Болсайшы ағалардың бәрі осындай

20140418-06-1Сұлтан Хасенұлы Әменов кім? Бұл сұраққа нақтылы жауап беру үшін оның өмірбаяндық деректеріне қысқаша шолу жасау керек. Ол – майдангер. 1942 жылы 18 жасында майданға аттанып, елге 1948 жылы оралған. Ондаған медальдарын айтпағанда, бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері. Бейбіт еңбек майданындағы ерлігі үшін екі рет «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. СОКП 23 съезінің делегаты, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1965-1967 жылдары Жезді аудандық партия комитетінің І-ші хатшысы. 1973-1984 жылдар аралығында Жезқазған облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, жоспарлау бөлімінің бастығы.

Бұрынғы Жезқазған облысында жаңадан «Сәтбаев», «Жетіқоңыр», «Промышленный», «Терісаққан», «Егінді» сияқты іргелі шаруашылықтардың ашылуына тікелей араласқан білікті басшы. Қала іргесіндегі «Талап», «Кеңгір», «Промышленный» совхоздарының экономикалық әлеуетін дамыту, қала тұрғындарын көкөніс, жеміс-жидекпен, етпен, сүтпен, жұмыртқамен үзіліссіз қамтамасыз етуге үлкен үлес қосқан майталман маман, білікті басшы. 10 жылдай соғыс және еңбек ардагерлері Жезқазған облыстық кеңесінің төрағасы болған. Бір сөзбен айтқанда, С.Әменов қарапайым адам, айтулы азамат, ардақты ардагер, дара тұлға! Осындай абзал жанға Жезқазған қаласында оның атындағы көшеде орнатылған мүсінге гүл шоғын қойып, тағзым етіп, оны еске алатын тарихи күнді жақындату бүгінгі билік тізгінін ұстап отырған азаматтарға әрі өтініш, әрі аманат, әрі сын.

Сұлтан Хасенұлы Әменовтің парасатты партиялығы, білікті басшылығы туралы оның әріптестері әңгімелей жатар, ал мен ол кісінің бойындағы қарапайымдылық, адамгершілік қасиеттері туралы, адами өмірдегі келісті келбеті жайында өз білгенімше айтып көрейін.

Біз Жездідеміз. Сұлтан Хасенұлы қайта құрылған Жезді аудандық партия комитетінде бірінші хатшы. Мен аудандық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшымын. Редакторымыз – Ишанбек Жауыртаев. Редакцияның ішкі жұмыстары – келесі шығатын газеттің макетін жасау, материалдарды орналастыру, тілшілер жазған мақалаларды өңдеу, баспахана мен арадағы «елшілік» жұмыстарының бәрі менің мойнымда. Редактор бюро, пленум, исполком, сессия деп жүгіріп жүргенде, әлгі жұмыстарға қолы да тие бермейді. Сондай бір қым-қуыт күйбеңмен, былайша айтқанда сіңбіруге мұршам болмай жүрген күндердің бірінде редакторымыз Ишанбек Жауыртаев:

Бірінші хатшы тілші сұрап отыр. Мына іргеміздегі «Өрнек» бөлімшесіне барып қайтпақ. Соған сен барасың, – деді бұйрық райда.

«Жұмыста тұрыс жоқ» деген. Жеделдетіп райкомға жетсем, Сұлтан Хасенұлы мен шоферы Сағынтай екеуі мені күтіп тұр екен. Аудан орталығынан 18 шақырым жердегі фермаға тартып кеттік.

Жолай бірінші хатшы байыппен сұрақ бере отырып, менің өмірбаянымды, жай-жапсарымды әбден біліп алды.

– Жалғызбын дедің ғой. Ерте үйлену себебің де содан шығар. Қарт ата-анамды бағып-қақсам ба дейсің ғой, шамасы. Ол ойың дұрыс. Енді ана сырттай оқуыңды бітіріп ал, біз сені партия қатарына аламыз. Одан арғысын уақыт көрсетер, – деп бірінші хатшы маған қамқорлық жасауға әрқашан әзір екенін де әңгіме арасында айтып кетті.

«Өрнекке» әп-сәтте жетіп келдік. Бірінші хатшыны совхоз директоры, партком секретары, ферма меңгерушісі, мамандар, малшылар күтіп тұр екен. Біз бірден шаруашылықты аралауға кірісіп кеттік. Күтушілердің біреуі дастархан мәзірін айтты-ау деймін, Сұлтекең:

– Шай ішуге келгеніміз жоқ, – деп қысқа қайырды.

Әсірелеп айтқанда, ұзындығы атшаптырым арқалы қораны аралап келеміз.

– Мына бұзаулар тұратын қоршауды қораның күнгей жағына орнату керек еді ғой. Жас төл тоңғақ келеді. Ал тоңған төл ауырғыш, солай емес пе, дегенде аналардың бәрі бас шұлғып қалды.

– Сұлтан Хасенович, айтқаныңызды қазірден бастап орындаймын, – деді күні бойы басқаларға қарағанда бірінші хатшымен сөйлесуге ерекше икемделіп жүрген қара тоңды, дембелше, қолына қағаз, қаламын ыңғайлап ұстап, хатшының аузынан шыққан ұсыныстарды қалт жібермей жазып алып жүрген ферма меңгерушісі Ж.Түсіпов.

– Шелектерің неге кір? Жаңа шелектер алған жоқсыңдар ма? Ол қайда? Сауыншыларға деп ақ халат бөлдіріп едік қой. Сіздерге әлі жеткен жоқ па? Бақташылардың жұмыс киімі қайда?

Әлгі сұрақтар жауапсыз қалды. Шаруашылық мамандары басшыларға қарайды, ал олардың иығы түсіп кеткен. Енді бірде хатшы әңгіме желісін малға берілетін жем-шөптің рационына қарай бұрды. Сауын сиырға күніне қанша келі шөп берілуі қажет? Жем қанша? Неше рет суару керек? Ол талап орындалмаған жағдайда сиыр сүт бере ме? «Сиырдың сүті – тілінде» демей ме қазақ. Малдың жатар орнына маңыз беріңіздер. «Жатын орны – жарты құрсақ» деген де бұрынғылар. Малдың қарны шөпке тойғанымен, жатын орны жайсыз болса күйі болмайды. Күйсіз малдан өнім де аз алынады. Малдың қиын қораның іргесіне үйе салмай, аулаққа апарып төкпейсіздер ме? «Ауласы тазаның – ауасы таза» деген емес пе? Ол өздеріңізге де жақсы ғой.

Осындай әңгімелер айтылып жатқанда менің бір байқағаным, шеткерілеу тұрған егделеу сауыншы апай хатшының нұсқауларына риза болғандай айызы қанып, мыналарға әлі де айта түссе екен деп, ауыл басшыларын көзімен атып тұрды. Совхоз басшылары иығы түсіп, үнсіз тыңдап жүр. Ферма меңгерушісі қойын дәптерінің келесі парағын қайырып, әлі жазып жатыр. Құлақшыны бір қолында. Маңдайы тершіп, қысылып-ақ жүр, енді қайтсін.

Біз атқа қонып, аттанып кеттік. Редакцияға келісімен, бағана сапарға кеткенде өзім дайындап кеткен газеттің бірінші бетіндегі бос орынға «Самарқаулық сан соқтырады» деген көлемді мақаламды салып жібердім. Ертең – бейсенбі, газет шығатын күн. Мақала бірінші хатшының қолына жедел тиеді.

Ертеңіне баспаханада дағдылы күйбеңмен жүрген мені редакторымыз Ишанбек Жауыртаевтың өзі іздеп келді. Жайшылықта хатшы қызды жіберіп, шақыртып алатын редактордың өзі келуіне қарағанда шұғыл шаруасы болғаны.

– Бала, не бүлдірдің? Бірінші хатшы сені жедел жетсін деп жатыр. Тез, бар, – деді Ишекең.

Бәсе «не бүлдірдім?» деген сұрақты жолай менде өзіме қоя бастадым. Редакция мен райком арасы әудем жер. Аяғым олай қарай басқысы келмейді. Онсыз да мазасыз көңілімді хатшы қыздың:

– Сіз күттіріп қойдыңыз ғой. Сұлтан Хасенович ешкімді қабылдамай, Сізді күтіп отыр, – деген сөздері одан сайын жабырқатып кетті.

Бірінші хатшының анағұрлым кең кабинетіне жасқана кірген мені Сұлтан Хасенұлы жазу столынан тұрып, тек өзіне ғана тән табиғи жымия күлген қалпы, құшақ жая қарсы алды.

– Коба, ты оказывается оперативный журналист, – деді ол орысша сөйлеп. Кейін білдім, сөзінің бастапқы сөйлемін орысша бастау бұл кісінің дағдысы екен.

Әңгімені қысқарта айтқанда, менің жазғаным хатшының көңілінен шығыпты. Ол риясыз көңілімен маған ырза екендігін айтып, арқамнан қақты. Мен марқайып қалдым. Біз келесі сапарымызда «Пионер» бөлімшесіне, енді бірде «Комсомол» қыстақтарына сапарлап, газет бетінде бірнеше проблема көтеріп тастадық. Сұлтекең мені кете-кеткенше «Коба» деп кетті. Мен ол кісіні еркінсіп, Сұлтан аға деуге машықтана бастадым.

Сұлтан ағамен аңға шығудың өзі бір хикая. Ғажап! Қасқыр қуғанда шоферы Сағынтайдың да, бастығының да көздері қанталап кетеді. Машина сынады-ау, адам майып болады-ау деген екеуінің де қаперіне кірмейді. Өздерін де, жол серіктері мені де ұмытып кетеді. Сұлтан ағадан оңашалау сәтте Сағынтайға:

– Мына жүріспен машинаны құртасың ғой, – десем:

– Райком тұрғанда «сельхоз­тех­никадағы» сайман менікі емес пе, – дейді Сағынтай сеніммен.

Қаншама сапарлас болғанда Сұлтан ағаның сол Сағынтайға «ақырын жүр», «байқа» деп нұсқау бергенін бір де бір рет естіген емеспін. Бұл, әрине, сабырлылық.

Киік атып алсақ, Сағынтай оны союға кіріскенде Сұлтан аға қоржын-қолабасын аша бастайды. Ішінде не керектің бәрі болады.

– Ананы неге ашпайсың, – дейді аңтарылып тұрған маған ақмойынды иегімен нұсқап, – жұмыста тұрыс жоқ, Коба. «Кемедегінің жаны бір». Аңшы – табиғатпен егіз, желмен жел, жаңбырмен жаңбыр, қармен қар болып кету керек. Аңшылықта мен хатшымын, сен тілшісің деген жоқ. Бәріміз бір кісідейміз.

Сұлтан ағаның осындай еркелете отырып емеурін танытқанын айтқызбай ұғатын дәрежеге мен де жете бастадым.

Аңшы ағаның қоржынында бірнеше термос болады. Бірінде – ащы борщ, екіншісінде – қою қара шай. Шайдың өзіне тән табиғи аромат дәмі кетеді деп, оған сүт те қатпайтын, қант та салмайтын. Сұлтан ағаның шағыл құмның арасында жүріп, қараңғы түнде жөн тапқыш қасиеті де бар еді.

Сұлтан Хасенұлының мейлінше қарапайымдылығы, өзімен сапарлас адаммен терезесі тең сөйлесе кететін адамгершілігі туралы тағы бір мысал айтайын.

Ұмытпасам, 1976 жылдың жазы. Мен кезекті еңбек демалысына шығып, отбасы-бала-шағаммен бірге «Бүгіл» жайлауындағы ағалар ауылында қыдырып жүргем. Мұнда менің Мейрам, Мүгір, Тапай, Әбілқас, Жұман, Уәлішер, Олжабай ағаларымның ақшаңқан үйлері қатар түзеп, үлкен ауыл болып отыр. Біріне түстенеміз, біріне қонамыз. Ол да бір қызық кез еді ғой, шіркін! Сондай күндердің бірінде әлгі ауылға төрт бірдей «УАЗ» келіп, атбасын Мекең – Мейрам Жақаевтың үйіне тіреді. Артынша-ақ ауылдан жырақтау жерде балық аулап жүрген мені шақырушы бала да жетті. Келсем, жолаушы қонақтар ылғи ығай да сығай. Жасы да, қызметі де үлкені облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Сұлтан Хасенұлы Әменов, келесісі аудандық ауылшаруышылқ басқармасының бастығы Рүстем Бекетов, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Белгібай Қапанов, совхоз директоры Ереже Шоланов. Шеттерінен ірілер. Солардың ішінде отардың ортасындағы серкедей болып, Сұлтан ағам ерекше көрінеді.

Әңгімені қысқарта айтайын, шілденің соңғы күндеріндегі жанға жайлы жайма-шуақ самалмен отырып, шопан үйінде түннің түндігін түре қонақтар іргесі ашық ақ ордада тыныстап жатыр. Біз осы ауылдың тумасы екенімізді білдіріп, тыста ұйықтап жатқанбыз. Біреу иығымнан түртеді, қарасам – Сұлтан ағам. Таң қылаң бере бастапты. Шығыс жақ құлан иектеніп келеді. Сұлтекең үндеме дегендей ым қақты да, үйдің іргесіндегі «Бүгілдің» шұңғыл қарасуына қарай аяңдап барады.

– Отпускник деген мұндайда ұйықтай ма екен. Қармағыңды алып кел, балық аулайық, – деді Сұлтекең, үйден желбегей жамылып шыққан костюмін киіп жатып.

– Сұлтан аға, бұл өзенде балық қаппайды, – дедім. Қармақ салудан мезі болғанымды айтып. Елеусіздеу жерге лақтырып тастаған қармақты әрең таптым. Қысқасы, қармаққа шаншатын қамыр, түннен қалған кесек ет те әкелдім.

– Ақбалық, қармағыма қап балық, – деп Сұлтекең қармақты жағадан әрігірек, құрық жетер жерге құлаштап лақтырғаны сол еді, міне, ғажап, қарыстай ақбалық шоршып алдымызға түсті.

– Қаппайды. Қаппағанды көрсетемін саған, – деп қармағын оңтайлап ұстап тұрды да, Сұлтан аға:

– Ана қоғаның арасында балшыққа тыққаныңды әкел енді, – деді.

Түсіне қойдым. Алғаш атып алған аңды атап өту керек деген қағида бар. Балшыққа тыққан шыным жоқ. Мен үйге қарай жүгірейін деп жатыр едім:

– Тұра тұр, – деді Сұлтекең. – Сен Сағынтайды оят. Елді дүрліктіріп алма. Оған мән-жайды айтсаң, басқасын өзі үлгертеді, – деді ақырын дыбыстап.

Сағынтай да сергек жатыр екен. Ұстазының тапсырмасын қалт жібермейтін қағілез қара бала бәшпайының басымен ақырын жүріп, бәрін жайғастырды. Жол жүруге әбден сыралғы болып қалған Сағынтай балықты аршу, картоп тазалау, қазан көтеру, сорпаның тұздығын жасау секілді жұмыстарды жымдастырып жіберді.

– Балық қаппайды дегенше, балық қаптайды демейсің бе. Қармақ салудың да өз мерзімі болады. Таң біліне тұнық суға салған қармақ құр қайтпайды, – деп түсіндіріп жатыр Сұлтан ағам.

Сұлтан Хасенұлымен одан кейін де бірнеше рет сапарлас болғаным бар. Жезді ауданы шопандарының Ақкеңседе өтетін дәстүрлі күзгі тойына барып, сонда бір қасқыр аулаудың қызығын көрдік. Сұлтекеңнің кеме капитандары ғана ұстайтын жалғыз көзді дүрбісімен айналаны аңда-санда бір шолып алып, құм ішін аралағанымыз, үш қасқыр, бір текені қанжығамызға байлап, оларды атап өтіп, қалың сексеуілдің арасында жас алшақтығына қарамай замандастарша сырласқан, әзіл-қалжың айтқан кездер бүгінде ертегі кино лентасындағыдай көңілде көлбеңдейді. Ағаны сағынасың. Қарағандыға көшерінің алдында:

– Коба, сен менің коттеджімді сатып алып қал. Білдей комбинаттың баспасөз орталығында бастық емессің бе, үлкендеріңе айтсаң, түсінер, – деп еді-ау, қайран аға.

Ол кісі дұрыс айтады. Комбинат басшылығы түсінетін де еді. Табиғатымдағы ынжықтық ондай қадамға барғызбады. Әйтпесе, осы естелігімді Сұлтан ағаның өз шаңырағында отырып жазбас па едім. Өкінемін, әрине!

Жасы да, қызметі де үлкен бола тұра өз қатарындай қанатының астына алып, білегімнен қыса ұстаған күйі біраз жерге дейін ұзатып салатын қайран аға жоқ енді. Жаңа біліп келемін, ұлылықтың өзі қарапайымдылық екен ғой. «Болсайшы ағалардың бәрі осындай» деймін ішім ұлып. Жезқазғанда Сұлтан Хасенұлы Әменовке бір көшенің аты берілуге байланысты ұсыныс хатқа қол қойғаныма мәзбін. Өмір деген сол, шаңырағына барып көңіл айтуға жарамаған бізден не қайыр! Қолымнан бар келгені ағаның әруағына құран бағыштап, оған иман тілеймін.

Көбейсін Еңсебаев, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.