Жас оқырмандар мен кездесті

20140523-02-2Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған қалалық кітапханада жас оқырмандар – Сәтбаев қаласы мектептерінің жоғары сынып оқушылары – ақын, жуырда ғана «Ақсарай» атты жыр жинағы жарық көрген қаламгер, қалалық жас айтыскер ақындар мектебінің алғашқы ұйымдастырушысы Ғалил Жәнібековпен кездесу өткізді.

Кітапхананың библиографы Зейнеп Арыстанова жүргізген «Ақын болу оңай емес, бауырым» атты бұл кездесу кеші ақын Ғалил Жәнібековтың жуырда ғана жарық көрген «Ақсарай» жыр жинағының тұсаукесері іспетті болды. Кітапхана ұжымы осы шараға орай кездесу кеші аттас арнайы көрме ұйымдастырып, онда аймақтық баспасөз беттерінде ақын жайлы жазылған мақалалар мен оның өлеңдерін жұртшылық назарына ұсынды.

Кездесу кешіне сондай-ақ, ақынның замандастары, әріптес аға, апалары мен інілері – Зейнеп Әбілбекова, Өмірбек Сартов, Мұса Тілеуов, Жақсылық Омаров, Абдолла Дастанов, Майра Жаппасбаева, Аман Бұқар қатысып, кеш иесі туралы ой бөлісті.

Кездесуде оқырмандар ақынның ойлы жырларын жатқа оқып, оның әдебиет әлемінен, өз өмірінен сыр шерткен әңгімелерін тыңдады. Сондай-ақ, жиналғандар ақынға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған тұщымды жауап алып жатты.

Аталмыш кеште ақынның замандастары Мұса Тілеуов, Жақсылық Омаров, Майра Жаппасбаева Ғалил Жәнібековтың ақындығына – «…әр сөзі қуатты ойдан бас құрап шығып, ой орамдарын кемел образдар арқылы атрибуттармен, символдармен астарлай, айшықтап жеткізу шебері, мейлінше жаңашыл», – деп баға берсе, ақындар мектебінің шәкірттері өз ұстаздарына деген ықыластарын жауһар жырларымен жеткізді.

Кеш соңында жас оқырмандар ақынға қолтаңба жаздырып алды.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.