Бәрі де жолдан басталған

20140523-07-1(Жалғасы. Басы газетіміздің 18 санында).

Кеңгірдің вокзал жақ беті шүпірлеген жатаған үйлер. Мұндай үйлер біздің Байқоңырда да жеткілікті. Оларға онша қызықпаймын. Менің қызыға қарайтыным кең табанды теміржолдар, оның бойымен ерсілі-қарсылы жүріп жатқан алып паровоздар. Мен бұл жерде «кең табан», «алып паровоз» деген сөз тіркестерін тегін айтып отырғам жоқ. Теміржолды да, паровозды да алғаш рет Байқоңырда көргем. Бұрын біздің көргеніміз тар табанды теміржол да, паровозымыз да сол жолға лайық шағын болатын. Мына жолдың шпалдарының арасында баланың адымы жетпейді. Паровоздары ысқырғанда дауысы жер жарады. Танауынан будақтаған бу Қобыланды дастанындағы алып Тайбурылдың танауынан шыққан ағаш құлататын лептей екпінді…

Осындай көріністі қызықтай отырып, сұрай-сұрай біз Асан нағашымның үйін де таптық.

– Асан ағаның үйін білесіз бе? – деп анам кездескен бір кісіден жөн сұрап еді, әлгі кісі ескі танысына кездескендей қауқылдай сәлемдесіп алды да:

– Былай жүріңіздер. Мен апарып салайын, мына жықпылдан таба алмайсыздар, – деп елпілдеп жол бастады.

Киіктің асығындай шағын, шағын да болса шымыр, жүрісі ширақ кісі алдымызға түсіп жол бастап келеді. Оған біз әрең ілесеміз. Ол жүріп келе жатып жөн сұрайды.

– Асекеңнің кімі боласыздар?

– Қарындасымын.

– Мына бала жиені болды ғой. Иә!

– Онда, сен бала, нағашыңның бір қозысын бүгін же, екіншісіне ертең ен салып кет, – деп әзілдейді кішкентай кісі.

– Қалада қозы бола ма? – дейді анам.

– Болғанда қандай? – дейді жолбасшымыз.

Осындай сұрақ-жауаппен жүріп, Асекең үйіне де келіп қалдық.

– Асеке, қарындасың мен жиеніңді тауып әкелдім, сүйінші, – дейді шағын кісі.

Жатағандау үйдің алдында тақтай сәкіде отырған шоқша сақалды, шүңірек көзді, тіктеу қабақты, мейлінше сидаң, ашаң жүзді, еңкіштеу кісі тарамыс тамырлы қолдарын соза анаммен елжірей амандасты. Жайшылықта жылай салатын Шөкен шешем бұл жолы әсірелеп айтқанда «аттың басын еркін жіберді». Ол жолда құрастырып келді ме, әлде табан астында жанынан шығарып жатыр ма, онысын білмеймін бұрын мен естімеген шумақтар айтылды.

– Жаманат шақырып мұның не? Бұл кім өзі келген? – деп үйден бүкшеңдеп сөйлей шыққан әйел, бізді көріп аңырап қалды.

– Е, Шөкен екен ғой, – деп ол да кемсеңдеп жатыр. Бұл Асекеңнің кемпірі. Оның да есімі – Шөкен.

Айтайын дегенім, біздің Кеңгірге алғаш келуіміз, болашақ үлкен Жезқазғанды көруіміз туралы ғой. Әйтсе де Асан нағашымның үйін іздейміз деп жүргенде ең алғаш кездескен шағын кісіні мен араға ширек ғасыр салып кездестірем, мен журналист болам, ол менің кейіпкерім болады деген пікір ойым түгілі, қиялыма келген жоқ онда.

Әлгіндей көрісу, жылап-сықтаудан кейін шағын дастархан басында емен-жарқын әңгіме үстінде анам:

– Әлгі бізді ертіп келген кісі кім? – деді ағасына. – Өзі бір кішіпейіл, жүзі жылы, ақжарқын адам екен.

– Сен оны танымайсың, – деді Асекең табиғатында тарақты мінезімен туралап. – Ол осындағы көршім. Арғын – Қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпағы. Елі Ақмола жағында.

– Кеңгірге Асекеңмен теміржол салысып, Нілдіден бірге келген. Аты – Шәймерден. Сен оны қайдан білейін деп едің, – деп әңгімеге Асекеңнің бәйбішесі араласты.

Ол жолғы әңгіме осымен тынған. Араға жылдар салып, дәлірек айтқанда 1968 жылы мен Жезқазғанға облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің осы қаладағы меншікті тілшісі болып оралдым. Әрине, Асан нағашыма анда-санда соғып тұрамын. Сонау бір жылдары бізге жол сілтеген кішкентай кісіні де көрем, тіпті, оның баласы Төлепбергенмен танысып, дос болып кеткеннен кейін олардың үйіне де барып, Шәрипа шешейдің жалғыз биені баптап, сауып, балдай күткен қымызын да ішіп тұрам.

Тілші болған соң мені қала тарихы да қызықтырмай қоймайды. Ондай сәтте сол қаланы, әсірелеп айтқанда, қолдан тұрғызғандардың бірі нағашым Асан Оразбаевқа жүгінем. Ол қаланың күре тамыры – теміржолды Нілдіден Жезқазғанға жеткізгендердің бірі. Өзім білетін деректерге сүйеніп айтсам, Асекең отызыншы жылдардың басында Жаңаарқа ауданында аупарткомның хатшысы болған ағасы Әуез Оразбаевты сағалап барған. Саяси сауатты Әукең қайда барып тұрақтарын білмей жүрген інісі Асанға «осы теміржол біздің елімізге бақ әкеле жатыр. Содан біз де үлесімізді алайық. Басқа жұмысты қой» деп ақыл айтады. Сөйтіп, табиғатында бір айтар, қанымен де, жанымен де үлкенді сыйлайтын, жан жүрегімен коммунист Асан Оразбаевтың теміржолшылық еңбек жолы осылай басталады. Ол сол 1935 жылдан табан аудармастан 40 жыл теміржолда істеді. Алдымен жолшы, кейін арнайы білім алып, паровоз машинисі болды. Менің білетінім, нағашым бір де бір рет жұмыстан да, партия жиналысынан да қалған жоқ. Өле-өлгенше партия билетін қолтығына қысып кетті. Өзіндік орысшасы да бар еді. Кейін талай көрдім, жиналыстарда, сессия, пленумдарда мінбеге шығып, қызу қанды шешіле сөйлейтін.

Бірде мен Асекеңнен Жезқазғанға теміржолдың келу тарихын сұрағанымда, ол кісі біраз деректерді айтты. Зерек адам ғой, айтқандары біз оқыған тарихи мәліметтермен үндесіп жатыр. Ал, өзі туралы жазбақ ойым барын айтқанда ол ат-тонын ала қашқандай болып:

– Мені қайтесің? Жазсаң ана өзіңнің досың Төлепбергеннің әкесі Шәймерденді жаз. Ол біздің мастеріміз болған. Оның Ленин ордені бар, – деді өзінің әріптесі, еңбектес досы, әрі көршісі Шәймерден Әбдірахмановты нұсқап.

– Сіздің де Еңбек Қызыл Ту орденіңіз бар ғой…

– Қалқам, Көбейсін, «нағашысын жазыпты» деген сөзге қаларсың, – деді Асекең табиғи кристалдай таза пейілмен.

Әлгінде айттым, мен Шәймерден қарияның баласы Төлепберген Шәймерденұлы Әбдірахмановпен дос болып кеттім. Жолдас-жораларға тән қарым-қатынас біздің арамызда да болып тұрады. Сондай сәттердің бірінде теміржол ардагерлерімен тілдескен де сәттерім болды. Тереңірек тілдесермін, кеңінен жазармын деп жүргенде қадірменді қария «түйе қарап кете барды».

Асан нағашым айтқан, Шәймерден қария толықтырған деректерге сүйенсек, Жезқазған кенді аймағына теміржол тарту мәселесін алғаш ресми көтерген адам – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Ғұлама ғалым жоғары органдарға, атап айтқанда КСРО түсті металлургия министрлігінің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің, СОКП Орталық комитетінің, одақтық, республикалық Совминнің алдына талай рет мәселе қойған. Жезқазғанның жер астындағы бай кен қорын игеру жолдарын, ол үшін ең алдымен теміржол қажеттігін ғылыми инженерлік тұрғыдан дәлелденген. Осы аймаққа КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссары Серго Орджоникизде келіп кеткеннен кейін бұл өзекті мәселе өз шешімін тапқан. Бұл – 1936 жыл. Сол жылы 9 қаңтарда КСРО Халық комиссарлары Кеңесінің Нілді-Жезқазған теміржолының құрылысын салу туралы қаулысы шыққан. Екі қарияның айтатыны да, парағы сарғыш тартқан тарихтың да дерегі осы. Ал, Нілді-Жезқазған теміржолымен жүріп келген паровоздың Кеңгірге атбасын тіреген күні – 1937 жылдың 11 қарашасы.

Шәймерден Әбдірахманов теміржол құрылысына Алматы – Шудан бастап қатысқан кісі. Сол кездің тілімен айтқанда, алтын қолды шебер. Кейін ол еңбек жолын «Горстрой» құрылыс басқармасында жалғастырып, қаланың өміріне ең қажетті Кеңгір тоғанын салуға да белсене қатысқан.

Көп жылғы қажырлы еңбегі үшін 1966 жылы омырауына Ленин орденін таққан тарлан. Біз қаламгер қауым тарлан дегенме,н Шәймерден қария «мен сондаймын» деп төсін қақпаған. Нағыз еңбек адамына тән ұлы қасиет – қарапайымдылықты мейлінше қастерлеген кісі еді.

Өзі атқарған ісінің майталман маманы болу қасиеті әкеден балаға дарығанының куәсі де болдым. Шәймерденнің Төлепбергені де қазақы тілмен айтқанда үлкендердің «қатарыңның алды бол» деген батасы дарыған азамат болып өсті. Ол осы төңіректегі мен білетін автоэлектриктердің алды болды. Қарапайым автоэлектриктен іргелі кәсіпорын – жолаушылар тасымалдау автобазасының бас инженерлігіне дейінгі жолдан мүдірмей өтті.

Бірде мен оның Қарсақбайдың көкесі атанған Көдей Мамақовтың арнайы шақыруымен барып, оның нөлден бастап құрастырып жатқан «Волга» жеңіл автомашинасының барлық электр желілерін әп-сәтте орнатып бергенінің куәсі болғаным бар. Білдей автобазаның директоры, қарамағында неше түрлі мамандары бола тұрып Мамақовтың Жезқазғаннан Төлепбергенді арнайы алдырғанына алғашында қайран да қалдым. Сөйтсем, түрлі-түсті сымдарды шым-шытырық шимайлы схемамен орынды орнына жалғау үшін білім керек екен. Сонда байқағаным, Төлепберген қолына бір де бұранда, не бір бұрағыш ұстаған жоқ. Түрегеп тұрған күйі машинаны құрастырып жатқандарға нұсқау берді де қойды. Енді бірде машина қаңқасына орналастырылған моторды от алдырып, оңды-солды бұрылу, тежеу белгілерін бастырып көрді де:

– Көке, тапсырмаңыз орындалды, – деді нық сеніммен.

Осы көріністің куәгері бізді былай қойғанда, бар ғұмырын автомобильмен сарп еткен көкеміздің өзі Төлепбергеннің тапқырлығына, іскерлігіне қайран қалды. Әбден риза болған Көдей көкенің үйінен киіктің қуырдағын жеп, арнайы сойған қойының басын мүжіп, біз аттандық. Міне, нық шегедей шағын шал Шәймерденнің ұлы Төлепбергеннің бір сәттегі еңбегінің жемісі осындай.

Шәймерден қария өзінің Рәшила қызын ұлша тәрбиелеп, өте еркелетіп өсірді. Ол көп жыл қаламыздың сауда саласында абыройлы сатушы болды. Қазір Рәшила магазин директоры. Қарияның Төлепбергеннен тараған Жетпісбайы мен Алтынайы да әр салада табысты еңбек етіп жүр. Келіні Ырысжан белді бір мекемеде сақтандыру агенті. Әбдірахмановтар өздері салып алған қарашаңырақта бақытты ғұмыр кешуде.

Орайы келіп тұрғанда айтқан орынды. Менің: «Сол кезде сіздермен бірге Шәкеңнен басқа кімдер еңбек етті?» деген сауалыма Асекең ойлы жанарын бір нүктеге қадап:

Олар көп қой. Қайсысын айтсам екен, – деп барып, Уәлиевтің, Назаровтың, Қалдыбаевтың, Блинцовтың, Панкратовтың, Нұрмағанбетовтың, Ахметовтың, басқа да ондаған ардагерлердің есімін атаған еді. Олардың қай-қайсысы болса да бүгінгі жас ұрпақ үшін өнеге боларлық тұлғалар. Олардың жеңісті де жемісті еңбек жолдарын бүгінде Жезқазған кен-металлургия комбинаты өнеркәсіп теміржолы транспорты кәсіпорнының Г.В. Бакин бастаған А.Масик, В.Котенко, Е.Мазенов, М.Айтмағамбетов, Т.Әлбаттинов, М.Құлмағанбетов, К.Тыныбеков, Қ.Әлин, Ж.Сейілов сияқты теміржолшылары табысты жалғастыруда.

Өмір-өзен ағып барады деген осы.

(Жалғасы бар). Көбейсін ЕҢСЕБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.