Күйші мұрасы насихатталды

20140425-12-1Биыл қазақ жұртының мәдени мұрасына мол еңбек сіңірген эпикалық күйші Қазанғап Тілепбергенұлының туғанына 160 жыл толып отыр. Қазанғаптың қазынасын насихаттау мақсатында өнер мектебінде V аймақтық «Сарыарқа дарыны — 2014» байқауы өткізілді.

Біз Қазанғапты XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген зар заманның өкілі деп танимыз. Қазанғаптай тау тұлға негізін салған кертолғау сарынның өзіндік қолтаңбасы, ой саларлық мұң-зары баршылық. Ұрпақтан ұрпаққа насихатталып, жалғасын тауып келе жатқан күйшінің «Ноғайлы босқыны», «Жұртта қалған», «Окоп», «Қызыл керуен», «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние» атты шығармалары белгілі.

Сайыстың бастамасын қалалық балалар өнер мектебінің директоры Р.Бурда ашып, қатысушыларға сәттілік пен шеберлік тіледі. Байқауда 1-6 сынып оқушылары өнер көрсетті. Қатысушылар кіші, ортаңғы және жоғары болып үш сатыға топтасты. Сайыста бақтарын сынаған өнерпаздар Қазанғаптың шығармаларынан өзге, халық әндерін, Қорқыттың, Ықыластың, Молдабайдың еңбектерін де орындап шықты. Сайыс барысында өнерпаздардың толқыныстары сезіліп тұрды. Олар Қазанғаптың шығармаларын насихаттауда өз үлестерін қосуда. Талантты жастарымыз ертеңіміздің жалғасы болмақ.

Өнерлі жастар сайыста ауызбіршіліктері мен табандылықтарын көрсетті. Домбырамен қатар, скрипка, қобыз, баян сынды аспаптардың құлағында ойнаған өнерлі өрендердің еңбектерін шыңдай берсе нәтижелі болмақ.

Сайыс нәтижесі бойынша барлық талапкерге жүлделі I, II, III орын тағайындалды. Кіші топ бойынша И.Хамитов, орта топтан А.Ашкенова мен Н.Хамит оза шауып, бас жүлдені жеңіп алды. Ал, жоғары топтан бірінші орынды екі өнерпаз иеленді. Олар – А.Қараева мен С.Өкеш.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.