Діни сауатсыздық елді бұзады

Қазақ халқы қаншама аумалы-төкпелі замандарды, небір нәубеттерге душар еткен бодандықты, атеистік кезеңдерді бастан өткерді. Аллаһ тағалаға сансыз шүкір, әйтеуір, «мың өліп, мың тірілген» ұлтымыз тәуелсіздікке қолы жетіп, ата-баба дінімен қайта қауышты. Қазір мешіттеріміз жамағатқа толы. Бүгінгі таңда еліміздің дін, діл, тіл, тарих, салт-дәстүр ұлт бірлігі және мемлекет қауіпсіздігінің кепілдігі екенін Елбасымыз біздің санамызға жанайқайымен сіңіруде.

Қазақ халқы 40-тан астам руға, жүздерге, бай-кедейлерге бөлінсе де, бірақ ешқашан дінде, оның ішінде ең маңызды сұрақта, яғни, Алланың затына (есім сипаттарына) қатысты ілімде, сенімде (ақидада, Аллаһты танып-білуде) бөлінген емес, қырық пышақ болып таласқан емес. Демек, ұлт бірлігіне келетін болсақ, 40-тан астам рудан тұратын қазақ халқы ел басына күн туған аласапыран замандарда бір тудың астына бір атаның баласындай жиналып, тізе біріктіріп, сырттан, іштен шыққан небір жауларға айбынды түрде төтеп беріп отырған. Себебі, негізгі діни мәселелерде қазақ халқының көзқарасы бір еді.

Әйтсе де, кейде асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, түрлі пікір туғызып, ұлтымыздың Әбу Ханифа мазхәбына, қазақтың теңдесі жоқ тұлғаларының (Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатұлы, Халиф Алтай т.б.) діни туындыларына, Елбасы сенім білдірген мүфтияттың фатуаларына қайшы, адасқан өз көзқарастарын халыққа таратуға тырысушылық санасы сынық, талғамы таяз сырт мемлекеттердегі (Саудия, Мысыр, Пакистан т.б.) күмәнды «шейхтардан» жасырын сабақ алып келген жастарымыз бен оларға жан-жақты көмек беріп жүрген кейбір елге танымал азаматтар тарапынан байқалады.

Өкінішке орай, өздерін «шейх» (білімді) санайтын, жоғарғы діни оқу орындарын толық бітірмеген, шетелге психологиясы әлі қалыптасып үлгермеген шағында, оң мен солын ажырата алмайтын жасында оқуға кетіп, кейіннен сол елдердегі түрлі деструктивті топтардың ықпалына түсіп қалып жатқан жастардан құралған деструктивтік ағымдар бар.

Ең сорақысы, бұл «шейхсымақтар» өздерінің жаппай ел арасына таратып жатқан аудио табақшаларында кім де кім Аллаһтың мекені жоқ («лә мәкән») деп түсінетін болса, онда ол адасып жатыр, оған бұндай тұжырым адасушылық екенін түсіндіру керек, егер ол бәрібір қарсы келетін болса, онда оған кәпір деуге болады деп, тарихта бірнеше рет орын алған, қантөгіс қақтығыстарға әкелетін, дініміздегі ең ауыр сөзді ашық түрде қолдануда.

Кемінде бес мыңжылдық тарихы бар асыл халқымызды дәлелсіз, негізсіз, жалған айыптауға ешкімнің хақысы жоқ дегіміз келеді және бұндай «перверсивтік» тұжырымдарға жол бермейміз.

Деструктивтік ағымдар құрылымына кіретін «Қайырымдылық қор» деген атты жамылып, халыққа діни дәріс беретін пәтерлерден ашылған орталықтар бар. Олар мемлекетіміздің көптеген облыс орталықтарында бұғанасы бекімеген жас қыздарымыз бен ұлдарымызды жинап алып, ислам тарихында көптеген қанды қырғынға ұшыратқан Мұхаммад ибн Абд-әл-Уаһһаб деген кісінің, оның діни ұстазы ибн Тәймиййаның (ад Дарими, ибн Қаюм т.б.) және де қазіргі замандағы адасқан ғалымсымақтардың (ибн Усеймин, Фаузан, ибн Баз, Албани т.б.) сенім мәселелерінде қателескен идеологияларын насихаттап, оларға «дәріс» беріп, дәстүрлі дін жолын ұстайтын халық өкілдеріне қарсы қойып, іріткі салуда.

Бұған айғақ: кейбір жастарымыз осындай орталықтардан «дәріс» алғаннан кейін туған ата-анасына қарсы шығып, оларды кәпірге санап, қазіргі заманауи білімді мансұқтап, жалпы қазақи болмыстан алыстап, ел басымызға, мемлекеттік заңдарға, құрылымдарға қарсы қаракөз бауырларымызды үгіттеп, қайрап, тіпті, кейбіреулері Сирияға, Солтүстік Вазиристанға «жиһадқа» шақырып, «шейіт» болуды армандап жүр.

Жоғарыда айтылған тұжырымдар құрғақ сөз болып қалмауы үшін нақты дәлелдер келтіруді жөн көрдік. Бұл ағымдардың бүлікшіл идеологиясының қайнар көзі мына кітаптар болып саналады:

1. Кулиев Э.

— Основы веры в свете Корана и Сунны. – Москва: «Умман», 2008

— На пути Корана. – Алматы:«Әлбаракат» баспасы, 2008

2. Мұхаммад ибн Абд-әл-Уаһһаб (аудармашы — Бишимов А.)

— Таухид кітабы. – Алматы: «Нұрлы әлем» баспасы, 2006

3. Мухаммад ибн Жамиль Зину. Столпы Ислама и веры. – «Шаржа»

4. Мухаммаб ат-Тамими (Мұхаммад ибн Абд-әл-Уаһһаб).

— Три принципа и их доказательства. – «Шаржа» т.б.

Елбасымыздың өзі өте жоғары баға берген Халифа Алтай атамыз өзі аударған Құран Кәримде «Та ха» сүресінің 5-ші аятындағы «истәуә» сөзін «меңгерді» деп түсіндіреді. Сонда бұл «шейхсымақтардың» діни білімдері марқұм Х.Алтай атамыздан «артық» болғаны ғой.

Рүстем Сыздықов, теолог.

Комментарии закрыты.