Діни татулық – бірлігіміздің кепілі

Қазіргі күні діни экстремизм мен терроризм – қоғамды алаңдатып отырған мәселелердің бірі. Оны насихаттаушылар діннің атын жамылып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасын теріс ықпалдың ығына жығуда. Бұл жолға әсіресе, әлеуметтік белсенділігімен ерекше көзге түсетін, қоғамның ерекше белсенді тобы – жастар мойын бұруда. Қоғам болып осы бір келеңсіз әрекеттерден жастарды қалай алып қала аламыз? Діни экстремизмнің жастар арасында ушығып кетпеуі жолында қандай жұмыстар атқарылуы керек деген сан сауалдар кім-кімді болмасын ойландырып тұр.

Жақында №16 орта мектепте осы сұрақтар төңірегінде ой қозғаған және радикализмді болдырмаудың шарттары мен еліміздегі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және «Қазақстандағы діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асырудағы өзекті мәселелер талқыланған семинар жиын өтті.

Семинар жұмысына қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмұрзаева, қала мектептерінің дінтану пәнінің ұстаздары қатысты.

Осы білім ошағының тарих пәнінің мұғалімдері Раушан Бимакаева Қазақстан Республикасының Заңы және «Қазақстандағы діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен» таныстырса, Жайдаркүл Жұмабайқызы «Діни экстремизмнің алдын алу жұмысының тиімді әдістемелік жолдары» тақырыбындағы баяндамасында өз әдіс-тәсілдерін ұстынды.

Психолог Роза Жұлдызғалиева тренинг баяндамасында адамды тек жақсылық жасау мен мейірімділік сезімі ғана жамандықтан құтқаратындығына ерекше мән берілмеудің салдарынан осындай өткір мәселе туындап отырғанын айтты.

Семинарға қатысқан Гүлсім Пазылқызы өзекті мәселе жөнінде өз ойын ортаға сала келе, жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның білім ошақтарында орындалу барысына баса мән беруді тапсырды.

Жиын соңында семинарда көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар қабылданды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.