Жүрсін Ерман: «Айтысты саясатқа араластырып алдық»

Қазақ халқының болмысымен біте қайнасқан төл өнері – айтыс төңірегіндегі «айтыс» әлі толастамай келеді. Баспасөз беттерінде де, ғаламторда да осы төл өнер төңірегінде әртүрлі әңгімелер айтылуда. Бір өкініштісі, халықты айтыс өнерімен сусындатып, құмарын қандыруына мұрындық болған жандардың өздерін түртпектеп, жеке мүдделер қақтығысының ортасында жеке тұлғаны былай қойып, халықтың байырғы төл өнерін де көкпарға салып жібергеніміз… Жуырда, аймағымызда өткен аламан айтыстан соң Жүрсін Ерманмен болған әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді.

– Жүрсін аға, соңғы өткен бірер айтыстан еліңіз өзіңізді көре алмай, пұшайман күй кешуде. Оның бір себебі бар ма?

– Жоғалған тышқақ лағын да іздейтін халқымның мені бұлайша «жоқтап» жатқанына рахмет. Бұрынғыдай айтысты жүргізбесем де, ақындардың өнеріне қазылық жасамасам да сол айтыстың ортасында жүрмін. Жалпы, осы төл өнердің төңірегінде жүргеніме отыз жылдай уақыт болды. Бұл бергі есеп бойынша. Ал, түптеп келетін болсам, қырық жылдай болды дей аламын. Өйткені, осы Жезқазғанда жүргенімде, жетпісінші жылдары алғаш айтысты теледидарға шығарып, сөз сайысына шөліркеп жүрген халықты сусындатып отырдым.

– Сол үрдіс соңғы кезде жиі үзіліске ұшырайтын болды ғой. Оған ненің салқыны тиіп жүр дей аласыз?

– Айтысты саясатқа араластырып алдық. Айтыстың адымының ашылмай, қайта-қайта тоқтап қалуына сол себеп болып отыр. Анау, арғы ұлы айтыстарды қарасақ, Біржан мен Сараның, Сүйінбай мен Қатағанның айтысы деген үлкен-үлкен айтыстар өтті ғой. Соның біреуі де саясатқа соққан жоқ. Олардың саясатта шаруасы жоқ болатын. Бәрі осы жолғы айтыс сияқты өтетін.

Айтыстың түпкі мақсаты-ның өзі біреуді жамандау, қорқыту, үркіту емес. Елдің еңсесін көтеру, басын біріктіру, елдік рухты көтеру. Мына айтыста ақындар Мәңгілік ел идеясын, кешегі ұлы идеяны, Күлтегін қаған, Көктүрік ұстаған идеяны көтеріп жатыр. Сол арқылы осы Ұлытау, Жезқазған, Сәтбаев төңірегін мекендеген елдің рухын көтеріп отыр. Қандай жарасымды. Ақындар сол тақырыпты қал-қадірінше қаузап бақты. Кешегі Әуезов «Айтыс – сөз додасы» деп айтып кеткен. Сол сөз додасы өз жарасымын тапты деп айта аламын. Тамаша бір айтыс өткіздік.

– Бүгінде айтысты «меншігіне алу» төңірегінде де талас күшейіп тұрған сыңайлы ғой…

– Өкінішке орай, «Айтыс Жүрсіннің жекеменшігі ме еді?..» дегенді құлағым шалып қалып жатыр. Шалып қалып емес, бетіме тура айтып жатқандар да бар. Десек те, айтыс – басы бос өнер. Еркін өнер.

Айтыс дегеннің өзі айту дегеннен шыққан ғой. Сондықтан да ол елдің көкейіндегіні дөп басып, қандай сөз тұр, қандай ой тұр, қандай шара біздің тәуелсіз еліміздің дамуына қолбайлау болып отыр, соны айтып, ақындар билік пен халықтың арасындағы алтын көпірі болуы тиіс. Екінші жағынан ақындар ел ішіндегі кешегі Абайдан бері келе жатқан масылдық пен мерез мінездерімізді жеткізе айтуға тиісті. Өйткені, айтыстың сөзі халыққа өтімді. Мен осы бағытты ұстанамын.

Ал, енді, айтысты билік иемденіп кетсе, «қолдан жем жеген» ақындар айтатынды айта алмай қалады. Сондықтан, мен осы айтыстың еркін жүруіне тілектес адаммын.

Тағы да бір айта кететін мәселе, басқа, жолдан қосылғандар айтысты дінге қарай сүйреп, өз мақсаттарына пайдаланғысы келетіндермен алаңсыз арпалысып келемін, арпалыса беремін де. Менің бұл ұстанымым түбінде дұрыс болады деп ойлаймын. Өйткені, өзінің кәсіби одағы бар айтыс сол одақтың соңынан жүруі керек. Ол қандай одақ?

2012 жылы желтоқсан айында Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы, термешілерінің Халықаралық одағы құрылды. Айтыстың бас иесі осы. Мен осы одақтың төрағасымын. Айтысты өткізуге, оның халыққа жетуіне мұрындық болып жүрген жайым бар. Осы жолы да біз Президент әкімшілігімен, «Нұр Отан» партиясымен келісіп, сол кісілердің «батасын алып» барып елге келіп отырмыз. Өткендегі айтыстар да осы бас партияның қолдауымен өткізілген болатын. Ендігі уақыттарда да біз осылайша тіл табысып жұмыс істейміз деп ойлаймын.

– Кешегі «Жүрсіннің жүйріктерінің» қатары сиреп қалыпты. Бұл нені аңғартады?

– «Ақындардың шашырауы» деген тұрғыдан айтатын бір маңызды мәселе мына дінге байланысты болып тұр. Біздің Қазақстанда дін деген өте күрделі мәселеге айналды. Діннің түрлі ағымдары ақындарды әртүрлі жолдарға салып тұр. Біріміз уаххабист болсақ, енді біріміз баяғы ата-бабаларымыздың, пайғамбарымыздың жолымен кетудеміз. Біреулер қоштайды, біреулер қоштамайды. Қажылыққа барып келгендер бар, солардың арасында дом-быраны «харам» деп, «өлең жазу күнә» деп жүргендері бар. Мысалы, алты алашқа белгілі Мұхамеджан Тазабековтен айтыскер ретінде айырылып қалдық. Балғынбегіміздің де солқылдап жүрген жайы бар. Бұл енді көріп-біліп отырған нәрсеміз.

Еш уақытта да Ислам діні өлеңге тыйым салмаған. Пайғамбарымыздың хадистерінде де бар. Ол өзінің сахабаларына айтады: «Әр елге дінді апарғанда сол елдің салтына, дәстүріне лайықтаңдар, соған бейімдеңдер!» дейді. Тіпті, біздің қасиетті Құран Кәрімнің өзі де өлеңмен жазылған нәрсе. Ұлы өлеңмен! Енді келіп аяқ астынан «Ойбай, Ислам діні өлеңге тыйым салады екен!» дейді. Дін – мемлекетке де, халыққа да қызмет етуі тиіс.

– Айтыста ақындар да айтып қалды, өзіңіз де бір сұхбатыңызда «Енді айтыстың маңынан да жүрмеймін» дегенді айтыпсыз. Ашудың бетімен айтылып қалған сөз бе, әлде?..

– Жоқ, ешкімге ашуланғаным жоқ. Мен қоғам алдындағы өз миссиямды атқардым. Жақында пайғамбар жасына келдім. Академик Рымғали Нұрғалиев жазып кеткен кезінде «айтысты қалпына келтіруші реставратор, жаңартушы-реформатор Жүрсін Ерман», деп. Сол миссиямды атқардым ғой, енді балалар ары қарай алып кетсін десем, арасынан менің ісімді жалғастыра беретін жұлқынып шығып тұрғаны жоқ. Содан амал жоқ, бұған қайта қайырылып, бас-көз болып, бұрынғы жинаған тәжірибемді, абырой-беделімді айтысты ары қарай дамытып, жалғастыруға жұмсап жатырмын.

– Орайы келген тұста одақ жайында қысқаша айта кетсеңіз. Немен айналысып жатыр?

– Одақтың ең басты жұмысы, былтыр біз бес жерде шеберлік сынып өткіздік. Оның мақсаты – үлкен ақындардың тәжірибесін жастарға үйрету. Екінші жұмысымыз, Қызылорда қаласында айтыстың сипаты туралы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Оның бергі жағында, «Қазақтың айтыс ақындары» деген бір томдық кітап шығардық. Онда жаңағы ақындардың өмірбаяндары, суреттері, ұшқыр ой, ұтымды сөздері жинақталған. Биылғы жылы да осындай жұмыстар жүргізіп, жұмысымызды кеңейтпекпіз. Он шеберлік сыныбын өткізіп, «Қазіргі айтыстың мәтіні» деген тақырыпта екі ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, ақындар жайлы тағы бір кітап шығару жоспарда бар. Жұмыс көп. Айтысты өткізудің өзі біраз шаруа.

– Айтыстың жоғын жоқтап, жыртығын жамаймын деп жүріп өзіңіздің жеке шығармашылығыңыз ақсап қалып жатқан жоқ па?

– Жоқ. Қай іспен айналысып жатсам да жеке шығармашылығым ойымнан бір шыққан емес. Шықпайды да. Биыл екі кітабым жарыққа шықпақ. Өздеріңе мәлім, Қарағанды облысынан шыққан ақын-жазушылардың 100 томдық шығармалары жинақталып, басылып жатыр ғой. Сол жинаққа енетін өзімнің «Асыл әжем» деген 25 баспа табақ болатын бір томдық өлеңдер жинағымды дайындаған едім. Сол жарыққа шығады. Одан кейін, прозаларым, очерктерім мен эсселерім жинақталып «Гөй-Гөй» деген атпен ол да биыл жарық көрмек. Осылайша шығармашылығымды дамытып жатырмын. Бұл бағытта да жоспарлар, ойлар көп. Бәрі өз уақытында жүзеге асырылатын болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.