Сағындырған ретро әндер

Қаламызда әкім Әнуар Омардың бастамасымен мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері арасында «Ел іші – өнер кеніші» фестивалі өтіп жатқаны белгілі. Осындай кезекті сайысты №5 «Нұрбөбек» балабақшасының ұжымы жалғастырды.

Балабақша қызметкерлері ретро стильді тақырыптарына арқау етіп, «Сағындырған жылдар-ай» атты концерттік бағдарлама ұсынды. Кешке арнайы қонақ ретінде қала әкімі Ә.Омар, қалалық мәслихат хатшысы Т.Хмилярчук қатысып отырды.

Ұжым өнерпаздары халықтан барын аяп қалмады. Концерт барысында ұжым ішіндегі ерекше ыстық ықылас пен ауызбіршілік сезіліп тұрды. Соның арқасында әні мен биі, қойған көріністері әсерлі шығып жатты. Концерттік бағдарламаны Қ.Сәтбаевтың 115 жылдығы қарсаңында өткен жазба ақындар мүшайрасының 3 орын иегері Ләззат Жұманова «Нар тұлға» атты арнауымен ашты. Балабақша қызметкерлері өнерлерін әр қырынан танытты. Олар салған ән, оқыған поэзия, билеген билері мен көріністері халықтың қошеметіне бөленді. Балабақшаның медбикесі Анар Сағындықова «Цвети, земля моя» әнін шырқап, көпшілікті ерекше дауысымен тамсандырып, таңдай қақтырды. Ұжымның арасында «Жас сұңқар», «Шабыт», «Жас қанат» байқауларының жүлдегері Дина Садырбекова сынды өнерпаздар бар екен. Дина орындаған «Жас қайың» әні көрерменнің есінде өзіндік ерекшелігімен сақталды. Сонымен қатар, «Он алты қыз» халық әніне би-көрінісі қойылды. 70-80 жылдарға шолу жасалған ретро кеште замананың кереғар көрінісін танытқан «Қара шал» қойылымы қойылды. Оқиғаның өрісі әке-шешеден бас тартқан безбүйрек ұл мен қыздың кесірінен қарттар үйін сауғалап қалған үлкендердің өкінішімен өрбіді.

Байқауда қала әкімі орынбасарының м.а. С.Имамбай, мәдени-сауық орталығы үйірмесінің жетекшісі А.Күлшекенова, аймақтық өнер орталығы домбыра үйірмесінің жетекшісі Қ.Урмузов төрелік етті.

Мөлдір Мұқатова. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.