Жемқорлық жарға жығады

Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тосқауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделілерді жауапқа тарту – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі.

Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы. Мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтындардың өзгенің тағдырына, жұмысына деген немқұрайлығы, қарапайым анықтама алуы үшін шеті мен шегі жоқ кезек салдарынан көптеген азаматтар мемлекеттік қызметкерлерді пара алуға өздері арандатады. Алайда, осындай заң бұзушылықтар орын ала тұра құқығы бұзылған азаматтар дер кезінде құқық қорғау органдарына хабар бермегендіктен, кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Осындай олқылықтарға жол беруден аулақ болған жөн.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа белсене қарсы тұру арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесін одан әрі жетілдіру. Аталған бағдарламада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдардың жауапкершілігін ұлғайтуға да, биліктің барлық тармақтары мен азаматтық қоғам институттарының бұл мәселені шешудегі әлеуметтік әріптестігіне де баса мән беріліп отыр.

Бүгінгі таңда, мемлекеттің ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемкорлықпен күрес саласындағы ең басты назары экономикалық даму процестерінің басқарылуына, ұйымдық-құрылымдық буындардың тиімді жолдарына, ішкі өзін-өзі бақылау жүйесін құруға және қылмыстылықты тазартуға аударылуы тиіс. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты – оның алдын алу, яғни, оның себептері мен шарттарына ықпал жасау болуы керектігін ескерген жөн деп есептеймін.

Халқымызда «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген қанатты сөз бар. Сондықтан, құлқынның қамын ойлаған кейбіреулердің теріс әрекеті бүкіл ұжымға кері әсерін тигізбеуі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесіп күрескеніміз дұрыс.

Қ.Төлеш, «Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің басшысы.

Комментарии закрыты.