Еңбегімен еленген жан

20140502-04-1Біз оны Садко дейміз. «Біз» деп отырғаным Жезді кентінің жұртшылығы. Ал, «Садко» деп отырғаным – бүгінде алпыстың асқарына шығып отырған Нұрбала Байзақов. Оның неге Садко атанып кеткенін өзге түгілі өзі де дөп басып айта алмайды. Әйтеуір балғын балалық шағынан бері жабысқан ат болды. Ол кезде бала біткен өзі көрген киносының, не оқыған кітабының кейіпкеріне еліктейді ғой. Ойын баласы Нұрбала да орыс ертегісіндегі Садкодай батыр боламын деп, соған ұқсағысы келіп біраз «тер төксе» керек. Әйтеуір, біз білгелі ол Садко атанып келеді. Шынымды айтсам, оның есімінің Нұрбала екенін кейін, Жезді аудандық «Октябрь туы» газетіне қызметке келгенде барып білдім…

Ішкі істер қызметінің тарихында өмір жолы осы саламен қатар өрілген жандар аз емес. Соның бірі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз, қазақ «талтүс» дейтін жас – алпыс жасқа толып отырған ардақты ағамыз, еңбек жолын Жезді кентінде мемлекеттік автокөлік инспекциясының жол бақылаушысынан бастаған ішкі істер қызметінің ардагері, «Ішкі істер саласында үзіліссіз қызмет еткені үшін» төсбелгісінің толық иегері – Нұрбала Байзақов.

Нұрбала Жәпенұлы 1954 жылы 17 сәуірде қарашаңырақ Қарсақбайда қызметкерлер шаңырағында дүниеге келген. 1960 жылы жұмысшылар поселкесіндегі Көшекәлі Топаев басқарған №2 сегізжылдық мектептің табалдырығын аттаған ол 1970 жылы №1 Жамбыл Жабаев атындағы Қарсақбай орта мектебін тәмамдады. Ол кезде мектеп директоры Сераж Әбдрахманов, ал сынып жетекшісі Өміртай Жәлелов болды. Жастайынан зиялы отбасында тағылымды тәрбие алып, балғын жастан оң-солын танып өскен Нұрбала сабаққа да зерек болды. Онжылдықты жақсы үлгеріммен бітірді. Қатарластары оны өздерінен бұрын жоғары оқу орнына түсер дер үміттенетін. Бірақ, Нұрбала үлкен өмірге жасаған қадамын еңбекпен бастауды жөн көрді.

Жезді кентіндегі байланыс торабында екі жыл монтер болып жұмыс істеген ол көп төселді. Тындырымды ісімен әріптестері арасында оза шауып, басшылардың оң назарына да ілікті. Егер сол салада, сол үрдіспен кете берсе биіктерден көрінер де еді. Бірақ, әскер қатарына шақырылатын жасқа жетіп, 1972 жылы Кеңес Армиясына алынды. Байланыс саласының қыр-сырын жап-жақсы меңгеріп қалған ол екі жыл әуе қорғанысы әскерінің қатарында өзінің азаматтық борышын өтеді.

Әскерден келген жас жігіт қандай мамандыққа барсам деп көп ойланып жатпады. Бірер апта демалып, ағайын-туыстың мауқын басқан соң Жезді аудандық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік автокөлік инспекциясына жұмысқа тұруға өтініш жазды.

Жауырыны қақпақтай, дене пошымы спортшыларға келетін жас жігітті мұндағылар құшақ жая қарсы алды. Мамандар тапшылығы сезіліп тұратын салада жол бақылаушылары мүлдем жоқтың қасы еді. Нұрбаланы бірден осы қызметке қойды. Біздің Садкомен таныстығымыз осы кезеңнен басталды.

Ол кезде біз мектеп қабырғасында, 5 сыныпта оқитынбыз. Поселке көшесінде автокөліктер ағыны дәл қазіргідей болмаса да жол-көлік қозғалысына деген бақылау күшті болатын. Бала болған соң велосипедпен асфальтта жөңкігенді қызық көреміз. Ыңғайы келіп жатса велигіміздің тізгінін жіберіп, автокөлікпен жарысып алатын да кезіміз болатын. Сондайда Садконың көзіне түссең, оңбадым дей бер. Жоқ, ол ұрып-соқпайды. Темір тұлпарыңның екі дөңгелегінің жел ұстайтын тетігін сыпырып алып, велигіңді иығыңа арқалатып, үйіңе дейін алып келеді. Сосын ата-анаңа сенің «ерлігіңді» жырдай етіп айтып береді. Одан арғысы айтпаса да белгілі.

Өз ісіне тындырымды, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін және оны орындата да алатын жас жігіттің іскерлігін ішкі істер бөлімінің басшылары да байқамай қалған жоқ. Оның, әсіресе, жұртшылықпен жұмыс істей білетін, көппен тіл табыса алатын қабілетін байқаған басшылар 1977 жылы поселкенің учаскелік милиция өкілі етіп тағайындады. Сол жылы Нұрбала Алматы қаласындағы КСРО ішкі істер министрлігінің орта милиция мектебіне оқуға түсті.

Тумысынан бастамашыл Садко аталмыш оқу орнында студенттердің көшбасшысы бола білді. Курстастары арасында түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Екі жыл осы мектепте жүріп ол оқу орны басшылары тарапынан алғыс, абыройға бөленді.

1979 жылы аталмыш мектепті заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша тәмамдап шыққан Нұрбала Байзақов Жезді поселкесіне келіп, учаскелік милиция қызметін жалғастырды. Теориялық білімін кәсіби шеберлігімен ұштастыра білген ол облыс бойынша озат учаске милиция өкілдерінің қатарында болды.

Еңбегіне қарай құрмет көрсету, даңққа бөлеу кеңестік идеологияның мызғымас принциптерінің бірі болатын. Және еңбегімен ерекшеленген жандарды биіктерге көтеріп, оны одан сайын шабыттандыра түсетін. Ал, биікке көтеріп, дәріптеудің сан алуан үлгісін ойлап табатын. Оқу орнын бітіріп келген жас өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқарып, ел сенімін ақтап жүргенін көрген басшылар оның еңбегін бағалауды ойластырды. Дәл осы тұста Кеңестер Одағында ХХІІ Олимпиада ойындары өтетін болып шешіліп, соған қызу дайындық жүріп жатқан болатын. Спорт-шылар мен жанкүйерлердің, жалпы жан-жақтан жиналған жұртшылықтың қауіпсіздігін сақтап, тәртіпті нығайту үшін Мәскеуге әр республикадан ішкі істер қызметкерлері жіберілетін болды. Әрине, оған мықтылардың мықтылары ғана лайық болмақ. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшылары өз орталарынан Нұрбала Байзақовты лайық деп тауып, қошеметпен шығарып салды.

Жоғары кәсіби біліктілік, күрделі мәселердегі күрмеулі тұстарды шебер шеше білуге қабілеттілік, еңбеккерлерге, айналасындағы әріптестеріне деген сыйластығы, көпшілікпен жақсы тіл табыса білетіндігі назардан тыс қалмай, ілтипатқа алынып, 1981 жылы Нұрбала Қарсақбай поселкесіндегі полиция бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды. Кешегі іргелі өндіріс ошағы болған жер қырық рудан құралғандай еді. Алты жыл бойы осы ауылдың қоғамдық тәртібін сақтап, қылмыстың алдын алу мен құқық қорғау саласының жұмысын ұйымдастырды, халықпен, әр түрлі себептермен жазасын өтеп келген жандармен тығыз байланыста жұмыс істеді. Қызметін мінсіз атқара жүріп КСРО ішкі істер министрлігінің Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебін де ойдағыдай оқып, жоғары білім де алды.

Нұрбала Байзақов қызметімен бірге қоғамдық жұмыстарда да, сайланбалы органдарда да абыройлы қызмет етті. Ол бірнеше мәрте халық депутаттары поселкелік, аудандық кеңесіне депутат болып сайланып, өзінің ел алдындағы аманаттарын да абыроймен орындады. Ол, әсіресе өзінің жүрек қалауымен келген ішкі істер саласының дамуы мен өркендеуіне бар мүмкіндігін орынды пайдалана білді. Депутаттық аманатын да осы салаға қатысты алған ол оны мінсіз атқарды. Осы міндеттерді орындаудың қолтаңбасы деп Жезді ауданында мемлекеттік автокөлік инспекциясы бөлімінің ашылуын, аудандық паспорт столы қызметінің штаттық кестесінің көбеюін, аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратының жөнделіп, материалдық, техникалық базасының нығаюын айтуға болады. Ол, сондай-ақ, поселкенің дамып, көркеюіне, орталықта көп қабатты үйлердің салынуына, әлеуметтік, мәдени нысандар құрылысының дамуына да үлесін қосты.

Өзінің біліктілігі мен іскерлігінің арқасында Нұрбала Жезді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет етті. Кейін осы бөлімді өзі төрт жыл басқарды. 1993 жылы КСРО ішкі істер министрлігінің Омскдегі академиясында алты ай білімін жетілдіру курсында оқып, біліктілігін арттырды. 1995 жылы Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып ауысты. Ал, 1996 жылы Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының есірткіге қарсы күрес бөліміне басшылық қызметке келді. Бір жылдан соң зейнеткерлік демалысқа шықты.

Тынымсыз қызметтерде жүрген жылдарда Нұрбала «Осы, бір зейнеткерлік демалысқа шығып алсам ештеңеге араласпай, алаңсыз демаламын» деп ойлайтын. Бірақ, ол ойы жүзеге аспады. Жарты жылға жетер-жетпесте екі қолын алдына сидыра алмай қойды. Бұрын жұмыспен жүріп байқамайды екен. Әбден зерігіп кетті. Ақыры халық банкіне инкассация қызметіне келді. Одан кейін оны «Центр Кредит Банк» қауіпсіздік қызметіне шақырды. Ал, 2002 жылы қала әкімі Қанат Балмағамбетов оған қалалық суда құтқару қызметін басқаруды ұсынды. Ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарып, өзін жақсы қырынан таныта білген жігітті қала басшысы қиюы кетіп, қызметі ақсап тұрған саланы қалыпқа келтіруге шақырды. Бүгінде ол осы қызметті жоғары деңгейге көтеріп, іскер жандардан білікті құрылым қалыптастырды. Олар қазір халыққа мінсіз қызмет көрсетуде.

Нұрекең мықты қызметкер ғана емес, мерейлі әке, мейірімді ата. Зайыбы Үмия екеуі ұл-қыз, немере сүйіп отырған ұлағатты отбасының иесі. Ұлдары да өзіне тартып, істерінің мығым маманы атанып отыр. Үлкен ұлы Еркебұланы Сәтбаев қаласында полиция бөлімі бастығының орынбасары болып жүріп, Қарағандыға ауысты. Қазір Михайловка аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Келіні Науара банк саласының маманы. Ортаншы ұлы Жасұлан Қарағандыда «АТФ банкте», келіні Айгерім баламен үйде отыр. Кіші ұлы Өміржан «Қазақмыс» корпорациясында, ал үйдегі келіні Әлмира банк қызметкері.

Алпыстың асқарына шыққан Нұрекең бүгінде өзімен бірге қызметтес болған әріптестері мен ағалық ақылын айтып, тәлім берген ұстаздары Сәтімбек Балтабеков пен Жақия Кішеновты сағынышпен еске алып отырады. Мұның өзі кеңдіктің, достық пейілге деген адалдықтың бір көрінісі емес пе? Адам баласы бір жағынан істеген кәсібімен, игерген мамандығымен көгереді. Біз Садко деп атап кеткен Нұрекеңнің – Нұрбала Байзақовтың өмір жолы соның айқын бір көрінісі.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.