БАТАНЫ қалай беріп жүрміз?

Жуырда мынадай бір келеңсіз оқиғаның куәсі болдым. Бір танысымыз шеке берді. Құдаға бас ұстатып, бата сұрағанда әжептәуір жасқа келген азамат: Қазаныңда май қайнасын, Шәйнегіңде шай қайнасын. Түрікпен төріңде тайраңдасын…. деп төгілте жөнелді.

Әрине, ол жерде ешкім ештеңе аңдамаған сияқты еді. Алайда, дастархан жиналғаннан кейін, оңашалап үй иесі: «Жаңағы құданың «Түрікпен төріңде тайраңдасын» деген тілегін қалай түсінуге болады?» деп, кәдімгідей ренжіді. Біз де бұған «Қате жаттаған болар, әйтпесе, құданың ниеті түзу ғой» дегеннен басқа жұбатарлық жауап таба алмадық…

Кешегі кеңес заманында көпшілігіміз ас қайырмай-ақ дастархан басынан тұра жөнелетін күй кештік. Үлкендер жиналған жерде болмаса, бата беру ұмытылды. Еліміздің тәуелсіздік алуымен, сол ұмытыла бастаған ұлттық салт-дәстүрлеріміз қайтып оралды. Енді дастархан жайылған жерден бата рәсімін жасамай тұрмайтын болдық. Бұл жақсы, әрине. Бірақ, ниет түзу болғанмен, бата беруді бәріміз бірдей және меңгеріп ала қоймағанымызды ашық айтқан жөн. Бір қарағанда жеңіл сияқты көрінгенмен, мұның да өзіндік қиыншылығы, жауапкершілігі бар екен.

Қазақ дәстүрі бойынша батаны сол дастархан басындағы жасы үлкен адам береді. Кейде ретіне қарай жолы үлкен – құда, нағашы, қадірлі қонақ та бере береді. Әркім білгенін айтады. Бір жақсысы, қазір бұрынғы қазақтардың ақ батасы күнделікті баспасөз беттерінде де, кітапша түрінде де көп басылып шықты. Біраз жұрт осылардан жаттаған баталарын айтып жүр. Талғаммен екшеп алса, ата-бабаларымыздың баталары көпшіліктің тілегінен шығады. Өкініштісі, көп жағдайда олай бола бермейді. Мән-мағынасын түсінбей жаттайды, не қайсы бір жолдарын қате айтады. Жоғарыда айтқан өрескел жағдай соның көрінісі.

Қазақ – ақын халық (қазіргі қазақты айтып отырғанымыз жоқ), батаны түрлі қуанышты жағдайға, жайылған дастарханның ретіне қарай түрлендіріп бере білген. Үйлену, қыз ұзату, шілдехана, бесік тойларының, құда-жекжатты құрметтеу дастархандарының батасы бір бөлек. Құдайы, астарда айтылатын бата-тілегі өз алдына басқаша. Бүгінгі дастархан басындағы адамдар мұны ескере бермейді. Жаттап алған батасын торқалы тойда да, топырақты өлімде де ретсіз шұбыртып тұрады. Сол себепті ірі тойлар мен құдайы, аста бата беретін адамды жасына ғана емес, оның көкірек көзінің ашықтығына да қарай лайықтаған дұрыс сияқты. Жасы үлкен болғанмен, ол адам бата беруге келгенде мүлде мақұрым, не шорқақ болуы мүмкін ғой.

Әрине, біз арамызда батаны орын-орнымен тәуірлеп беретін сұңғыла адамдар жоқ деген ойдан аулақпыз. Ел іші – кеніш, ондай азаматтар да жеткілікті. Біздің айтпақ ойымыз бата білмейтіндерге ғана қатысты. Тіпті, олардың өзін де неге бата білмейсің деп айыптаудан аулақпыз. Әркімнің қабілет-қарымы әрқилы, жанынан бата шығарып айту бүгінгі кез келген қазақтың қолынан келе бермейтінін де білеміз. Ол адам орысша оқыған болуы да мүмкін. Мұндай азаматтарға баспа бетін көрген батаның өзін талғаммен жаттап, ретті жерінде айтудың өзі үлкен жетістік. Әр жағдайлардың бәріне де ортақтық танытып, ыңғайланып тұратын баталар болады. Мәселен, ғаламтордан алған мына бір батаны осыған жатқызғым келеді. Өкінішке орай авторы жазылмапты.

 

Алла бергенінен танбасын,

Өсе берсін мал басың,

Көбейе берсін жан-басың,

Досыңның кеулі қалмасын,

Көңілің көкке самғасын.

Алабота баспасын

Атамекен қордасын.

Жалпақ жатқан жайлауға

Басқа жұрт келіп қонбасын.

Тыныштық болсын жамағат,

Бейбітшілік орнасын.

Тіккен туы қазақтың

Күнге сәлем жолдасын!

Қапа болып қария

Қалың ойға шомбасын.

Бесіктегі сәбидің

Бақайшағы тоңбасын.

Маужырап тұрған дүние,

Апыр-топыр болмасын.

Жау жағадан алмасын,

Бөрі етектен шалмасын.

Топ бастаған азамат,

Өрге тартсын арбасын.

Ынтымақты кім бұзса,

Халық соны қарғасын.

Жаңбыр жауып тамшыдан

Дария толсын қаңсыған.

 

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.