Шынболатты еске алды

20140502-05-3Сәтбаев қаласының тарихын, мәдениетін Шынболат Ділдебаевтың есімімен байланыстырамыз. Қаламыз үшін зор еңбек сіңірген нар тұлғаның туған күніне орай, 22 сәуірде Кеншілер сарайының мұражай залында еске алу кеші ұйымдастырылды.

Кешті ақын Ғалил Жәнібеков бастап, Ш.Ділдебаевтың қысқаша өмірбаянына тоқталды. Бір бойына ақындығымен қатар, жыршы, термеші, сазгерлік, режиссерлік қасиетті сіңірген Шынболаттың той басқаратын асабалық өнері болған екен. Шынболат «Менің ұстаздарым – Бұқар, Базар, Кердері, Әубәкір жыраулар. Ақындар айтысы мен үшін үлкен мектеп болғанын айта кетуге тиіспін. Менің бойымда жыраулық-ақындық қасиеттің бары рас болса, ол бабалар мұрасынан дарыған дер едім» деп айтқан. Ол көзі тірісінде «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын иеленді.

Кешке мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Төлеш пен мәдени-сауық орталығының жетекшісі Б.Жайлаубаев қатысты. Қанат Жанділдаұлы өз сөзінде «Жақын арада Ш.Ділдебаевтың үнтаспасы шығады. Болашақта деректі фильм де түсірілмек» деді.

Ұлттық өнер орталығының шәкірттері халық әні мен терме орындады. Жас ақындар Ардақ Тойлыбаева мен Жансая Нұрлан Шынболат аталарына арнап шығарған өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды. Ол кісінің «Төртіншім» атты шығармасын жас термеші Дәуіржан Жапаров нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, ақындар мектебінің алғашқы шәкірттерінің бірі Торғын Төреханова да арнайы қонақ ретінде жылы лебізін білдірді. Өнер орталығының ұстазы Райхан Оразбекова да домбырада ән шырқады. Кеш соңында Ш.Ділдебаевтың жары Гүлсара Жиеналиева жастарға деген ризашылығын білдіріп, Шынболаттай тұлғаның өнері өлмейтіндігіне сенетіндігін айтты.

Мөлдір Мұқатова. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.