Өнермен өрнектелген өмір

20140502-03-1-120140502-03-1-4Шамшырақ болып өзгенің өміріне адастырмас сүрлеу- соқпақ жол салып беру өз ісін сүйген білікті ұстаздардың ғана қолынан келетін ұлы шеберлік. Ол мәдениет саласында жүріп, әнге таласы бар балғындарды әншілік жолға салып, баптады. Ақтоғайдың ақ кербез керім даласында туып-өскен Айнагүл Күлшекенованың ұстаздық әрі әншілік қырына кенді қаланың қалың жұртшылығы әбден қанық.

Өнер жолы мен ұстаздықты өмірінің өзегіне айналдырған Айнагүл Жұмашқызы биыл алпыстың асқарына ат шалдырды. Талай шәкірт тәрбиелеген ұстаздың 60 жылдық мерейтойында республикамыздың түкпір-түкпіріне қанат қаққан шәкірттері жиналып, өткен жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Өмірімнің мәні – шәкірттерімнің әні» атты кешін өткізді. Сөйтіп, биыл оныншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Саған арнаймын, әсем қалам!» қалалық халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар фестивалінің шымылдығы құрметті ұстаздың шығармашылық кешімен ашылды.

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, «Ы.Алтынсарин» атындағы медальдің иегері А.Күлшекенованың мерейтойына арналған салтанатты кешке қала әкімі Әнуар Омар бастаған жергілікті билік өкілдері мен Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан туған-туыстары, шәкірттері, сондай-ақ, Алматыдан арнайы осы кешке келген «Сәтбаев вальсі» әнінің авторы Нұрлан Керімбеков және жалпы Айнагүлдің өнеріне тәнті жұртшылық қатысты.

Кеш иесіне деген алғашқы құттықтауын Әнуар Серікбайұлы жеткізді. А.Күлшекенованың шәкірт тәрбиелеудегі ісі кейінгі буынға үлгі екендігін тілге тиек ете келе, қала басшысы оның алдағы еңбегіне шығармашылық табыс тілеп, ат мінгізді.

Киелі сахнаға икемі бар деген ұл мен қызды өз қамқорлығына алған Айнагүл Жұмашқызының ұлы, алғашқы шәкірті, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы – Дәулет Омашев, Ақтоғайдан келген бауырлары, «Тоқырауын толқыны» халықтық ансамблінің мүшелері Нұрлан мен елімізге аты кеңінен танымал Амантай Жұмашевтар шырқаған әндер кешке жиналған көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Жұмашевтар отбасы әуелеткен «Ақтоғай» әні шырқалғанда бұл әулеттің өнерге деген құрметі мен ықыласының ерекше екендігі байқалды.

Кейінгі жас буын шәкірттерінен Ратбек, Думан, Бауыржан, Ақбота, Қуандық орындаған әндерде ұстаздары үйреткен мақам-иірімдер сезіліп тұрды.

Сыңғыр дауыс иесі атанған А.Күлшекеноваға деген өзінің ақжарма тілегін Жезқазған қаласының жұртшылығы атынан белгілі меценат, әншінің жерлесі Бекзат Алтынбеков жеткізіп, өз отбасы атынан кеш иесіне ат мінгізді.

Әріптестеріне деген құттықтауларын, сондай-ақ, қалалық білім және ғылым кәсіподағының төрайымы Гүлнар Ілиясова мен №16 орта мектептің басшысы Қайрат Смаилов арнады.

Айгүл Жұмашқызының тәлім-тәрбиесін көріп, өсіп келе жатқан кішкентай әншілер де ән шырқады.

Талдықорған қаласынан кешке арнайы ат арытып келген, бір кездері Сәтбаев қаласының мәдениетінің көркеюіне өзіндік үлесін қосқан Азат Қыдырбайұлы әріптесіне деген лебізін білдірді.

Шығармашылық кештің шымылдығы Айгүл Жұмашқызының орындауындағы Мәуия Бекмағанбетованың сөзіне жазылған Нұрлан Керімбековтың әні «Сәтбаев вальсімен» жабылды.

Өнермен өрнектелген ұстаз жолынан сыр шерткен кештен қалың жұртшылық мол әсер алып тарқасты.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.