Мәдениет – өмір мәйегі

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні биыл 21 мамырда аталып өтілетін болды. «Өнер – ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Өнерлерімен елдің рухын көтеріп, адамзат баласына шексіз қуаныш, зор мақтаныш сыйлап, халқымыздың мәдени талғамы мен танымын қалыптастырып жүрген жандардың төл мерекесі біздің қаламызда да өз деңгейінде аталып өтпек.

Осынау мерейлі мереке қарсаңында біз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешке жолығып, рухани саланың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелескен едік.

– Қанат Жанділдаұлы, кеншілер қаласының мәдениетінің тізгінін қолға алғалы екі-үш жылдың жүзі болыпты. Содан бері мәдениет саласында не тындырылды, сол туралы айтсаңыз.

– Өзіңіз айтқан екі-үш жылда қаланың мәдениет саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, мәдениет саласын нығайту және одан әрі дамыту, халыққа мәдени қызмет көрсетуді жетілдіру, мәдени іс-шараларды орталықтандырылған түрде ұйымдастыру, жастар мен өскелең ұрпақты ұлттық және ең үздік мәдениет үлгілері арқылы тәрбиелеу және рухани жаңғыртуға мүмкіндік беру, халық арасынан таланттарды анықтау, таланттардың әрі қарай шыңдалуына жол ашу, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда халық шығармашылығымен айналысып, бос уақыттарын тиімді пайдалануды ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соңғы бір жылдың өзінде 658 мәдени іс-шаралар өткізіп, 103 мың 770 адам мәдени іс-шарамен қамтылды

– «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты қала көлемінде қандай шаруалар жүзеге асырылды?

– 2013 жылғы 5 қаңтар күні «Егеменді Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері арқылы Сәтбаев қаласында академик Қ.И.Сәтбаевтың тұла бойымен өлшемі 2 — 2,5 метр болатын ескерткішінің ең үздік жобасына арналған республикалық ашық конкурс жарияланған болатын. Конкурсқа қатысуға барлық авторлар және авторлық ұжымдар шақырылды. Аталмыш конкурсқа 8 жұмыс ұсынылды. Солардың ішінен Мемлекеттік комиссия қарауына ұсынылған Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Жаубасар Калиевтың жобасы үздік болып танылды.

Дара тұлғаның туған күні қарсаңында аталмыш ескерткіш кеншілер қаласының орталық алаңына орнатылды.

– Соңғы кезде «кітапқа қызығушылық жоғалды» деген әңгіме жиі айтылып жүр. Бізде бұл бағыттағы ахуал нешік?

– Әрине, көзі ашық, көкірегі ояу адам кітап оқымай тұрмайды. Бүгінде кітаптар аз таралыммен шығады, бәрі бірдей кітапханаларға түсе бермейді, дегенмен, оқырманның сұранысы жоғары. Қанша жерден жаңа технология мен интернет желісі дамығанмен, кітаптың орнын баса алмайды. Сондықтан, кітапханаларға жаңа кітаптар сатып алу мә-селесі кейінге шегерілмейді.

Ал енді оқырмандарды тарту мақсатында кітапханаларда жыл ішінде кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен мемлекеттік және кәсіптік мерекелерде, сонымен қатар, жазушылардың мерейтойлары қарсаңында көптеген іс-шаралар өткізілді. «В горах Афганистана» атты ерлік сағаты, Сәтбаев қаласының 40 жылдығына орайластырылып жас ақын Д.Бұланбаевтың «Көңілімнен ұшады кептер – өлең…» атты поэзия кеші, тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылды.

– Қаламыздағы мәде-ниет саласындағы басты жаңалықтардың бірі де бірегейі ұлттық өнер орталығының ашылуы болды. Оның жай-күйі қандай?

– Иә, өткен жылы қала әкімі Әнуар Омардың ұйытқы болуымен аймақтық ұлттық өнер орталығы ашылды. Бүгінде ол қаламыздағы мәдени сауық орталығы мекемесінің қанатының астында күй кешуде. Орталықтың шеңберінде айтыс үйірмесі, жазба ақындар үйірмесі, шешендік өнер үйірмесі, күй үйірмесі, жыр үйірмесі, терме үйірмесі, халық әндерін орындаушылар үйірмесі, ағаш шебері және зергерлік бұйымдар үйірмесі, тоқыма-ою шебері үйірмесі жұмыс істейді.

– Алдағы уақытта іске асырылуға тиісті қандай мәселелерді айтар едіңіз?

– Ең басты мәселе – мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту. Осы мақсатта алдағы уақытта көптеген мәдениет ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы өзекті мәселелердің қатарында қаланың бас сарайы тұр. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы 2014 жылдың мамыр-қыркүйек айларында ағымдағы жөндеуден өтеді. Жөндеуден өткізуге республикалық «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 18 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 4 млн. 212 мың теңге бөлінді.

Сондай-ақ, мәдени-сауықтыру спорт орталығына қарасты «Сұңқар», «Қайрат», «Сарыарқа», «Барыс» аула клубтары да ағымдағы жөндеуді қажет етеді.

– Төл мерекелеріңізде әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

– Бүгінде қаламызда ондаған мәдениет және өнер ордаларының мамандары бар. Жалпы өнер мен мәдениет адамдарының мойнындағы жүк жеңіл нәрсе емес. Жылдың қай мезгілінде болмасын облыс көлемінде өтіп жатқан мәдени шаралардың бәріне атсалысады. Сырт қарағанда олардың жұмыстары ән айтып, би билеп, көңіл көтеру ғана сияқты.

Сөз реті келіп тұрғанда мынаны айта кеткім келеді, өткен жылы тұңғыш рет қала әкімінің арнайы сыйлығы тағайындалып, мәдениет және өнер қызметкерлері арнайы номинациялар бойынша маратталды. Биыл да сол бір жақсы іс өзінің жарқын жалғасын таппақ. Онда өнер және мәдениет саласының нағыз лайықтылары өз бағасын алатын болады.

Ал, осы салаға бар күш-қуатын арнап, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарға денсаулық тілеймін. Кәсіптеріңізден береке табыңыздар демекпін. Ел мәдениетінің деңгейін көтеруде қосар үлесіміз көп болғай.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.