Шынболаттың үнтаспасы шықты

20140523-02-1-120140523-02-1-220140523-02-1-3Әрине, бір ақынның, ірі ақынның шығарма­­шылығы туралы көп нәрсе айтуға болады. Ал, жуырда ақынның елі өзінің перзентін туған жерінің өмірімен етене жақындастырып, одан рухани нәр алып өткізген айшықты іс-шара айрықша әсер қалдырды…

Кенші, жыршы, термеші һәм ақиық ақын Шынболат Ділдебаевтың өнердегі орны белгілі. Соған лайық құрмет көрсетіліп жатса, оны да орынды көресің. Дәл осы жолы жерлестерінің еске алғанына қарап, оған деген халықтың ынта-ықыласының орны тіптен бөлек екенін де аңғарғандай боласың.

Жалпы, Сәтбаев қаласының жырсүйер қауымы Шынболатты еске алу кешін жылда өткізіп келеді. Бір ғажабы, сол кештер бір-біріне ұқсаған емес. Бірінде аламан айтыс өтсе, енді бірінде оның шығармалары жинақталып, кітап болып оралады. Ал, бұл жолы ақынның жыр, термелері үнтаспа болып жарыққа шықты. Ол Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омардың ұйытқы болуымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен өмірге келді.

Осы шаралардың басын біріктірген кешенді мереке өткен жұма күні кеншілер қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы ақсарайда өтті. Оған ақынның отбасы, туыс-туғандары мен ізбасарлары, шәкірттері, қаланың жырсүйер, өнерсүйер қауымы жиналды. Кешті ақынның ізбасары, қаламыздағы «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аймақтық «Мысты өңір» газетінің бас редакторы, ақын, журналист Абдолла Дастанов жүргізді.

Ақынды еске алу және оның үнтаспасының тұсаукесер салтанатында қала әкімі Әнуар Омар тебірене сөйлеп, тереңнен ой қозғады.

– Бойыңды шымырлатар өрлі өлеңдерді өмірге әкелген Шынболаттай шымыр ақынның орны қашан да бөлек. Оған қандай құрмет көрсетсең де артық емес. Біз осы жолдан жаңылып та көрген жоқпыз. Бір ғажабы, сол айшықты шараларды араға жеті жыл салып өткізіп отырыппыз. Ең алғаш 2000 жылы қаламызда республикалық ақындар айтысы тұңғыш рет өткізіліп, мені үкілеген үмітпен жыр додасына қосқанда, аламанның алдын бермей ақ Волга автокөлігін мініп, Шынкеңнің үмітін бір ақтаған едім. Арада жеті жыл өткенде, 2007-ші жылы оның 70 жылдығында қалада екінші рет республикалық ақындар аламанын өткіздік. Енді, міне, тағы жеті жылдан соң ақынның үнтаспасын жарыққа шығарып, тыңдармандарына ұсынып отырмыз.

Жалпы, қазақта жеті деген қасиетті сан ғой. Шынкеңе арналған осындай шаралардың да жеті жылмен қайталанып отыруының өзі оның қадір-қасиетін аңғартқандай, – дей келіп, әкім жұртшылықты ақынның үнтаспасының жарыққа шығуымен құттықтады.

Салтанатта Шынболаттың досы, әрі үзеңгілес серігі – Бостан Рүстембайұлы, Яхия Асатов, ізбасары – Ғалил Жәнібеков сөз сөйлеп, жырларын арнаса, ақынның ізбасар шәкірттері Мұқаш жырау Қожахметов, Дәуіржан Жақыпов, Бақыт Бағыланұлы ақынның термелерін тамылжыта шырқады.

Кеште, сондай-ақ, Шынболат ақынның ізбасарларын дайындайтын қаламыздағы ұлттық өнер орталығына қарасты ақындар мектебінің шәкірттері Құрмет Тілеулинов пен Жоламан Мағзұм айтысып, ақын ісінің жалғассыз қалмайтынын бір дәлелдеп берді.

Еске алу кешінде ақынның жары Гүлсара Жиенәліқызы осындай айшықты шара ұйымдастырған азаматтарға алғысын айтса, ақынның қызы Жайна Шынболатқызы әкеге деген сағыныш сезімін жауқазын жырымен жеткізді.

Шынболат Ділдебаевты еске алу кеші мен үнтаспасының тұсаукесері жерлес сазгер Жақсыкелді Сейіловтың Шынболаттың өлеңіне жазылған «Сәтбаев – достықтың қаласы» әнімен аяқталды. Әнді жас әнші Индира Асайынова тамылжыта шырқады.

Іс-шара соңында ақынның отбасы «Ханзада» мейрамханасында марқұмның рухына құран бағыштап, ас берді.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.