Марапаттарын тапсырды

Қалалық мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен қызмет көрсету бөлімдері басшылары қатысқан әкім аппаратының кеңейтілген отырысы өтті. Кезекті жиын жақсы жаңалықтан басталды.

20140516-01-01

Мамыр айында Алматы қаласында «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық Бірлестігінің 5 жылдығына арналған «Мәңгілік ел – Қазақстаным!» атты І-ші Республикалық балалар мен оқушылар фестивалінде бас жүлдені иеленген Мақсат Қанат пен алтын дипломға ие болған Халифа Төлеуге қала әкімі Әнуар Омар актив алдында марапаттарын салтанатты түрде тапсырды. Әнуар Серікбайұлы оқушылар сарайының тәрбиеленушілеріне өнер саласына қосқан еңбегі мен Сәтбаев қаласының мерейін көтергені үшін алғыс айтты.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш қала әкіміне «Бейбітшілік әлемі» президенті, Қазақстан және Евразия Жазушылар одағының мүшесі, э.ғ.д., профессор, академик А.А.Нұрмановтың Алғыс хатын табыс етті.

Келесі кезекте қала басшысы кадрлық өзгеріспен таныстырды.

Қарағанды облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментінің бастығы Қ.Артықбаевтың 5 мамырдағы №68 бұйрығымен Жезқазған аумағы бойынша қаржы полициясының ауданаралық 1-ші бөлімінің бастығы қызметіне Ғ.А.Хасенов тағайындалды.

Әнуар Серікбайұлы Ғани Амангелдіұлын жаңа қызметімен құттықтап, еңбегіне жеміс тіледі.

Аппарат отырысында одан әрі қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелер қаралып, жауапты басшылардың есептері тыңдалды.

2014-2015 жылу беру маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес өтуде.

Қала бойынша тұз, күріш, ірімшік, тары бағасы өсіп тұр, басқа тағамдардың бағасында тұрақтылық байқалады.

Есеп беру мерзімінде ішек аурулары, туберкулез, «сары ауру» тіркелген жоқ, 3 ит қапқан, 1 мысық тістеген оқиға орын алған.

Жиын соңында «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасы және ондағы өзгерістер жөнінде «Қазақстан тұрғын-үй жинақтаушы банкі» акционерлік қоғамы Қарағанды облыстық филиалының маманы Қазбек Жамбылов шығып сөйлеп, толық мағлұмат берді.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.