Аймақтың дамуында алаңдаушылық болмайды

Сәрсенбінің сәтті күні «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалының ғимаратында облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтың төрағалық етуімен алқалы жиын болып өтті. Онда Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру бағытында келелі әңгімелер қозғалып, маңызды мәселелер талқыланды.

20140425-01-2-1

Алқалы жиынға Қазақстан Рес-публикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Ержан Кәрібаев, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Ниязбек Құрбанов, «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ Басқармасының төрағасы Ғалым Нұржанов, Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданының әкімдері Әнуар Омар, Серік Шайдаров, Хамит Омаров, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің бас директоры Бақтияр Қрықпышев және облыс әкімінің орынбасарлары мен облыстық басқармалардың басшылары, қала аудан әкімдерінің орынбасарлары, мекеме-ұжым басшылары мен соғыс және еңбек ардагерлері, ақсақалдар алқасының өкілдері қатысты.

Жиынды облыс әкімі Бауыржан Әбдішев ашып жүргізіп отырды.

20140425-01-2-220140425-01-2-3– Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың желтоқсан айында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары Үкіметте қайыра қаралып, Елбасының тапсырмасымен толықтырылып, 2012-2020 жылға дейін өзгертіліп, қабылданған болатын. Содан бері біршама жұмыстар атқарылды. Қазір аймақта аталмыш кешенді бағдарламаны жүзеге асыруға алғашқы қадамдар да жасалуда. Міне, осы үлкен істің алдында біз өздеріңізбен тағы бір мәрте жүздесіп, сіздер алға қойған мәселелерді тағы бір мәрте пысықтап алуға жиналып отырмыз. Осы мақсатта облыстың бірқатар құзырлы басқармаларының басшыларын да алып келдім. Сіздерді толғандырған мәселелерге солар толымды жауап беретін болады, – деп тұжырымдады сөзін облыс басшысы.

Жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабит Мұханбетов Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріндегі үлес салмағына шолу жасай келіп, толықтырылып, қайыра қабылданған кешенді жоспарды жүзеге асыру бағытында аймақта қолға алынып жатқан жұмыстарды да баяндап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әкімдері Серік Шайдаров, Әнуар Омар және Хамит Омаров өздері басқаратын аймақтардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстар, алда тұрған межелер жайлы қысқаша есеп берді.

Кешенді бағдарламаға қатысты көптеген жұмыстар аймағымыздағы іргелі кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясымен тығыз байланысты екені мәлім. Жоспардың белгілі бір бөлігі де осы компанияның бюджеті есебінен қаржыландырылмақ. Екінші жағынан, аймақта өндірісті дамыту арқылы қанаттас жатқан қос қала мен оларға іргелес қонған ауылдардың да әлеуеті артатыны мәлім. Жиында сөз алған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Қрықпышев осыған баса назар аударды. Ол өз сөзінде корпорацияға қарасты осы аймақтағы өндіріс көлемі көрсеткішінің төмендеп кеткенін жасырмады. Оған негізінен кен қорының сарқылуы, бар қордың елді мекендер мен инженерлік инфрақұрылымдар тартылған жердің астында жатуы себеп болуда. Осы түйткілді мәселені шешу үшін өңірдегі өндіріс аймағына қоныстанған елді мекендерді қауіпсіз жерге қоныс аудару мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Сондай-ақ, Жезқазған аймағында кен барлау жұмысы да ойдағыдай ұйымдастырылатын болады. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Соның арқасында Жыланды аймағының кені барланып, келер жылдары оны өндіру қолға алынбақ. Бас директор осы жайттарды жіпке тізгендей етіп баяндап шықты.

Алқалы жиында оған арнайы келген меймандар да сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Қазгеоақпарат» республикалық орталығы» ММ бастығының орынбасары Ниязбек Құрбанов пен «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов өз салалары бойынша атқарылатын жұмыстар жайлы қысқаша есеп беріп өтті.

Сәті түскен жүздесуде Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының ақсақалдары мен ардагерлері де өздерін толғандырған мәселелерін көтерді. Атап айтсақ, олар аймақтың энергетикалық ахуалы мен ауыз су мәселесіне, геологиялық барлау жұмыстарына қатысты өз ойын ортаға салды. Сонымен қатар, экологиялық жағдай, су қорларының азаюы және Ұлытау ауданы халқының заманауи ауруханасыз отыруы жайында мәселе көтерілді.

Алқалы жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бауыржан Әбдішев онда қозғалған мәселелер мен айтылған өтініштердің бәрі өзінің бақылауында болатынын, оның орындалысын қадағалайтынын, қажетті жағдайда мемлекеттік деңгейге дейін көтеретінін баяндады. Ол сондай-ақ, әкімдерге бағаны тұрақтандыру, әлеуметтік мәселелерді назарда ұстау, тұрақтылықты сақтау сияқты өзекті мәселелерді бірінші кезекке қоюды да тапсырды.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.