БИШІ де бар, КҮЙШІ де бар МЕКТЕПТЕ

20140418-05-2-120140418-05-2-2«Ел іші – өнер кеніші» көркемөнерпаздар фестивалі аясында өнер додасын өткен аптада Жезқазған кентіндегі №2 мектеп ұжымы жалғастырды. Фестиваль барысында аталмыш білім ошағының ұстаздары мектептің ілім мен білім ғана емес, өнер ордасы екеніне көзімізді әбден жеткізді. Шәкірт бойына біліммен қатар тәрбие сіңіретін ұстаздардың бойында қаншама талант тұнып тұрғанына тәнті болдық. Өнер кешінің шымылдығы мектепішілік домбыра оркестрінің орындауындағы «Жастар биі» және «Ерке сылқым» сынды көңілді жадыратар күйлермен ашылды. Домбыра әуенін әуезді ән жалғады. Ұстаздар Жібек Айтуарова, Ләйлә Искакова «Сарыжайлау», «Алтыным» әндерін орындады. Көпшілік сүйіп тыңдайтын, әндерді көрермендер жылы қабылдап, әншілерді қолпаштап отырды.

Фестиваль барысында мұғалімдерден құралған бишілер тобы көрерменге ұсынған қазақ, испан билері де сәтті шығып, тамашалауға келгендердің ұстаздар өнеріне сүйсінісін еселей түсті.

Әрине, өнер фестивалі көңілді көтеретін ән мен биден ғана тұрмайтыны анық. Бұл ретте ұстаздар фестивальге келген әрбір жанға өнерді тамашалағаннан ләззат қана сыйлап қоймай, рухани серпіліс пен салмақты ой түйіндеуге ұмтылғанын ерекше атап өткен жөн. Мәселен, «Ана туралы монолог», «Ана туралы жыр» сияқты шығармалар көпшілікті толғанысқа бөлеп, ана – өмір сыйлаушы ғана емес, бақыт сыйлаушы деген ақиқатты таразылап бергендей болды.

Өнер ұжымының шығармашылық кешінің ерекшеліктерінің бірі – фестивальге ұстаздармен қатар ата-аналарды да тарту болды. Атап айтсақ, мектептің әкелер Кеңесінің төрағасы Құрмет Базаров сахна төрінде ән орындап, өнерін ортаға салудан тартынбады. Бұл мектеп ұжымының ата-аналармен тығыз байланысының көрінісі іспетті.

Бір сағаттан артық өнер көрсеткен ұжымның әрбір нөміріне тоқталу әсте мүмкін емес. Айтарымыз, мектеп ұжымы сәтті басталған фестивальді лайықты жалғастырып, көпшілік көңілінен шықты. Ұстаздар қауымы тамашалауға келген жұртшылықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.