Қазақстан – бар ұлысқа шаңырақ

Санаулы күннен соң тойланатын Қазақстан халқының бірлігі күні – елімізде ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың шынайы достық ниетін паш ететін тамаша мейрам. Бүгінде тұтастық пен бірлік салтанат құрған еліміз көпшілік сүйсіне қарайтын айбарлы мемлекетке айналды. Сол қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық бүгінде егемен еліміздің басты құндылықтарына айналды.

Қазір көп елдерде саяси дүрбелең орын алған жағдайда әрбір ел азаматы басты байлығымыз саналатын бірлікті сақтауға ұмтылуы тиіс. Еліміздің гүлденуі, көркейіп, өркендеуі ортақ мақсат екенін ерекше ұғынған жөн деп ойлаймын. Себебі, ел басына күн туған қиын-қыстау заманда елді, ұлтты сақтап қалған ынтымақ пен бірлік екенін тарих әлдеқашан дәлелдеп берген жоқ па?! Ал достық пен бірлік тамыр жайған жерде береке мен ырыс табылары сөзсіз.

Таяуда тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің іргетасы саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өтті. Онда Елбасымыз елді бірлік пен берекені көзіміздің қарашығындай сақтауға шақырды. Қазақстанда орын алған ұлттар арасындағы шынайы достық еліміздің ең басты қазынасы екенін тағы бір мәрте айтып өтті. Олай болса, Елбасымыздың өзі елдігіміздің түпқазығы деп атап көрсеткен бірлікті нығайтуға әрқайсымыз күш жұмсауымыз қажет. Шаттық пен достық мерекесі қарсаңында Отанымыздың іргесі берік, болашағы кемел болғай деп тілеймін.

Айгүл Төлендина, қалалық мәслихаттың депутаты.

Комментарии закрыты.