Ұлттық нақыштағы кеш

20140425-08-3-120140425-08-3-2Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетін жандандыру, өзіндік ерекшеліктері бар шығармашылық ұжымдарды қолдау және олардың қабілетін әрі қарай дамыту мақсатында қаламызда мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар қызметкерлері арасында «Ел іші – өнер кеніші» атты байқау бастау алған болатын. Аталмыш фестиваль аясында өткен аптада Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында №7 жалпы орта білім беретін мектептің ұжымы «Көңілді толқындатқан кеш» тақырыбында шығармашылық концерт ұйымдастырды.

Мерекелік кешке қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, қала әкімінің кеңесшісі Марал Мәдиева, білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш қатысып отырды.

Концерттік бағдарламаны мәдени-сауық орталығының вокал үйірмесінің жетекшісі Айнагүл Күлшекенова, мәдени-сауық спорт орталығының нұсқаушысы, домбыра үйірмесінің жетекшісі Қамбар Урмузов, «Нұршашу» би тобының жетекшісі Алмагүл Хасенова бағалады.

Мәдени іс-шараның шымылдығын қазақ халқының әнін, әдет-ғұрпы мен дәстүрін дәріптеген сал-серілердің театрландырылған көрінісі ашты. Бірі қолына қыран бүркітін қондырып, бірі құмай тазысын ертіп аңшылар шыққанда, көрермендер таңданысын жасыра алмады. Ұлттық нақыштағы сән-салтанат қазақтың алтын бесігі – ауылды еске салды.

Сонымен қатар, жиналғандар назарына «Жәмила» драмасынан үзінді ұсынылды. Мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айым Қызданова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Тоғаш Жақанов, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақнұр Абдикаримова, еңбек және бейнелеу пәнінің мұғалімі Ербол Жаманов жеке ән айту шеберліктерін танытса, ұстаздар қауымы бірлесіп орындаған «Испан», «Ретро», «Үнді» билері жұртшылықтың көңілінен шықты.

Мерекелік концерт мәдениет қайраткері, бірнеше дүркін халықаралық сайыстардың лауреаты Марат Шоқтаев жетекшілік еткен хордың «Он жетінші көктемім» және «Жасай бер, жаса, Қазақстан!» атты өлеңдерді орындауымен аяқталды.

Рухани ләззат пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған, ұлттық болмысымызды дәріптеген шығармашылық концерт жоғары деңгейде өткені көрініп тұрды. Халық өнерінің қайнар көзі ел ішінен бастау алатындықтан, мұндай байқаудың жаңа дарындыларды анықтауға, талантты адамдарға қолдау көрсетуге, тұрғындардың жалпы мәдени деңгейін көтеруге септігін тигізері сөзсіз.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.