Дзюдодан республикалық турнир өтті

20140418-03-2Академик Қаныш Сәтбаевтың 115 жылдығы қарсаңында «Жастар» спорт сарайында 1998-1999 жылдары туылған жасөспірімдер арасында дзюдодан республикалық турнир өтті. Қаламызда төртінші рет өткізіліп отырған аталмыш іс-шараға Қазақстанның барлық облыстарынан және Өзбекстанның Шыршық қаласынан келген палуандар бақ сынасты. Үш күн бойы салтанат құрған дүбірлі додаға барлығы 200 спортшы қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына арнайы шақырылған қонақтар қатарында Қ.И.Сәтбаевтың немересі Әлима Жармағанбетова болды. Ашылу салтанатында Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Серік Имамбай мен дзюдо күресінің мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов сөз сөйледі. Олар қала тұрғындарын айтулы мерекесімен құттықтап, спортшыларға толағай табыс пен жеңіс тіледі. Е.Байжұманов Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омарға арналған алғыс хатты С.Имамбайға табыс етті. Алғыс хатта қала әкіміне бұқаралық спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін ризашылық білдірілген.

Біздің қаламыздан жарысқа 30 спорт-шы атсалысты. Жалпы есептік қорытынды бойынша Сәтбаев қаласы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Қарағандының «Жас сұңқар» спорт мектебі лайық деп танылса, үшінші орынға Қызылорда қаласы табан тіреді. Жеңісті қолдан бермей, бізге жүлде алып берген спортшыларымыз – жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері. Жаттықтырушы Батырхан Умирзақовтың екі спортшысы бірінші орынды алды. Олар 50кг. салмақ дәрежесінде сынға түскен Ислам Елубаев пен Нұрболат Рахымберлі (60 кг) болды. Кенжезәру Қашқынова жаттықтырған палуандар 55кг. салмақта күресіп, бірінші орынды Диас Әшім, екінші орынды Жақсылық Төреғожин иеленді.

Мөлдір Мұқатова.

Комментарии закрыты.