«Менің алаңым, тұғырым, мінберім – САХНА»

20140404-04-1Жуырда аймағымызда өткен ақындар айтысына КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов қазылық жасағаны мәлім. Көзі тірісінде «Аңыз адам» атанған дара тұлғамен дидарласудың бұдан өзге сәті қайдан болсын?! Орайын тауып Асанәлі ағамен өмір, өнер, шығармашылық турасында әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Асан-аға, қонақ аз отырып көп сынайды деген, көңіліңізге қаяу түсіріп алған жеріміз болған жоқ па?

– О не дегенің? Қайта екі күн болды үлкен қаланың у-шуынан тынығып, бір серігіп қалдым. Елдің қонақжайлығы өз алдына. Қанаттас жатқан қос қаланың сәулеті келісіп тұр екен. Шағын қала дейтін емес. Өндірістің арқасы шығар. «Мен» дейтін талай қалалардың кеше шаңырағы шайқалып, содан тұрып кете алмай жатыр ғой.

Жалпы Жезқазған-Ұлытау өңірі бұрын-соңды келмей жүрген жеріміз емес қой. Талай келіп дәм татқан, үлкендеріне сәлем берген, тарихи орындарын аралаған жер. Енді, міне, сол өлкеге аламан айтыстың арқасында тағы келіп, даласындай дархан жұртымен дидарласып жатырмыз. Айтыстың өзі қандай?! Бұрын-соңды мұндай айтыс өтпеп еді. Сендерді қайдам, өзім бір рахаттанып қалдым. Мен өзім 1984 жылдан бері айтыстан қол үзгенім жоқ. Біздің қазаққа ғана тән өнер ғой бұл. Бүкіл театр, бүкіл өнердің басы – осы айтыс. Қазір мектеп оқушылары арасынан айтыс ақындары шығып жатыр. Қанымызда бар нәрсе ғой.

Ал, енді халықтың мәдениеті жоғары екен. Талай жерде болып жүрміз. Әсіресе осындай айтыс кезінде даңғаза айқай мен дау-дамай болып жататын кездер де аз емес. Бұл жерден мен мұның бірін де көрмедім. Ақындарын алаламай, қошеметін көрсетіп отырды. Мұның өзі көрегенділік.

– Көрегенділік дегеннен шығады, бүгінде сексеннің сеңгеріне де келіп қалыпсыз. Көзбен көріп, көңілге түйгендеріңіз мол шығар. Ойыңызбен бөліссеңіз.

– Бұл өзі жауап беруге қиындау сұрақ екен. Әр адамның өз өмірі, өзінің сол өмірге көзқарасы болады ғой. Сенің ол көзқарасыңды біреу құптар, біреу құптамас…

Бүгінде жасым 77-ге келді, өнердегі жасаған еңбегімнің жемісін көріп жүрмін, әлі де талай жұмысты атқарсам деймін. Адам қай дәуірде де, қай жасында да өзіне тән еңбекпен айналысып, өмірін қызықты да мағыналы етіп өткізуі керек. Жастықтың өзінің білместігі, қателігі де болады, оны қазір қарап отырып көресің, кинода да кейбір сәттерді былай жасау керек еді деп ойлайсың, ол кезде адамға шеберлік пен көрегендік жетісе бермейді ғой. Мәселен, сахнадан айтылған сөздің жалаң текстін ғана емес, астарын ұқтыру, көрерменге айтылған сөздің мағынасын жеткізу дегенге көңіл бөлудемін. Драматургияның маңызы мен қиыншылығы да осында деп білемін. Ұлы драматургтердің шығармаларының ұлы болуы да осы сөздің астарына байланысты. Шекспир мен Әуезов шығармаларының өмірі неге ұзақ, бұл осыдан, яғни әр заманға айтары болғандықтан.

Бұл өмірден көргеніміз де баршылық, білетініміз де бар аздап, үйренетін жастар болса үйретерім де жетеді.

– «Жастар» деп қалдыңыз. Білетіндер сізді жастарды көп сынға алады деп жүр. Ол сыныңызды жастар қалай қабылдауда?

– Әркім әр түрлі қабылдайды. Бірақ, дені жақсы қабылдайтын сыңайлы. Өйткені, бетіме келгендері болған емес. Ал, мен оларды сынағанда жаман бол­сын деп сынамаймын ғой, кері­сін­ше, жақсы болсын, жігерленсін, тәлім ал­сын, намыстансын, тырыссын деп ай­тамын. Әр жерде сын болсын, ақыл-кеңес болсын, өзімнің ашық көз­қа­расымды айтып, пікірімді білдіріп жүр­мін.

Бүгінгі жас­тар содан үлгі ала отырып, сол кезеңнің жақ­сылығын өзіне сіңіре отырып, сол ке­зеңнің патриоттық сезімімен қоректене отырып, өз бағытын дамыта бер­се оған кім сыншы? Кім оған бұ­ның бұрыс дейді? Өйткені, мұның бәрі кез-келген адамға керек табиғи құн­дылық. Менікі жастар осы жағын ұмытпай өссе деген арман ғана. Сын жастарды өсіреді, намысын жаниды. Олар сахнадағы әде­мілік пен шынайы өмірдегі сұлу­лы­ғын қатар алып жүрсе қандай сал­та­натты көрінер еді. Мұның бәрі ша­ла-шарпы, елтең-селтеңмен кететін жас­тарға сабақ болсын деген сөзім.

– Агрономдық оқуға тапсырып жатқанда Асқар Тоқпановтың шақыруымен, Ахмет Жұбановтың ұсынысымен өнерге келдім дегенді жиі айтасыз, ал өзіңіз осы ағаларыңыз сияқты біреулердің өнерге келуіне ықпал ете алдыңыз ба?

– Қолынан жетектеп, өнерге кел деп шақырған ешкімім жоқ, бірақ, маған еліктеп өнерге келгендердің өзіне менің ықпалым болды деп есептеймін. Олардың маңдайында «дарынды» деген жазуы жоқ қой, кімнің кім болатынын қайдан білемін, кейді тіпті келген балаларды актерлікке түсіріп жіберуге обалына қаламын ба деп те қорқамын. Ал, оқуын бітіріп, театрға келген балаларға, «дұрыс жүр, сенің болашағың бар, жолдан тайма» дегендей ақылымды айтып, бағдар беріп жүремін, ондай жігіттер бар, Құдайға шүкір.

Театрда жастармен жұмыс істеймін. Өнер академиясында актерлық курсым бар. Сонда жастарға дәріс оқимын. Сол арқылы да талабы бар жастарды тәрбиелеп, үлкен өнер жолына салып отырмын дей аламын.

– Өзіңіз сомдаған көп рөлдеріңіздің қайсысы жаныңызға жақын, ұқсастығы бар?

– Ондай кейіпкерлерім аз емес. Мәселен, Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елде» шығармасындағы Асан деген ақын жігіттің образы жаныма жақындау. Сосын жан-жағындағылар көре алмаушылықтан өлтірген Юлий Цезарь, «Атаманның ақырындағы» Шадияров, «Қыз Жібектегі» Бекежан. Ал, соңғы ойнаған «Ымырттағы махаббат» қойылымындағы Клаузеннің өмірі менің кейінгі өміріме келіңкірейді.

Өзің кеше байқадың, айтыс ақындары маған «Бекежан» деп сөз арнап жатыр. Мен оны жағымсыз емес, керісінше жағымды кейіпкер етіп, өмірге жақындатып көрсетуге тырыстым. Бәленің бәрі қызғаныштан туады ғой, қандай қазаққа да намыс қымбат, намысына тиген соң, ол да ет пен жүректің иесі, сондықтан Бекежан осындай жолға баруға бел байлады, мен оны жаман адам деп айта алмаймын.

– Сізді ел тек бас кейіпкердің образында көріп, танып келеді. Мұның қандай да бір себебі бар ма?

– Мені бірден басты рөлде ойнаған деп ойлау мүлдем қате түсінік. Мен алғаш бастаған уақытта көпшілік сахнада да жүрдім, екінші рөлдерді ойнаған да кездерім болды, басты кейіпкерді сомдау кейін жүре келе, шеберлігің арқылы көзге түскен соң барып келеді ғой. Режиссер мен театр дирекциясы қойылымды сахналар алдында ойласады ғой, образды ойдағыдай алып шығатын актер оларға да керек, осы арқылы спектакльдің де абыройы артады.

Ал, енді, рөлге келер болсақ, оның әрқайсының жауапкершілігі бар, мәселен мен «Қыз Жібек», «Атаманның ақырынан» кейін көрерменімді жоғалтпайын деп кішігірім рөлдерге бармайтын болдым. Себебі, көрермен тиын-тебен үшін барды ма деп ойлап қалуы мүмкін.

Жалпы, өнерде ғана емес, қай саланы алсаң да кездейсоқ келіп қалған адамдар болады, тіпті кейбірі үлкен атақ-дәрежеге қол жеткізіп жатады, бірақ, оның өнері мен таланты шектеулі. Ал туабітті талантты адам талантты болып өмірге келген соң қай салаға барса да сол саладан академик болып шығады. Бригадирлікке кездейсоқ келіп, жұмыс істеп кетуге болады, ал актер, дәрігер деген мамандықтар кездейсоқтықты кешірмейді.

– Кешегі «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» сынды тамаша дүниелерді өмірге әкелген «Қазақфильмнің» бүгінгі деңгейі нешік? Жаңадан түсіріліп жатқан кино­лар­ға деген көзқарасыңыз қан­дай, көңіліңіз то­ла ма?

– Әр заманның өз киносы бар. Әлгінде айтқан фильмдерің «Алтын кезеңнің» туындылары. Ондай алтын кезең кинода ғана емес, өнерде де, мәдениет пен әдебиетте де болды.

Әр нәрсенің бір көтеріліп, сосын құлдырар кезеңі де болады. Егер бәрі бір қалыпта тұрса, өмірдің де мәні басқаша болар ма еді. Бірақ, бәрі қалпына келеді. Әлі көтерілетін, биіктейтін кезеңдер бар алда. Ал, бүгінгі киноға келсек, бұл кезең өзі  экшн жанрының өркендеген, киноның азған-тозған, пах-пухқа құрылған уақыты болды. Америка одан баяғыда өтіп кетті. Біздің жастардың бүгінгі талғамы да осы болып тұр. Оларды кинотеатрға алып барып «Қыз Жібекті» көрсетші, біраздан соң залдан шығып кетеді. Оған басы жоқ, аяғы жоқ фильмдерді көрсетсек отыра береді.

– Осының бәрін пайымдап, таразылайтын көрермен талғамы өзгерді дей­сіз бе сонда?

– Иә, мысалы, опера мен эстрада қа­тар таңдалса, қазір опера қажет бол­май қалады. Бұл жерде мен еш­кімге өкпе артып отыр­ған жоқпын, жал­пыхалықтық талғам дең­гейін ғана са­лыстырып айтып отыр­мын. «Шан­шар», «Алдараспан» де­гендер кон­церт берсе, бүгін халық қы­рылып, есік сындырып кіретін дә­режеге жетті. Ал драмалық өнерде мық­ты актерлардың ойынын сол са­райға қойсаң, онда сен сол алдыңғы бір бес қатарды ғана әзер толтыруың мүм­кін.

– Жығылғанға жұдырық болғандай, сол мәдениет өкілдерінің әлеу­мет­тік жағдайының өзі мәз емес. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

– Бұған менің жаным ауырады, ет жүрегім езіледі. Қазір актердің қадір-қасиеті қалмай барады. Бұрын қазақ өнер адамын алақанына салып жү­ре­тін. Біздің елдің байлығы басы алтынға пара-пар азаматтарын ұлық­тауға емес, тек баюға ғана кетіп жа­тыр, өнерге аударылатын ақша итке сүйек тастағанның ғана кебінде. Егер де ертеңін ойлайтын ел билігі өнерге көңіл аудармаса, оған үлкен жағдай жасамаса, өнер ешқашан өспейді. Неге бүгінгі әртістер халтурамен ай­налысып кетті дейсің, айлығы шай­лығына жетпегеннен кейін, әрине. Әйт­песе сол таланттың әр жерден жыл­тыңдай беруі өзіне ұнайды дейсің бе?

– Соңғы сауал, сіз қолыңызға қалам алып, бірнеше кітаптардың авторы атанып та отырсыз. Бұл хоббиіңіз бе?

– Мен жазушы емеспін. Жазуда тіп­ті шаруам жоқ дер едім. Бірдеме түрт­сем, ол өзім үшін ғана. Әңгіменің басында өзің айтқан көзбен көріп, көкейге түйген нәрселерді қағазға түсірдім. Оның өзінде ол «дүниелердің» жарыққа шығатыны бар, шықпай сол қолжазба күйінде қалатындары бар. Осыған қарап бәзбіреулер «Әртістік, ұстаздықтан бөлек, қо­лыңызға қалам алып, жазушы­лық­пен де айналысып жүрсіз бе?» деп сұрап жатады. Мен өнердің адамымын. Менің алаңым, тұғырым, мінберім – сахна. Бар ойымды, өнерімді халық қол­даса, қол соқса, маған одан ар­тық сый­лық­тың керегі жоқ. Бұл ештеңемен баға­лан­бай­тын құрмет.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.