Қалыңьалдың әдебі мен әлегі

Қыз – болашақ ана, қыз – үлкен бір әулеттің терең тамыры. Нәзік жандылардың жаны қырық шырақты деп те айтамыз. Оларды тал бесіктен үлкен өмірге дейін дайындау ата-ананың парызы. Бабаларымыз қыз баланың тәрбиесіне тәптіштеп түсінік берген. Қазақтың сөздік қорында қыз ғұмырын айшықтайтын көптеген өнегелі өсиет пен мағыналы пәлсапа жетерлік. «Қызға қырық үйден тыю», «Қыз мұраты – кету» деп бекер айтпаса керек.

Естімеген елде көп, жақында жаға ұстарлық жайттың куәсі болдым. Жасы келсе де тұрмыс құра қоймаған бір бойжеткен тезірек отау тіксем, жігіттің қалыңмалға берген ақшасын алған бойда кетіп қалсам қайтеді деп жоспар құрып жағасы жайлауда отыр.

Салт-дәстүрді қастерлеудің орнына бей-берекетсіздігіміздің кесірінен құнын төмендетіп алған жоқпыз ба осы? Оны түйсікпен қабылдап, ой таразысына салар болсақ, талқыламақ былай тұрсын, қасиетті ұғым ретінде мойындамайтын дүниеқоңыздыққа салынған пенделер қатары артып барады. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ топырағында қыз баласының ар-абыройы бірінші кезекте еді. Замананың көзге көрінбей бастау алып келе жатқан әлегі дүрбелеңге салмаса игі еді. Бүгін тұрмыс құрып, қалыңмалын өтеткен бойда тайып тұруды әбестік деп санамайтындар бар. Сана-сезіміміздің өресі осыншалықты төмендейтіндей не күн туды басымызға? Екі жүз елу мың теңгеге бола бәске қойған тәннің осыдан кейін құны қалды ма?.. Өзгенің құқын аяқ асты етіп, келесі өмірде шалқып өмір сүрем деу бекершілік. Ең әуелі бас пайданы құнттамай дәстүрдің киесінен қорқу керек шығар.

Қазақ діні мен дәстүрін бөле жармаған. Қалыңмалды келін түсірген жұрт қыздың пұлы ретінде шама-шарқы келгенше өтеген. Мұны жаңа түскен келіннің ата-анасына қызды бағып-қаққаны үшін ыстық ықылас білдіру деп бағалаған. Әрине, қазір барын асыра пайдаланатындар мен барын жоққа балап, қалыңмал өтеу бізде жоқ деушілер көп. Десек те, ықылым заманнан бергі қазақтың салтындағы қалыңмал төрт түліктің, яғни төрт малдың құнымен сараланған. Нарық заманында тыраштанып несие алып, қатардан қалмаудың да қамын ойластырып қойғамыз. «Байдың асын байғұс қызғанады» демекші, қалта қарап, пұл санаудан аулақпыз.

Ал, әлгіндей басқаның мүлкімен байып кетемін деу адасқанның әлегі емес пе?.. Дәстүрдің өзіне тән әдебі, өзіне тән орындау шарттары бар. Салт-дәстүр тұтас бір ұлт пен ұлыстың айнасы, қалыңмал – дәстүр сабақтастығы.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.