Жеңіс саябағы жаңғыртылатын болады

Ұлы Жеңіс тойының 69 жылдығын лайықты атап өту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Осы мақсатта қала әкімі Әнуар Омар әкімдіктің бір топ жауапты қызметкерлерімен бірге қаламыздағы Жеңіс саябағы мен Даңқ аллеясын аралап, олардың мерекеге әзірлік барысымен танысып, келешектегі көркеюі жайлы тапсырмалар берді.

20140502-02-1

Қаламыздың сәулетті орындары саналатын Жеңіс саябағы мен Даңқ аллеясы жылда ағымды жөндеуден өтіп келеді. Әйтсе де, кейбір сана-сезімдері төмен азаматтардың кесірінен аталмыш орындар аз зардап шегіп отырған жоқ. Қейбір ескерткіш белгілер қиратылып, сызылып, шимайланып қалады. Жылда мереке қарсаңында сол келеңсіздіктер жөнделіп, жолға қойылып жатады. Оған, әрине, аз қаржы жұмсалмайтыны тағы белгілі.

Осындай олқылықтарды болдырмас үшін әкімдік саябаққа бейнекамералар да орнатты. Ендігі жерде камералар іске қосылып, бүтін дүниелерді бүлдірген сұғанаққолдарды ұстап, жазалау оңай болмақ. Ол үшін саябақ келешекте қалалық мекемелердің бірінің иелігіне берілетін болады.

– Кешегі отты жылдарда оқ пен өрттің ортасында жүріп, бүгінгі бейбіт заманды орнатқан соғыс ардагерлеріне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Саябақ пен аллея – сол құрметтің бір белгісі. Ендеше, олардың сәулетті болуы, ардагерлердің көз қуанышы болатындай жабдықталуы, көгалдандырылуы – біздің міндетіміз.

Келер жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланатын болады. Оған күні бүгіннен бастап дайындық жасауымыз қажет. Осы мақсатта аллея мен саябақ қайыра жаңғыртылатын болады. Оның жобасы әзірленіп, пысықталуда, – дейді әкім Әнуар Омар жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Қала басшысы, сондай-ақ, тыл ардагерлері мен Ауған соғысының ардагерлеріне де арнап арнайы аллея жабдықтау қажеттігін де тілге тиек етті. Осы игілікті істің жобасын тез арада жасап, талқыға салуды тапсырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.