Жауынгер жерлесіміздің зираты табылды

Ұлы Отан соғысында елі үшін жанын құрбан етіп, із-түзсіз жоғалған тағы бір ұлытаулық жауынгердің жерленген орны табылды. Белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы Белоруссия жерінде қаза тапқан атасы Сөли Омарұлы Оспановтың зиратын тапты. Жуырда Берік Белоруссияға барып, атасының зиратына құран оқып, жатқан жерінің бір уыс топырағымен қоса сол елдің мұрағатынан мол мұраларды елге ала келді.

1941 жылдың 22 маусымы. «Неміс басқыншылары елімізге тұтқиылдан соғыс ашты» деген қаралы хабарды радиодан естіген мезеттен жүректері лүпілдеп, ата-аналары мен бауырларының көз жастары көл болып артта қалып, ер азаматтар қан майданға аттанып жатты. Солардың қатарында Сөли Омарұлы Оспанов та бар еді.

20140516-04-01-1

Сөли Омарұлы 1912 жылы Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Терісаққан өзенінің бойында дүниеге келген. Оның арғы аталарының өзі ақтабан шұбырынды заманда бес қаруын асынып, елін, жерін Жоңғар басқыншыларынан қорғаған, ұлт азаттығы жолындағы жорықтарға қатысқан Арғын төртуыл – Биғаш батыр мен оның немересі – Жанайдар батыр.

Кешегі Кенесары хан ұлт-азаттық қозғалысының туын көтеріп, ақ патшаға қарсы қол жинаған тұста Жанайдар батыр Терісаққан бойындағы қалың елін соңына ертіп, Кенесары әскеріне келіп қосылған. Батыр осы жолдағы он жылдай болған соғыста өз ерліктерімен көзге түсіп, Кенесары ханның бас батыры атанған.

Он жылдай шайқасқан Кенесары ханның көтерілісі қырғыз жерінде сәтсіз аяқталып, ханның өзі қолға түсіп, мерт болды. Ал, оның бас батыры Жанайдар өзімен еріп жүрген қалың елді ертіп туып-өскен мекендері – Терісаққанға келіп, ағайын-туысқандарына жер бөліп беріп, өзі сол елге болыс болып сайланады. Сол Жанайдар батырдың 200 жылдығына орай Терісаққанда ас беріліп, Терісаққан ауылының орталығында батырға ескерткіш қойылды. Оған да мұрындық болған осы Берік Әбдіғалиұлы еді.

Міне, сол тектілердің тұқымы, асылдың сынығы сынды Сөли Омарұлы Оспанов өз заманында қатарларының алды болып, қоғам жұмысына белсене араласты. Сөлидің әкесі Омар азын-аулақ малын бағып, шаруасын күйттеген момын адам болатын. Ал, оның ағасы, яғни, әкесінің інісі Оспан ел ісіне араласып, белсенділік танытып жүретін ширақ кісі болған екен. Сол Оспан 1920 жылы Сөлиді Атбасарға алып келіп, орта шаруаның балалары оқитын мектепке оқуға береді.

Атбасар қаласында оқып, білім алған Сөли елге келіп, ауыл балаларын жинап дәріс беруге кіріседі. Кейін осы өңірде Талап колхозы құрылып, сол жерде жеті жылдық мектеп ашылады. Сөли Оспанов сол мектептің меңгерушісі болып қызмет етеді.

20140516-04-01-220140516-04-01-31941 жылдың жайдары жазы болатын. Күн демалыс еді. Әйтсе де елдің шырқы елең-алаңнан бұзылды. Германия елімізге опасыздықпен шабуыл жасады. Бүкіл әлемді дүрліктірген Ұлы Отан соғысы басталды. Қолына қару ұстай алатын адамдардың бәрі әскерге шақырылды. Ауылдарда мектептер жабылып, мұғалімдер мен жастар майданға аттанды. 1941 жылдың 26 маусымында Талап колхозынан да бір топ жас әскерге алынды. Солардың қатарында Сөли Оспанов пен оның інілері Есілбай Әбдіғалиев, Төлеген Әбенов және Берлібек Нурин сынды ауыл жастары бар еді. Әскерге барған Сөли Оспановтың жорық жолдары І Беларусь майданында басталды. Жас жігіт талай кескілескен ұрыстарға қатысып, ерлік көрсетіп, қысылтаяң шақта қиыннан жол табатын тапқырлығымен танылды. Берік Әбдіғалиұлының мұрағаттан әкелген құжаттарының арасында Сөли Омарұлының сол ерліктерін растайтын да құжаттар аз емес.

«…Бұл 1943 жылдың қыркүйек айы болатын. Неміс басқыншыларының алға басқан аяғы кері кетіп, шабуылдарының мандымай тұрған кезі еді. 182 атқыштар дивизиясы мықтап бекініп алып, немістерді бір қадам да алға жылжытпай қойды. Қайта біздің жауынгерлер біртіндеп болса да алға ұмтылуда.

Жау снарядпен де, минамен де төмпештеп жатыр. Аспан мен жер тұтасып кеткендей. Осындай аласапыранды пайдаланған фашистер алға ұмтылып көріп еді, жауынгерлер бас көтертпеді. Ефрейтор Сөли Оспанов ұрымтал тұстан өтпек болған үш фашист солдатын жер жастандырды. Майдан шебінің ыдырауына жол бермеді. Кеңес әскерінің қорғанысын бұза алмаған жау ақыры 15 метрге кейін шегінуге мәжбүр болды. Бұл неміс басқыншылары үшін үлкен жеңіліс еді.

Осы шайқас кезінде көзге түскен жауынгерлер марапатталды. Ефрейтор Сөли Оспановтың омырауына «Ерлігі үшін» медалі тағылды». 11 қазан, 1943 жылы толтырылған марапаттау парағында осылай деп жазылыпты.

Сөли Омарұлы мұнан басқа да ерліктің үлгілерін көрсетіп, қазақ деген елдің ұландарының батыр, қайсар болатынын сан мәрте дәлелдеген. 182-атқыштар дивизиясының командирі, полковник Калинин қол қойған марапаттау қағазында Сөлидің сондай бір ерлігі баяндалған.

Бір қадам жер үшін жан беріп, жан алысқан ұрыстар жүріп жатыр. Неміс басқыншылары әлі де алға жылжуға үмітті. Сондай бір кескілескен ұрыс Козлов деревнясы үшін болды. Деревняны басып алуға ұмтылған жау әскерінің кезекті шабуылы тағы сәтсіз аяқталды. Осы ұрыста сержант Сөли Оспанов бір өзі сегіз неміс солдатын жайратты.

Жау шегінуге мәжбүр болды. Оларды өкшелей қуған 232 атқыштар полкының сержант Сөли Оспанов басқаратын бөлімшесі жаудың алдын орап, тосқауыл қойып, жау колоннасын өздеріне мейлінше жақын келтіріп алып барып оқ жаудырды. Мұндай тосын шабуылды күтпеген жау жағы абдырап қалды. Жиырмаға жуық жау солдаты жер жастанып, 8 солдат қолға түсті.

Жау солдаттарын өкшелей қуған сержант Оспановтың бөлімшесі сол бойда жау бекінісіне келіп, олардың траншеясын басып алып, өзі жаралы болса да жауды алға жібермеді. Осы көрсеткен ерліктері үшін 1944 жылы, 8 мамырда сержант Сөли Оспанов ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, марапатталды. Ал, 1944 жылы 15 маусымда майданда көрсеткен ерліктері үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденін омырауына қадады.

…1944 жылдың тамызы. Кейін шегінген жау әскері жолындағысының бәрін жайпап барады. Елді мекендерді өртеп, тарихи ескерткіштердің күл-талқанын шығаруда. Өздері өткеннен кейін көпірлердің де күлін көкке ұшырып жатыр.

182 атқыштар дивизиясының 232 атқыштар полкіне қарасты сержант Сөли Оспановтың бөлімшесіне қолбасшылар ерекше тапсырма берді. Бөлімше Айвиэкста өзеніндегі көпірді күзетіп, өз әскерлерінің шегінуіне жағдай жасап отырған жау тобының көзін жойып, көпірді аман сақтап қалулары қажет.

Белгілі межеге келген соң Сөли жау тобының ту сыртына өтіп алып, олардың кейін шегінулеріне мүмкіндік бермей, тарпа бас салды. Шайқас ұзаққа бармады. Бөлімше командирінің шұғыл шешім қабылдап, шабуылды ұтымды ұйымдастыра білуінің арқасында 4 неміс солдаты оққа ұшып, 4 солдат тұтқынға алынды. Бөлімше командирі Сөли Оспановтың өзі жау солдатының бірін өлтіріп, біреуін тұтқындады. Тапсырма ойдағыдай орындалды. Көпір мен бекініс кеңес әскерлерінің қарауына өтті. Жау әскерінің шегіну жолы кесілді.

Осы ұрыста ерлік көрсетіп, дұрыс шешім қабылдай білгені үшін сержант Сөли Оспанов ІІ дәрежелі Даңк орденімен марапатталды.

Әттең…Қазақтың батыр ұлының жорық жолы Берлинге жетпей үзілді. 1944 жылдың тамыз айында болған кезекті бір кескілескен ұрыста сержант Сөли Оспанов бастан ауыр жарақат алды. Сол жарақаттан ес жимаған күйі госпитальда жатып көз жұмды. Есіл ердің ғұмыры небары отыз жасында қиылды. Топырағы да жат жерден бұйырды. Жауынгер жерлесіміздің сүйегі Беларуссия жерінде жатыр.

Соғыс аяқталғаннан кейін Сөлидің өзімен бірге майданға аттанған екі інісі Төлеген Әбенов пен Есілбай Әбдіғалиев елге аман-есен оралды. Төрт жыл бойы оқ пен оттың ортасында жүріп, соғыстың басынан аяғына дейін қатысты. Бүгінде олардың ұрпақтары елдің тауелсіздігі жолында тер төгіп жүр. Ал, Сөли Омарұлының ерлігі кейінгі ұрпақтарға үлгі болып қалды.

Тарлан тарихтың қалың қатпар шежіре беттеріне мәңгі жазылып қалған, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиғалардың ішінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының орны ерекше. Төрткіл дүниені от-дауыл жалынымен тұтастай шарпыған сол аса қаһарлы да жойқын шайқастар уақыт шеңберінен алыстай түскенімен оның жаңғырығы ешқашан өшпек емес. Өйткені, ол, қандыбалақ неміс-фашист басқыншыларынан елін-жерін қорғаған, от кешкен аға буынның көз алдында, майданда шейт болған боздақтардың соңында қалған тұяқтарының зердесінде мәңгі сақталып қалды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.