниет Әлімхан және Әдемі Досмағанбетованың өнері лайық болды. Байқаудың І орнын №19 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы Мақсат Майлыбай мен Аделина Мустафина жеңіп алды. Ал, өзінің ән орындау шеберлігін сахнада ысылған әншідей көрсете білген №16 орта мектептің оқушысы Батырбек Кәрім доданың бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Бір қуантарлығы, байқауда өзге ұлт өкілдерінің қазақ әндерін шырқап, қызығушылық танытқандары да болды.

Ұйымдастырушылардың атынан қатысушыларға және жеңімпаздарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Әсем ән әуелеген байқау тағы бір топ жас бүлдіршін әншілеріміздің атын жарыққа шығарды. Енді тек сол жас әншілеріміздің өнері өрлеп, жұлдызы жана берсін демекпіз.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.