Ерлігі дастан ерлерге тағзым

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдық мерекесін сәтбаевтық ардагерлер сән-салтанатымен атап өтті. Мереке жылдағы дәстүрге сай Кеншілер алаңында жиналған Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл және еңбек ардагерлерінің, Ауған соғысы мен Чернобыль апатының зардаптарын жоюға атсалысқан азаматтардың қатысуымен өткен митингтен бастау алды.

20140516-02-01-120140516-02-01-420140516-02-01-320140516-02-01-1Жеңіс күніне арналған мерекелік шеруді «Сәтбаев балғындары» барабаншылар тобы бастаса, «Ұлан» қалалық әскери-спорттық ойынының жүлдегерлері мен қатысушылары жалғастырды.

Аталар ерлігіне құрмет ретінде балғындар ардагерлерге гүл шоғын ұсынды. Одан кейін қала басшысы Әнуар Омар: – Ұрпақтың бүгінгі жарқын болашағы үшін кешегі зұлмат заманда сіздер ұлы ерлік жасадыңыздар. Елдің шетін жау басқанда тайсалмай қолға қару алған аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігі кейінгі буынға үлгі. Мамыражай тіршілік кешуімізге негіз қалаған ардагерлеріміз жасай берсін! – деген ізгі тілегін жеткізді.

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Сәтбаев қалалық бөлімшесінің төрағасы, қаланың Құрметті азаматы Шермұхамбет Байбосынов майдан даласында жүріп, жауға тойтарыс берген қаруластарын мерекелерімен құттықтаса, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлыбай Наурызбаев жас буын атынан аталар мен әжелерге ризашылық білдірді.

20140516-02-01-620140516-02-01-220140516-02-01-7Фашистік сойқанның адамзатқа әкелген зардабы әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. Кеңестік одаққа біріккен 15 мемлекеттің қай-қайсысы болмасын бұл соғыстың өртін басуға ерлерін аттандырды. Мамыражай тіршілікке сызат түсірген осы бір сұм соғыстың Жеңісі де оңай болмады.

Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің ұжымы қойған «Ұлы Жеңіс ұлылығы» театрландырылған көрінісінде соғысқа баласын қимай шығарып салған ана бейнесі, фашистердің шекараға енуі, майдан даласының тыныс-тіршілігі, соғыс өрті басылған соң Отанға оралмаған баласына орнатылған ескерткіш басында мұң-зарын төккен ана портреті сол жылдардың куәгерлеріне өздері өмір сүрген сол қоғамды көз алдына әкелгендей болды.

Отан жайлы, ерлік жайлы осы білім ошағының ұстаздары хоры ән шырқады. Кішкентай балғындар аспанға түрлі-түсті шарлар ұшырса, жас буын өкілдері әлемде мәңгі тыныштық болсын деген ниетпен ақ көгершіндерді аспан көгіне самғатты.

Салтанатты митингіден соң әсем безендірілген ардагерлер жайғасқан машиналар колоннасы мен қала басшысы Әнуар Омар бастаған мемлекеттік мекемелер мен ұжымдардың шеруі Сәтбаев-Тәуелсіздік даңғылдары мен Гурба көшесі арқылы өтіп, Жеңіс саябағына келді. «Ардагерлер жасасын!», «Бейбітшілік жасасын!» деп ұрандатқан жалынды жастарды көргенде қарттарымыздың жүзінде шаттық орнады.

Жеңіс саябағына табан тіреген шерумен қатар қалың көпшілік майдан даласында мерт болған жауынгерлерді 1 минуттық үнсіздікпен еске алып, Жеңіс ардагерлерінің құрметіне орнатылған ескерткішке гүл қойды.

Ардагерлерге арнайы тігілген шатыр мен ақшаңқан киіз үйлерде «Далалық асханада» әзірленген дәм ұсынылды. Дастархан басында ардагерлер бірін-бірі мерекемен құттықтап, ән шырқап, би биледі. Алаңға жиналғандарға «Самоцветы» ардагерлер хоры мен үрмелі аспаптар оркестрі мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шатыр ауласында майдан даласынан көрініс беретін қойылымдар келушілерге мол әсер берді.

– Мен соғыс басталғанда 5 жаста едім. Менің әкем Бәділбек 1942 жылы соғысқа кетті. Майдан даласында көз жұмды. Біз көзімізді ашқаннан оқу-білім дегенді білмедік. Ауылда қалған кәрі-құртаңдарға, әйелдерге қолғабыс еттік. Күннің атысынан батысына дейін тылда еңбек еткен шешемізден қалыспай біз де еңбек еттік. Қиындықты көре жүріп ысылдық. Соғыстан кейінгі бейбіт қоғамда да аянбай шәкірт тәрбиелеу ісіне үлес қостым. Ұлы шайқастар мен қаншама құрбандықтармен жеткен бұл Жеңіс тойы мәңгілік тойлансын, – дейді тыл ардагері Бәділбекұлы Үсен ақсақал.

Соғыс өрті тұтанғанда небары 9 жасында тылдың еңбегінде жүріп қиындық көріп өскен сол кездегі қыздардың қатарында қостанайлық Тоқаева Назиға апай да болған.

– Мен өзім Қостанай облысының Қарабалық ауданы Мағынай колхозында туып-өскенмін. Тылда еңбек етіп, есейген жерім осы Мағынай ауылы. Тұтанған өртті қалай да ел шетіне жеткізбейміз деп майдан даласына кеткен ерлердің жұмысын әйелдер мен жас балалар алмастырған заман еді. Мен өзім шешеммен қатар жүріп, колхоздың бұзауын, қойын бақтым. Үкімет қандай тапсырма берсе де жас-кәрімізге қарамай білек сыбана кірісіп, тек соғыс ертерек аяқталса деген ниетте еңбек еттік. Сол ниетіміздің дұрыстығы болар, бүгін, міне, Ұлы Жеңістің 69 жылдығын тойлап отырмыз. Осы салтанатты күніміз ғасырларға ұласқай, – дейді апай.

Ерлігі дастан ерлерімізге деген құрмет 9 мамыр күні таң ала-кеуімнен кеш қарайған шаққа дейін жалғасты.

Кеншілер алаңында үрмелі аспаптар оркестрі әсем әндер әуелетсе, көркемөнерпаздар кешкілік концертте Жеңіс, Отан, туған жер тақырыбында әсем әндер шырқады.

Мереке соңы отшашумен тәмамдалды.

Ұлы Жеңіс әкелген аталар ерлігі ұмытылмайды. Ерлік өшпейді.

Мерекелік репортажды әзірлеген Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.