Майдангер ұрпағымын

20140502-02-2Ұлы Отан соғысы осыдан 69 жыл бұрын аяқталғанымен, оның салған жарасы талай жүректе әлі де бар. Балғын балалық шақтары осынау зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген жандар қаншама?! Бірі қару көтеріп соғысқа аттанса, енді бірі тылдағы еңбекті үлкендермен бірге бөлісті. Сондай жандардың бірі – менің әкем Әбілхамит Жүнісов.

Самай шашын қырау шалған, сол кезде жасы сексенді алқымдаса да жүзінен қажу-шаршау білінбейтін сол бір ақжарқын әкем көз алдымнан кетпейді. Ол кісінің жастық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Елімізге неміс-фашист басқыншыларының опасыздықпен шабуылы басталғанда Қарсақбай төңірегінен алғаш майданға аттанғандардың бірі де әкем Әбілхамит Жүнісов еді. 1940 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынған ол соғыс басталғанда сол әскер қатарында жүріп майданға кірді. Жас жігіт алғаш соғысқа кіргенде небір сұмдықты көріп, жаны түршікті. Содан да болар, кейін елге оралғанда біз одан соғыс жайлы, жорық жолдары жайлы сұрағанымызда шешіліп әңгіме айтпайтын. Бар айтатыны, «Ол бір зұлмат заман еді ғой. Қаншама боздақтар қыршын кетіп, жат жерде қалды. Ондайды енді қайтып басқа бермесін. Кейінгі ұрпақ, сендер соғысты көрмей өсіңдер. Елде тыныштық, бейбіт заман болсын» дейтін.

Әрине, соғыс болған соң кескілескен ұрыстың болары заңдылық. Әкем сол төрт жылда небір жан беріп, жан алысқан ұрыстарға қатысты. Өз шамасында ерлік те көрсетті. Оның омырауындағы медальдар сол бір қан кешу қасап заманның белгісіндей.

Елге келгеннен кейін де бейбіт өмірде қол қусырып қарап отырмай, еңбекке араласты. 1967 жылдан 1988 жылға дейін кенші болып жұмыс істеді. Өзіне тапсырылған қандай да жұмыс болмасын абыроймен атқарып, шаруашылық экономикасының нығаюына үлес қосты. «Еңбек ері» медалімен марапатталды.

Анам Дәрікүл екеуі алты бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлдары – ұяға, қыздары қияға қонды. Ел қатарлы еңбек етіп келеді. Соның бәрі әке мен шешенің тағылымды тәрбиесінің жемісі.

Егер тірі болғанда әкем Ұлы Жеңістің 70 жылдығын қарсы алар ма еді. Ауыр еңбек пен соғыс зардабы оның өмірін 78 жасында қиды. 1998 жылы, шілде айының соңында өмірден озды. Жеңіске жеткізгендердің бірі – Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Әбілхамит Жүнісовтің өнегелі жолы қазіргі ұрпаққа үлгі боларлық.

Гүлнаш Жүнісова.

Комментарии закрыты.