Біріншң сәтбаев оқулары

20140418-03-1-1Қазақ және Кеңес Одағының геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым Академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 115 жылдық мерейтойына орай №27 жалпы орта білім беретін мектепте «Дархандығы даладан дарыған ұлы тұлға» атты қалалық І Сәтбаев оқулары өткізілді. Байқаудың мақсаты ғалымның жүріп өткен жолы мен ел игілігі үшін атқарған зор еңбегін дәріптеу, оқушылардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру, оларды ғылыми зерттеу, іздену жұмыстарына жұмылдыру болды.

Айтулы іс-шараға қатысқан қала әкімі Әнуар Омар, мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, Ақсақалдар алқасының төрағасы, қаланың Құрметті азаматы Мұзараф Аханов жиналғандарды құттықтап, баяндамашыларға сәттілік тіледі.

– Өзінің маңдай терімен, қайсарлығымен, ұлтты сүйгіштігімен, қалаға деген жанашырлығымен еңбек етіп жүрген азаматтар ортамызда аз емес. Қаныш сынды тұлғаларды тани отырып, оларды сыйлай отырып, өзімізбен бірге жүрген азаматтарды да білуге тиістіміз. Қазақстан ғылымының қалыптасуының қайнар көзінде тұрған Қаныш ағамыз өзінің қажымас қайраты мен туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігімен ел үшін көп еңбек сіңірді. Қазақстанның бір бөлшегі ретінде Сәтбаев қаласы да жыл өткен сайын жаңарып, алға қарай нық басып келеді. Осының барлығы Қаныш Имантайұлының бізге ашып берген үлкен байлығының арқасында. Оның жемісін біз көріп отырмыз, әлі күнге дейін бірнеше буын сәтбаевтықтар осы қазына байлықты игеруде. Сәтбаев қаласының болашағы әлі де жалғасады, кен өндіру жұмысы әлі де алға баса бермек. Ғалымның мұраларына, тарихи, геологиялық зерттеулеріне арналған бүгінгі іс-шара құтты болсын. Оған атсалысқан, әрқайсысы бір тақырыпты алып келген оқушылар қауымына шын көңілден рахмет айтамын, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Конференция барысында көрермендер назарына «Бала Қаныштан дана Қанышқа дейін» атты театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Байқауды «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы академик Қ.И.Сәтбаев атындағы мұражайдың директоры Кенжал Балкенов төрағалық еткен қазылар алқасы бағалады. Сәтбаев оқуларында қаланың барлық мектептерінен 37 ғылыми жоба қаралды. Оның 20 – қазақ, 13 – орыс және 4 ағылшын тілдерінде. Іріктеу кезінде талапқа сай болмаған жобалар қайтарылып, 15 жұмыс тыңдалды. Олардың ішінде «Академик Қ.И.Сәтбаевтың металлогендік және бол-жам картасы – тәуелсіз еліміздің индустриалдық дамуының факторы», «Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан химия өнеркәсібіне қосқан үлесі», «Академиктің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері», «Әдебиет пен өнерге құштар ұлы жүрек», «Қаныш Сәтбаев және «Алгебра» оқулығы» т.б. тақырыптардағы баяндамалар болды.

Білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған, қаламызда тұңғыш рет өткізілген Сәтбаев оқулары байқауы өз мәресіне жетіп, қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде, І Сәтбаев оқуларына белсенділік танытып қатысқаны үшін 12 оқушыға сертификат берілді. Жүлделі орындарды, яғни ІІІ дәрежелі дипломмен №1 мектеп-гимназияның оқушысы Еркенбек Сартбаев, ІІ дәрежелі дипломмен №16 орта мектептің оқушысы Гүлсім Әдиат марапатталды. Ал, І дәрежелі дипломды №27 орта мектептің оқушысы Ерсін Жұматаев иеленді. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.