Дарынды шәкіртке – талантты ұстаз

20140516-03-03Халқымыз: «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады», – деп тегін айтпаса керек. Бұл пікірге дарынды шәкірт баулуда талантымен танылған С.Сейфуллин атындағы гимназияның ағылшын тілі мұғалімі Әсет Жабаевтың кезекті жеңісі куә.

«Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, мұғалімдік қызметтің үш жылын енді ғана еңсерген жас маман бола тұра, Әсет біршама тәжірибелі әріптестері арасында бақ сынап, биік белестерді бағындырып қана қоймай, талғамы биік, талабы жоғары қазылар алқасының өзін жаңашылдығымен мойындатып үлгерді. Байқаудың облыстық кезеңінен топ жарған ол республикалық кезеңге аттанған-ды.

Мамырдың 3-5 аралығын қамтыған «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты IX республикалық педагогикалық олимпиадасы Көкшетауда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен «Балдәурен» атты республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтті. Сайыстың негізгі мақсаты – Қазақстанның жаңашыл мектеп педагогтері және басшыларының инновациялық тәжірибелерін тарату және оларға ғылыми-әдістемелік көмек көрсету.

Сайысқа республиканың 14 облысы және Астана, Алматы қалаларының педагогтері қатысты. Еліміздің әр өңірінен жіберілген 500 қатысушының электронды эсселері қатаң сараптамадан өткізіліп, республикалық кезеңге 300 мұғалімнің жұмысы іріктеліп алыныпты. Сайыс «Мен – жасампаз» атты таныстыру кезеңі және «Менің инновациялық педагогикалық жаңалығым» атты 2 кезеңнен тұрды. Байқаудың түйіні саналатын «Менің инновациялық педагогикалық жаңалығым» сайысына Әсет дайындаған жаңа жобасын ұсынды. Гимназия директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Фарида Тұрарқызының жетекшілігімен дайындаған тақырыбы «Ағылшын тілін оқытуда ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдану» болатын. Айтуынша, 6-сынып оқушыларының дыбыстауымен ағылшын тіліне аударылып, дайындалған «Алдар Көсе» ертегісі мен оқушыларға арналған ағылшын тіліндегі бейнебаян арқылы жазылған әуендерді әділқазылар ерекше ұнатып, жоғары бағалаған. Нәтижесінде Әсет «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты IX республикалық педагогикалық олимпиаданың І дәрежелі дипломын қанжығасына байлады. Сондай-ақ. жеңімпазға дипломмен қоса, кітаптар мен энциклопедиялар тарту етілді. Байқаудан алған зор әсерімен бөліскен Әсет: «Жетекшім Фарида Тұрарқызының дайындығыма қосқан үлесі зор. Бәйгеге сәйгүлікті сақадай сай қып баптағандай, ақ тілегін арнап, мені де жақсы дайындықпен жіберді. Шынында да, байқау барысында көптеген тың ойларды көкейге түйіп, тәжірибе алмасқанға ештеңе жетпейді екен. Өз мамандығым бойынша әріптестердің жаңа пікірлерін тыңдап, өзіме керегін ойға тоқып қайттым», – дейді. Иә, бап та, бақ та қатар шапты. Құнанында аламан бәйгеде топ жарған Әсеттей жас маманның келешегі зор үміт күттіреді. Тек сүріндірмесін. Гимназия ұжымы атынан Әсетке ілкімді ізденіс пен шығармашылық табыс тілейміз!

Амангелді Бұқар, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Комментарии закрыты.