«СӘТ» тобы Сәтбаевта

20140502-05-2Сенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында елімізге танымал «Сәт» тобы екі дүркін концерт берді. Құрылғандарына 5 жыл толуына арналған бұл кеш «Қош, махаббат» деп аталды.

Бұл «Сәттің» Сәтбаев қаласына тұңғыш рет келуі емес, қала халқы өткен жылдары Тұрар, Сапарбай, Азат үшеуінен құрылған трионың өнерін тамашалаған болса, осы жолы Сапарбай мен Азаттың әндеріне қанықты.

– Ата-анасының шешімімен Тұрар әзірге топтан шығып кетті, бірақ, қайта оралады деп күтеміз, – деді бір сөзінде Сапарбай.

Мүмкіндігі шектеулі жандар деп айтуға аузың бармайтын екі азаматтың өздері де есейіп, әндерінде де жаңа стиль, жаңа бағыт пайда болған.

Кеш барысында олардың жеке өмірлері, өнердегі жолдары мен жеткен жетістіктерін баяндайтын бейнебаян көрсетілді. Екі сағат бойы әншілер қазақ композиторларының әндерімен қатар, өздерінің де жүрекжарды бірнеше әндерін орындап, тыңдармандарының ризашылығына бөленді. Алты жасынан бастап өнерлерімен танылған «Сәт» тобын білмейтін жан бүгінде кем де кем шығар. Осы бес жыл ішінде әнге деген махаббат оларды талай биіктерге шығарды. Республиканы айтпағанда, шет елдерде өткен бірнеше фестивальдерде топ жарып, жүлделі оралып жүр.

Адамдарға өмірді сүйе білуді, қиындыққа мойымауды түсіндіре білген азаматтардың ұстанымдары мен жігерлеріне сүйсінбеу мүмкін емес.

Екі бірдей концертте де бос орынның болмауынан, үздіксіз көрсетілген қошеметтен-ақ оларға деген құрмет пен ыстық ықылас сезіліп тұрды.

Кеште «Сәт» тобы құрылған күннен бастап жетекшілік етіп келе жатқан Нұржан Қожабеков сахнаға шығып, сәтбаевтықтарға деген ризашылығын жеткізді.

Концерттің шымылдығы өнер сүйер қауымның асыға күтіп отырған «Көнеміз ғой…» әнімен жабылды.

Бойды шымырлатып, жүректі жылатқан әуенге толы кеште қала әкімшілігі мен тұрғындары атынан әкімнің орынбасары міндетін атқарып жүрген Серік Имамбай шығып игі тілегін білдірді.

Ән кешінің «шіркін-айымен» қоса «әттеген-айы» да болды. «Особо важный персонға» арналған қатарға қымбаттау, басқаларына 1200 теңгеден сатылған билеттерде орындардың көрсетілмеуі көп қолайсыздық туғызды. Орынсыз қалуға қорыққан жұрт бірін-бірі итеріп, балалар жылап, үлкендер шулап, тар есікке кептеліп қалды. Сол арада билетті тексеріп тұрған екі әйелді басып кету қаупі де туындады. Ішке кіргеннен кейін де бұл ыңғайсыздық біразға созылды.

Сарай жұмыскері Отелла Ахмедов «бұл жердің билетінің құны 1500» деп біреулерді «VIP» орындардан тұрғызып, «орын тауып беріңдер» дегендерді «күзетті шақырамын» деп қорқытып жатты. Соны көріп, ұйымдастырушылар жағынан дұрыс көңіл бөлінбегенін байқадық. Әсіресе, не әкім аппараты тарапынан, не кеншілер сарайының атынан бір тал гүл ұсынылмағаны Шынболат ағамызша айтсақ, – «ұят болды-ау»…

Майра Смағұл. Суретті түсірген Е.Назымбекұлы.

Комментарии закрыты.