Аққайыңдар отырғызылды

20140425-03-3Өткен сенбі күні облысымыздың барлық аймақтарындағы сияқты Сәтбаев қаласында да жалпыоблыстық сенбілік өтіп, көшелер қыстан кейін жаңарып қалды. Қаланың түкпір-түкпірінде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарынан соң кеншілер қаласының келбеті жайнай түсті.

Таңертеңгі сағат 9-дан бастап сенбілікке қатысып, өз аумақтарынан қоқыс-қалдықты шығарып, ағаш түптерін, жол жиегін әктеген сәтбаевтықтар ортақ үйіміздің әсемденуіне біркісідей атсалысты.

Қарқынды жұмыс нәтижесінде белгіленбеген жерге төгілген 3 күл-қоқыс алаңы тазартылды, 37 шам жөнделіп, 20 қоқыс салатын контейнерлер орнатылды. Мекемелердің аумақтары қоқыс-қалдықтардан тазартылса, дүкендердің іші-сырты, тезере, есіктері жуылды. Сылағы шайылып, әрі кеткен жол жақтаулары қайта боялды. 550 қоршаулар мен шарбақтар жөнделіп, сырланды.

Қала тазалығына әр шағынаудан кеңестері мен мектеп оқушылары да ұйымшылдықпен қатысты. Олар өздеріне бекітілген аймақтарды тазартып, бүлінген дүниелерді қалпына келтірді.

Қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гауһар Жалмурзинаның айтуынша, қалада өткен жалпыоблыстық сенбілікте серпін болған. Әсіресе, байыту фабрикасы мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымы қадағалайтын №7 шағынауданда жұмыс жүйелі жүргізілген. Ерден, Наурыз көшелері мен Қ.Сәтбаев даңғылының бойы тазартылып, жол жақтаулары мен көшелерге егілген ағаштардың түбі әктеліп, қопсытылған. Осындай ұйымшылдық істің нәтижесі №№10, 11 шағынауданға қарасты көшелерден де көрінеді.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары мекемесінің басшысы Болатбек Жақсыбаевтың айтуынша, сенбілікке 230 мекеме мен ұжымнан он үш мыңнан астам адам қатысып, 28 техника жұмылдырылған. «Тұтастай алғанда, сенбілік жоғары дәрежеде өткізілді. Әрбір мекеме айтулы шараға жауапкершілікпен қарап, қала тазалығына бей-жай қарамайтындықтарын дәлелдеді», – деді ол.

Сенбілікте «Балалық шақ» саябағы да күл-қоқыстан тазартылып, аққайыңдар егілді. Жалпы, бұл күні қалалық «Тазалық – 2020» мекемесінің күшімен «Шахтер даңқы» аллеясы мен «Жеңіс» саябағына да аққайыңдар егіліп, жұртшылыққа қуаныш сыйлады. Бұл істе мекеме басшысы Қайрат Керімқұловтың өзі бас болып, Ұлытаудан әкелінген аққайыңдарды қаз-қатар отырғызып шықты. Жалпыоблыстық сенбілік күні 1200 дана ағаш отырғызылып, артық өскен бұталар кесіліп, ағаш түптері қопсытылды.

Әрине, көңілге кірбің ұялататын жайттардың да болғанын айту ләзім. Кейбір шағынаудан кеңестеріне қарасты аумақтарда тазалық жұмысы өте төменгі деңгейде болды. Гауһар Жалмурзинаның сенбілік қорытындысына орай жасаған хаттамасына қарағанда, мұндай келеңсіздіктер №№6, 3, 4 шағындаудан кеңестерінде орын алған. Аталған кеңестерге қарасты көшелердің бойы дұрыс сыпырылып, жол жиектері мен суағарлар тазартылмаған. Жиналған күл-қоқыстар сыртқа шығарылмаған күйі қалған.

Қала тазалығының сақталуына кейбір қала тұрғындарының өзі немқұрайлы қарайтыны көзге ұрып тұр. Оны күл-қоқыс жинайтын жәшіктерге жетпей лақтырылып, қалай болса солай шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтардан-ақ аңғаруға болады.

«Ауласы тазаның – ауасы таза» деген қанатты қағида бар. Ендеше, қаланың тазалығы ең әуелі өзіміздің денсаулығымыздың кепілі екенін есте ұстайық.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.