Байқау жалғасуда

20140516-12-02-120140516-12-02-2Биыл Сәтбаев қаласының тарихындағы дәстүрлі мәдени іс-шаралардың қатары жаңа фестивальмен толыққаны анық. Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омардың бастамасымен мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың арасында алғаш рет «Ел іші — өнер кеніші» атты шығармашылық фестиваль жыл басында бастау алған болатын. Өнер байқауы содан бері өз жалғасын тауып, әр апта сайын еңбек ұжымдары өнерлерін ортаға салуда. Өткен аптада Весовая елді-мекеніндегі Теміржолшылар клубында №12 орта мектебінің ұстаздар қауымы елді-мекен тұрғындары және Сәтбаев қаласынан келген қадірлі қонақтар үшін концерттік бағдарламасын қойды. Шығармашалық кешке Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар да қатысты.

Бір сағатқа созылған концерттік бағдарлама барысында ұстаздар қауымы еліміздегі достық пен бірлікті насихаттады. Осы тақырыпқа арналған әндерді шырқап, клубтың ішін думанға бөледі. Концерт барысында мектептегі Әкелер кеңесінің белсенді мүшелері де ұстаздармен бірлесіп, өнерлерін көрсетті. Бағдарлама барысында қазақтың домбырасынан күй төгіліп, гитарамен бард әндер де орындалды. Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңі оқылып, қазақ және орыс билері биленді. Қазақ және орыс тіліндегі халық әндерінен попурри шырқалды. Ұстаздар қауымы би өнерінен де құралақан еместіктерін дәлелдеп, флеш моб көрсетті. Шығармашылық кеш ұстаздар қауымынан құралған хор ұжымының орындауындағы «Алға, Қазақстан» әнімен тәмәмдалды.

Жалпы, «Ел іші – өнер кеніші» фестивалінің мақсаты халық арасындағы дарын иелерін тауып, олардың өнерін дәріптеу болып табылады. Жыл соңына дейін жалғасатын өнер байқауында болашақта дәрігерлер, балабақша қызметкерлері, кітапханашылар, өрт сөндірушілер, жастар қауымы және тағы басқа мамандық иелері өнердегі қарым-қабілеттері мен дайындықтарын паш етпек.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.