Әлкей марғұлан – кетбұқа мұраларын зерттеуші

20140523-04-1-1Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауында «Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек», – деген болатын. Осы ойлы сөз әр қазақ азаматының бойында патриоттық сезім оятып, тәуелсіздігімізді, азаттығымызды сақтауға серпіліс бергендей әсер қалдырады.

20140523-04-1-2Өткенге көз тастап, ой елегінен өткізсек, сегіз ғасыр өтсе де, Кетбұқа бабамыздың «Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын» өсиеті біздің санамызда әлі сақтаулы. Сондықтан, Кетбұқа жырау бір елдің ұлы тұлғасы емес, Елбасы айтқандай, «Кетбұқа бабамыз түбі бір түркіге ортақ ұлы тұлға!» Осындай ұлы тарихи тұлғаны зерттеп, мәңгілік елдің ұлттық мұрасына айналдырған Ә.Х.Марғұлан болатын. Бүгінгі күні қазақтың ұлы кемеңгері, академик Ә.Х.Марғұланның еңбегін халыққа тарату, жария ету – біздің міндетіміз. Сондықтан, биыл Ә.Марғұланның 110 жылдық мерейтойына арнап тың деректермен толықтырып, зерттеу, зерделеу жаңа белеске жеткізу – бүгінгі біздің кемел келешегіміз.

Әлкей Марғұлан – бүгінгі сан тарау болып сараланған тарих, этнография, археология, архитектура, қолөнер тарихы, топонимика, фольклористика сияқты ғылым салаларында көрнекті із қалдырумен қатар, бар өмірін қазақ халқының игілігі үшін аянбай сарп еткен ғалым. Ол ашқан көптеген жаңалықтар, жаңаша пайымдаулар тек қана қазақ елі емес, азаматтық тарих, этнография мен мәдениетін дұрыс түсінуіне ықпалын тигізіп жатыр.

Арқаның сұлу өлкелерінің бірі – Баянауыл тауларының бөктері Әлкей Марғұланның туып-өскен, балалық шақтарын өткерген жерлер. Осы таулардың баурайында, ел жайлауға көшіп жатқан шақтарда 1904 жылы мамыр айының 11 күні жарық дүниеге келді. Баянауыл дуанына қарайтын сегіз болыс елдің жаз жайлайтын өлкесі Шідерті өзенінің бойы Әлкей Марғұлан мен академик Қаныш Сәтбаевтың балалық шақтарын өткізген жерлер. Осы қызықты күндерді еске ала келіп, Әлкей Марғұлан «Халықтың сүйген ұлы» атты естелігінде толық баяндайды (Қаныш аға: Естеліктер «Жазушы» Алматы 1989 ж.):

Бұл балалық шақтағы көрінісі болса, ал кейінгі жылдары академиктер Қ. И. Сәтбаев пен Ә. Х. Марғұланның ғылыми өмірлері Жезқазған-Ұлытау жерінің тарихымен біте қайнасып жатты. Екі ғұлама ғалым ұлы өңірдің ұлы тарихын зерттеді, зерделеді. «Жезқазған – Қазақ елінің інжу-маржаны» деп Қаныш Сәтбаев тебірене толғанса, Әлкей Марғұлан: «Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, исі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекені деп ой толғады.

Ә.Марғұланның ұйымдастыруымен 1943 жылдардан бастап жүргізілген археологиялық экспедиция осы өңірдегі Қазақ хандығына байланысты бірнеше тарихи орындарды анықтап берді. Олар: «Жошы ордасы», «Хан ордасы», «Ордабазар», «Ханаралы», «Ханбасы», «Хантөбе», «Ханшабылған», «Хан қыстағы», «Ханкөтерген», «Кеңқорық» сонымен қатар, Ұлытаудан «Хан жолы» өтетіні туралы да жазған болатын.

Соның тағы бірі Түркістаннан шығатын «Хан жолы» Сарысуды бойлай, саяси орталық Ұлытау, Хан Ордасы, Қаратон, Ордабазар Есіл арқылы Ертіске өтіп, Тобыл қаласына баратын жолды қейде «Сарысу жолы», «Сауран жолы» деп атаған.

Жер-су аттарын Ә.Х.Марғұлан көп зерттеген. Ол өзінің: «Жезқазған – көне металлургиялық орталық» атты еңбегінде: «Кен – кеніш – кенші – кен ошағы – кенқазған – кен шоқы – қалайы – қалайшы – қола – қолаба – мырыш – мыршым – қорғасын – жез – мыс – бақыр – алтын – күміс» сол сияқты көптеген кен өндірген жерлерді білдіретін атауларды келтіреді. Жезге бай өлке – Жезді өзені, Жезқазған, Қазансынған, Қазантау, Кенгей, Кенқорытқан, Қорғасын, Теміртау, Ұстаның жалы, Алтынқазған, Алтыншоқы, Күмістау, Күмісбұлақ, Теміржал, Темірсай, Темірлі, Теміршітау, міне, осы сияқты атаулар Жезқазған-Ұлытау өңірінде көптеп кездесетіні туралы Ә. Марғұлан жазып қалдырады. Сондықтан, ғылымға сүйене отырып, Ә.Х.Марғұланның бізге әрі қарай зерттеу мақсатында із тастап кеткен осынау жер атауларын назардан тыс қалдырмауымыз керек. Жоғарыда айтылған «Жошы ордасы», «Хан ордасы», «Ордабазар», «Ханаралы» кезінде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның өмір сүрген ортасынан көп сыр шертеді. «Хан аралы» атты мекенде Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген Кетбұқа жыршы туралы тың деректермен толықтырды.

Кетбұқаның ХIII ғасырда шығарған «Ақсақ құлан», «Айдаһармен арбасу», «Жошы ханның жортуы», «Емен толған», «Сынған бұқа» атты елге кең тараған күйлері осы «Ханаралы», «Ханордасы», «Жошыордасы» атты жерлерде туғанын тарихи нұсқалармен дәлелдеді.

Таңбалы Нұрадағы «Таңбалы тасты» зерттеп, көлемді ғылыми мақала жазған да, «Ханордасының» орнын анықтап, елге танытқан да Әлкей Марғұлан. Сондай құндылықтардың бірі «Таңбалы тас» – Кетбұқадай бабаларымыздан қалған асыл мұра. Барлық қазақтардың басын бірлікке келтіріп ынтымаққа үндестірген Майқы би, Кетбұқа жырау, Дай шешен, Қотан би қазақ деректерде негізін қалаушылар деп барлық шежірелерде көрсетіледі. Кезінде «Ердің ері, егеудің сынығы» – деп Кетбұқадай батырды Ұлытауға аттандырады. Елдің игі жақсылары, оның ішіндегі Майқы би: «Қаратаудан әрі қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберді деген жерге барып, ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен әділ биліктің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар», – деп батасын берген екен. Ұлы бидің батасы қабыл болып, еңселі орда құрылып, тасқа таңбаларын қашатып, ант беріскен жер – Ұлытау.

Сол Ұлытаудағы Таңбалынұра жерінде үш жүздің таңбаларын тасқа қашатқан Майқи би мен Кетбұқа бабаларымыз. Үйсіндердің нысаны – Ту, Арғындардың нысаны – Көз, Алшындардың нысаны – Найза болса керек. Үш жүздің жауынгерлік ұраны: Ұлы жүздікі – Бақтияр – Бақыт, Орта жүздікі – Ақжол – Әділет,

Кіші жүздікі — Алшын – От ана. Осы үш ұран тұтас бір халық ретіндегі барлық қазақтардың ортақ ұраны Алаш ұғымына біріккен. Міне, осы жерде Кетбұқа жырау бас болып, тоғыз ұлыс елге тоғыз таңба басылған қыл құйрықты тоғыз ақ туды үлестірген.

Сонымен бірге, мемлекеттіктің тағы бір тетігі – оның нысандары қалыптаса бастады. Көшпелі қазақтарға әскери жарақ болған, даусыз бұйымдарының бірі жорық жағалаулары – ту мен буыншақ болды. Жалаулар бері қойғанда екі міндет атқарды, олар аса мәнді киелі нысан болды және шеру мен шайқаста әскерлерді басқарудың тиімді құралы ретінде қолданылды. Әр рудың, әр ұлыс сұлтанның, әлбетте әрбір ханның туы болды. Қалыптасқан дәстүр бойынша бір ханда тоғыз туға дейін болуы керек екен. «Тоғыз тулы хан» дегенде көз алдына құдіретті билеуші келеді.

Әлкей Марғұланның еңбегінде: «Сөйтіп, көне заманның аңызында жиі кездесетін «Ортау», «Кертау» немесе «Ұлытау», «Кішітау» деген тарихи замандағы аттары Орталық Қазақстанда әлі күнге дейін сақталып келеді. Ұлытаудағы Алаша ханның кешені тұрған жер мәуелі, әрі салқын, оты шүйгін жердің бірі. Ұшы-қиыры жоқ кең сахараның ортасында оның алыстан мұнартып көрінген сәулеті әлі күнге сол Рашид-ад-дин мен Әбілғазы жазғандағыдан еш бөтендігі жоқ.

Жер-су атаулары арқылы да Кетбұқадай бабамыздың жүрген жерлерін анықтауға болады.

Зерттелмей жатқан осындай мұралар қаншама? Кезінде Жақсықоң өзенінің маңайындағы Айдаһарлы үңгіріне барғанда сол жерде тұратын Мұрат ақсақалдан осы үңгір жайындағы әңгімені естіп еді. Ол жайлап қолына домбырасын алып, бір күй тартты. Тартып болғаннан кейін бұл күй «Жылан қайыс» күйі деп айтқан еді. «Айдаһарлы-Құдайберлі» үңгірін кезінде геолог М.П.Русаков зерттеп, деректер беріп кеткен. Бұл деректер Мұрат Әбуғазының «Күй атасы – Кетбұқа» атты мақаласымен сарындас:

«Шыңғыс ханға Жошының өлімін домбырамен естіртеді. Қаһарлы Шыңғысхан домбыраның шанағына қорғасын құйып, Кетбұқа күйшіні айдаһардың үңгіріне апарып тастауды бұйрады. Сонда Кетбұқа бабамыз:

– Тақсыр, оған да құлдық, тек домбырамды өзіме беріңіз, – дейді.

Ханның нөкерлері оның қолына домбырасын беріп, аяғына кісен салып, айдаһардың алдына апарып тастайды. Айдаһар адамды көріп, жұтайын деп қасына келгенде, Кетбұқа оның алдына отыра қалып, күй тартады. Сонда айдаһар күй біткенше тыңдап жатқан екен. Күй аяқталған соң ініне кіріп, ат басындай алтынды домбырашының алдына домалатып әкеліп тастайды. Міне, осылай Кетбұқа бабамыздың әйгілі «Айдаһармен арбасу» күйі өмірге келген екен. Осы аңызды зерттеу бүгінгі күн еншісінде екені сөзсіз».

Міне, күй құдіреті. Адам түгілі жан-жануарды, мақұлықтарды да өзіне баулап алатын ұлы құдірет. Сондай құдіретті күйлерді тудырушы – Кетбұқа бабамыз. Кетбұқа бабамыздың жүрген жерлерін айғақтайтын: «Ұлытау — Жошы хан — Домбауыл – Айдаһарлы – Сарынтөбе» атты тарихи археологиялық экспедициялар ұйымдастырып, белгітастар орнатса, кейінгі ұрпақ үшін үлкен бір игілікті болатыны айғақ. Бұл кезінде Ә.Х.Марғұлан айтып кеткен үлкен бір аманат.

«Әлкей Хақанұлы тек ғалым ғана емес, ол өз алдына дербес ғылыми мекеме», – деп Мұхтар Әуезов жазғандай, Әлкей Марғұланның қиын да табысты өмір жолдарын ғылымның бір дәуірі деуге сияды. Сондықтан белгілі археолог ғалым Әлкей Марғұланның еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлкен мұра. Оның әрбір еңбегі тәуелсіз еліміздің келешегіне, тарихымыздың дамуына септігін тигізе алады.

Талғат Абжаппаров, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражай директорының орынбасары.

Комментарии закрыты.