Дінде ұлтқа бөлінушілік болмайды

20140425-02-3«Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөз сөйлеген мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің зайырлылығының бірден-бір кепілі барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетуден, әркімнің таң­дау еркіндігінен арқаулық та­батындығында екенін баса айтты.

Жүз отыз ұлттың өкілі мекен етіп жатқан қазақ елінде дінге бөлінушілік жоқ. Қай ұлттың өкілі болсын Ислам дінін қабылдап, оның ішінде имам ағзам Әбу ханифа мазхабын ұстанатындардың қатарынан болғандығы көңілге демеу. Конфессияаралық толерант­тылықты сақтай отырып, қазақ елі әлемде еш жерде жоқ діни татулықтың өлшемін көрсетіп отыр.

Елбасы біздің еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, дін мемлекеттен бөлінгендігіне көңіл аудартты. Қазіргі күні діни сауатсыздықтың, түсінбестіктің әсерінен ұлтымыздың кейбір жастары діни ағымдарға төтеп бере алмай, солардың айдауында кетіп жатыр. Бұл – ащы шындық. Ұлт Көшбасшысы осы жиында «Біз сон­дай-ақ, діни ұрандар ұстанған экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген тал­пыныстарды, біздің халқы­мызға біз үшін бөгде діни көзқа­растар мен идеяларды күш­теп таңуды барынша теріске шы­ғарамыз» деді.

Татулық пен достықтың, руханият келісімінің түпкі қазығы – мәдениетте жатыр. Мәдени құндылықтардың аса бір ерекше жауһарлары Ислам дінінде көрініс тапқан. Ал, сол Ислам дінін бұрмалаушылардың санасына Елбасының мына бір сөзі ой салса құба-құп: «Ислам діні әу баста Жара­ту­шыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті.

Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ» деді Елбасы. Иә, әлімсақтан татулықтың негізін қалаған Ислам дінінің әртүрлі діни ағымдардың әсерінен бұрмалауға түскендігі жасырын емес. Осы тұста Елбасы «Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адас­қандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтан­дыруға тиіспіз» дей келе, қалың көпшілікке ой тастады.

Дамудың даңғыл жолына түскен көпұлтты қазақ елінде діни татулық, өркениетті мәдениет, әр ұлттың өз салт-дәстүрі түсіністік пен бейбітшілік орнаған ХХІ ғасырда сән-салтанаты мен мәнін жоғалтпауы тиіс, жоғалтпайды да. Тек «бірлік бар жерде, тірлік барын» ұмытпасақ болғаны.

Бауыржан Балтабеков, Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы.

Комментарии закрыты.