Арғанаты – қойнауына сырын бүккен ғажайып өлке

20140516-07-02-120140516-07-02-2Арғанаты таулары Ұлытау тауларынан ерекшеленеді, бірақ, сол таулардың сілеміне жатады. Арғанаты тауының ең биік нүктесі 757 метр. Жаман Арғанаты және Жақсы Арғанаты болып екі атауға бөлінеді.

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев: …’’Ұлытау кенересінің негізгі жоталары оңтүстіктен шөлейтке қарай созылған. Бұл жоталар шөлейт жиектерінен шығысқа қарай азырақ бұрылған. Оны қазақтар «Арғанаты» тауы деп атаған. Шын мәнінде, ең дұрысы «Арғын ата» болуы керек‘’, – деп, жазбаларында қазақ тайпаларына жататын арғын руымен дәлелдеп, осылай тұжырым жасаған.

Арғанатының биік шыңынан қарағанда тау бірнеше қатпарлы белестерден тұрады және жынысы екі түрлі болып келеді. Біреуі қызыл түсті граниттен болса, екіншісі қара қошқыл түсті сланец кенінен жаралған. Маңында сарқырап ағып жатқан мөлдір су, ақтұңғиық, сарытұңғиық, түймешетен, мыңжапырақ, түймедақ сияқты емдік қасиетіне бай дәрілік өсімдіктер жерге әсем келбет береді.

Арғанаты табиғатымен ғана ерекше емес, түркілердің орта ғасырдан қалған ғұрыптық тас мүсіндеріндегі ескерткіштермен де ерекше. Арғанаты сілемінің баурайынан VIII-ХІІ ғасырларға жататын граниттен қашалып жасалған «адам» тас мүсіндері де кездеседі.

1946-1962 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі, атақты ғалым Әлкей Марғұлан Ұлытау өңіріне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде «Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер» туралы ғылыми еңбегі жарыққа шықты. Көне тарихтан сыр шерткен ғұлама ғалым бұл зерттеуінде: «Тас мүсіндер тізбегінің көрнекті бір тобы Арғанаты тауының қойнауларында, Ұлытаудан Атбасарға баратын үлкен қара жолдың маңайында кездеседі. Арғанаты және ең биік шоқысы Мық, Домбауыл. Айыршоқы – Ұлытаудың солтүстік сауыры болып саналады. Арғанаты тауының толып жатқан сайларында тас шарбақпен мүсін тастың әртүрлі топтары кездеседі. Бірақ, өкінішті жері, шарбақтардың жанындағы тас мүсіндердің көпшілігі сақталмаған. Олар қирап бүлінген, кейбіреулерін жүргіншілер қопарып алып кеткен. Әсіресе, Ұлытаудан Атбасарға баратын керуен жолының бойындағы шарбақтар мен мүсін тастар тонауға көбірек ұшыраған. Бұл араларда қонып, не көлік шалдырып өткен жүргіншілер от жаққанда тас мүсіндер мен шарбақтардың тақта тастарын қопарып, жерошаққа пайдаланып отырған. Сол мақсатпен кейбіреулерін уақтап сындырған», – деп өкінішпен айтады.

Осы сапары кезінде Ә.Х.Марғұлан Арғанаты беткейлеріндегі көне тас мүсіндерді жете зерттеді. Зерттеу барысында «адам» тас мүсіні, құланның бейнесі бар тастағы таңба және құлпытастағы құнды жәдігерлер табылған.

Бүгінгі күнге дейін Арғанатыда түркі обалары, орта ғасырлық қорғандар, неолит тұрағы және тарихи үңгірлер бар. Домбығұлдың етегіндегі үлкен қоныс орны соның дәлелі. Бұл жерді кезінде Ә.Х.Марғұлан мен Қ.И.Сәтбаев «Орда-Базар» қонысы деп атаған. Жергілікті тұрғындар «Домбығұл» қонысы деп те атайды. Бұл жерге зерттеу жұмыстары әлі күнге дейін толық жүргізілмеген. Осы жерден 10 км-дей жерде биік қырдың басында үңгір бар. Сол үңгірден жан-жаққа көз салсаң, нағыз бір картинадағыдай көркем табиғат көрінісін көресің.

Арғанатыдағы Бозай өзенінің төменгі сағасында «Жекешат» сайы бар. Осы жерден ХІV ғасырға жататын тас мүсін табылған. Мұны кезінде Ә.Х.Марғұлан зерттеген болатын. Мүсіннің басты ерекшелігі –ол бұрынғы түркі дәуіріндегі салт-жоралғыдан басқаша, жаңа тарихи кезеңінің дәстүрімен қойылған. Мүсін кішігірім тас обаның түркі кезеңіндегідей шығыс жағында емес, солтүстік-батысына орнатылған. Беті де солтүстік-батысқа қарайды. Қызғылт қоңырқай түсті құмайт, тастан жонылған. Мүсінші басына сәукеле киген, жаңа түскен жас келіншектің сұлу бейнесін кескіндеген. Сәукеленің осы мүсіні таста келтірілген жеңіл түрін халық арасында желек деп атайды, төбесі биік басы шошақталған әйелдің арқасына төгіліп тұратын мұндай желек үлгілері қазақ этнографиясының көптеген деректерінде жақсы сақталған. Жекешат тас мүсіні сипаты бойынша Орталық Қазақстан өңіріндегі тас мүсін жасау дәстүрінің ең соңғы кезеңіне жатады. VІ ғасырдан бастап, тамыры арғы дәуірлерге баратын түркілердің тас мүсін өнері, кейінгі қыпшақ заманына қарай ислам діні тарапынан тыйым салынып, соңынан жойылып кеткен.

ХVІ ғасырдан бастап, қазақ арасында тас мүсін орнына моланың солтүстік-батыс жағына қойылатын бетіне арабша жазу түсірілген құлпытастар кеңінен тарады. Сондықтан, Арғанаты бауырындағы тас мүсіндер ежелгі көне дәстүрдің жойылар алдындағы соңғы бой көрсетуінің бір үлгісі болып табылады.

Кезінде аймаққа танымал, белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіров те Арғанаты бойындағы тас мүсіндерді аралап, фотосуреттерге түсірген. Осы сапары кезінде ойға түйгенін «Арғанаты ескерткіштері» атты мақаласында былай баяндайды: «Арғанаты бойында талай-талай таңдай қақтырған тас ескерткіштердің көрмесін көрдік. Шіркін-ай, тас заманында өмір сүрген бабалар мүсін өнерін қалай ғажайып меңгерген! Арғанаты асуындағы қара жолдың бойында тікейтіліп қойылған үлкен тас мүсінді көрдік. Жергілікті тұрғындар «Адамтас» деп атайды. Бұл екінші тас мүсін. Осы таудағы бірінші тас мүсінді Жезқазған мұражайына Әлкеңнің өзі 1972 жылы тапсырған болатын. Осы екінші тас мүсін Арғанаты тауынан табылған мүсіндердің ең үлкені және ең ауыры. Оның биіктігі 210, ені 58 сантиметр. Бұл, сірә, ерте дүниенің алып балуанының, не апайтөс батырының бейнесі болар. Әйтеуір, оның авторы ерен күштің иесін аудырмай суреттеген», –деп түйіндейді.

Арғанаты тарихына терең үңіліп, түйсік таразысына тартсақ, оның астарында көптеген тосын тұжырымдарға негіз боларлық ғаламат сыр жатқандығын аңғаруға болады. Келешекте осы аймақтарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет.

Қайрат Жұмабаев. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының ақпарат жетекшісі.

Комментарии закрыты.