Асыл құндылық – дәстүрлі исламда

Біздің қалада тұрғындар арасында діни экстремизмнің алдын алу бағытында жұмыс атқаратын арнайы ақпараттық-насихат тобы құрылған. Жақын арада осы топтың мүшелері – Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Бауыржан Құмарғазыұлы мен ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сұлтанбек Ешмаханов «Сарыарқанан» ЖШС-ның ұжымымен кездесу өткізді.

– Бүкіл әлемде болып жатқан келеңсіз оқиғаларға зер салып қарайтын болсақ, белгілі бір деструктивті топтардың іс-қимылдары белең алып отырғанын байқаймыз, – деп атап көрсетті бас имам. – Осы оқиғаларға атсалысып, бірден-бір себепші болып отырған бір діни ағым бар. Ол – уаһабилік ағым, кейде оны сәләфилік ағым деп те атап жатады. Уаһабизм мен сәләфизмді бөліп жаруға болмайды.

Осы ағымда жүргендер де ислам бағытын ұстанады, мешітке барады, құран оқиды, мұсылман сипатында өмір сүреді емес пе, ендеше олар неге теріс бағытта деп есептейміз деген сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл теріс ағымды біз қате жолда деп айтамыз, себебі, олардың уағыздап жүрген нәрселері тіке Құранға қайшы. Уаһаби жолында жүргендердің ең бірінші қателігі – Құдайға дене беріп ұқсатуы. Біз айтамыз «Аллаһ кемшіліктен пәк, ол ештеңеге ұқсамайды». Уаһабистер болса, Құдайға жан бітіріп, «ол қозғалыста болады, оның мекені бар» деген әңгімелер айтады. Бұл – Құранға қарама-қайшы ұғым. Уаһабистердің тағы бір теріс тұжырымдары, олардың жақтастарына уағыздайтындары – шариғаттың қайнар көзі болған қасиетті Құран мен суннаны қате қылып түсіндіру. Бұл теріс топтар, сонымен бірге «ұрлық жасай беруге болады, кәпірдің мал-мүлкін алып қоюға хақымыз бар» деген әңгіме өрбітеді. Бұл да Құранға қайшы келетін ұғым.

– Сондықтан, дәстүрлі нағыз ислам мен теріс бағыттағы ағымдарды ажырата білу керек, – деп санайды Бауыржан Құмарғазыұлы. – Ол үшін халық арасындағы ілім мықты болуы қажет. Біздің асыл дініміз – Ислам, асыл кітабымыз – Құран, біздің салт-дәстүрімізбен ұштасып жатқан мәдени мұраларымыз тағы бар. Соларды қасиет тұта білу керек. Уаһабизм осы мұраларға балта шапқысы келеді. Олар өздерінің жасап отырған жексұрын іс-әрекеттерін Пайғамбарымызбен байланыстырады, ол – біздің Пайғамбарымызға тіл тигізгені. Сондықтан, біз бұл топтарды бірауыздан адасқандар қатарына жатқызамыз.

Қоғамда болып жатқан бірден-бір қателік – осы теріс бағыттағы ағымдар жайында берілер мағлұмат аз, олардың шын мәніндегі пиғылын білмеуімізде. Біз өзіміздің шынайы дінімізді сезіне білуіміз, осы дінімізді қорғай білуіміз қажет. Олардың баса көктеп енген іс-қимылдарына төтеп бере алатындай жұмыла, өзіміздің іс-әрекеттерімізді белсенді пайдалана білуіміз керек, – деп тұжырымдады бас имам.

Осы бағытта құрылған діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргізетін арнайы топтың халықпен кездесу өткізуіндегі мақсаты да осы. Мұндай кездесулер және Елбасының биылғы жылдағы Жолдауын насихаттайтын ақпараттық топтардың да кездесулері Солтүстік Жезқазған кенішінің, қалалық емхананың, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымдарында да өтті.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.