Қорық – мұражайдың негізін қалаушы

20140516-07-01Бұл жалғанда өмір жолдарын ғылымға, кәсіби еңбекке арнаған абзал да ардақты жандар аз емес. Солардың бірі – ғалым, ұстаз жаратылыс саласын зерттеудің үздігі Темереева Фарида Мәмбетәліқызы.

Фарида 1951 жылдың 1 қыркүйегі күні дүниеге келген. 1975 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп, Білім Министрлігінің жолдамасымен Жезқазған педагогикалық институтынан мұғалім болып келген ұстаздың еңбек жолдары осы Жезқазған өңірінің табиғаты мен тарихын зерттеуге, оны қорғауға арналады. Зерттеумен, ғылыммен тікелей айналысқан Фарида Мәмбетәліқызы 1983 жылы Мәскеуде оқуын жетілдіріп, ірі маман ретінде Жезқазған облысының «Физикалық оқу картасын» редактор ретінде дайындап, Ресейде баспаға басып шығарды. Сонымен бірге, «Жезқазған облысының географиясы» оқулығын жазды.

Ұлағатты ұстаздың «Өлкетану» атты бағдарламасы өңірдің гимназия және орта мектептерінде жеке пән ретінде енгізілді. Ғылымның жандануына ерекше үлес қосқан ғалым Фарида Мәмбетәліқызы Жезқазған облысының биологиялық және өңірлік табиғат көріністерінің сан алуандылығын сақтау мәселелерінің шешу жолдарын өзінің диссертациялық еңбегіне арқау етті.

Ұлт ұясы Ұлытаудың тарихын жоғары бағалаған ғалым «Ұлытау табиғи қорығының экологиялық-географиялық» негіздемесі атты үлкен ғылыми жобаны дайындады. Ал 1989 жылдан бастап, негізгі жұмысынан тыс «Ұлытау» қоғамдық қозғалысының мүшесі ретінде еңбек етті. Өзінің өмір жолдарын ғылым жолына арнаған ұстаз, 29 ғылыми еңбектің авторы атанды. Жезқазған педагогикалық институтының маманы ретінде 1996 жылдан осы институттың география кафедрасының жетекшісі болды.

Темереева Фарида Мәмбетәліқызы «Ұлытау» қоғамдық қозғалысының мүшесі ретінде атқарған еңбектері жөнінде осы ұйымның мұрағатында мынадай мәліметтерді кездестіруге болады:

«Мен, Ф.Темереева, 1990 жылдан бастап «Ұлытау» қоғамдық қозғалысының мүшесімін. Үш бағытта жұмыстар жүргіздім.

– Ғылыми-зерттеу жұмысы;

– Үгіт насихат жұмысы;

– Табиғатты қорғау жұмысы.

Табиғи ескерткіштердің экологиялық-географиялық негіздемесі «Кеңгір» жобасы алынып, экологиялық негіздеме жасалды.

«Байқоңыр» космодромының әскери бөлімшесінде әскери қызметшілерге баяндама жасадым. Телеарна және радио, жергілікті баспасөз беттерінде облыс экологиясы туралы бірнеше мақалаларым жарық көрді. Табиғатты қорғау туралы тәжірибелік жұмыстар жасалды.

«Невада-Семей» қозғалысының есеп-шотына ақша аудару мақсатымен жаратылыстану факультеті студенттерін ұйымдастырдым.

«Семей полигонына» қарсы Жезқазған институтының студенттері мен қызметкерлері атынан қол жинадым. «Кіші Жібек жолы Отырар-Ұлытау» экспедициясын дайындауға атсалыстым».

Ғалым ұстаз өмірі өте қысқа болды. 2006 жылдың 6 мамыр күні жол апатынан көз жұмды.

2011 жылдың маусым айында «Ұлытау» қорық-мұражайының ұжымы ғалымның жерленген жері Шу қаласына барып, туыстарын жинап, құран бағыштап қайтты. Ғалымның бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Біз үшін бұл кісінің еңбегі зор, 1988-1989 жылдары біздің «Ұлытау» Ұлттық қорық-мұражайдың негіздемесін жазып, «Ұлытау» қоғамдық қозғалыс ұйымы (Б. Қожахметов) арқылы, облыстық депутаттардың (Ә. Байменов), облыстың атқару комитетінің (С.Қожамсеитов) қолдауымен Үкіметке ұсынған. Осы әрекеттің арқасында 1990 жылы біздің мекеме Үкіметтің арнайы қаулысымен дүниеге келді. Бүгінгі күні біздің мекеме еліміздегі үздік қорық мұражайы ( жер көлемі 147 мың га) болып өзінің жобаларымен, іс-жоспарларымен жұртшылыққа таныс.

Ф. Темерееваның есімі Ұлытау тарихында, оның ішінде біздің қорық-мұражай тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

Нұрсұлу Раймова. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы директорының орынбасары.

Комментарии закрыты.