Тілді дамыту – балабақшадан

20140425-08-2Сәуір айының басында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Мемлекеттік тілді дамытушы үздік балабақша» атты қалалық байқау жариялаған болатын. Байқаудың мақсаты мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту, мектепке дейінгі білім мекемелерінің қазақ тілін дамыту бағытында жүргізетін жұмысына қолдау көрсетіп, ынталандыру болып табылады.

Осыған орай, қазылар алқасының мүшелері байқауға қатысуға өтініш берген мекемелердің практикалық дайындықтарын тексеру жұмысын бастап кетті.

Сейсенбі күні «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Мәуия Бекмағамбетова, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмұрзаева, оқыту-әдістемелік кабинетінің әдіскері Жазира Бекілдекова құрамындағы қазылар алқасы алғашқы болып №1 «Ертегі» балабақшасында болды. Мұнда тәрбиеші Зәуре Смаилова жетекшілік ететін жоғары топтың өзге ұлт өкілдерінің бүлдіршіндері келген қонақтарға «Қарлығаш және дәуіт» ертегісінен үзінді көрсетті. Байқауға қатысушылардың еңбектерін бағалауда олардың қазақ тілінде жатық сөйлеуіне, әртістік қабілеттеріне, жалпы даярлықтарына, киім үлгісі мен сахнаны көркемдеуіне баса назар аударылды.

Қойылымнан соң қазылар алқасының мүшелері кейбір кемшіліктерге байланысты ескертулер жасап, ақыл-кеңестерін берді. Осындай мақсаттағы жұмыс одан әрі №10 «Қызыл телпек» балабақшасында өз жалғасын тапты.

Сәтбаев қаласы және Жезқазған кенті аумағындағы мектепке дейінгі білім мекемелері арасында өткізіліп жатқан бұл байқаудың қорытындысы сәуір айының 30 күні шығарылады.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.