Ерасыл өнерін мойындатты

20140523-03-2Қаламыздың өнер мектебінің шәкірттері бүгінде таланттарын әртүрлі додаларда мойындатып, көрермен көзайымына айналып жүр. Олардың жүлделі жеңістері жайлы сүйіншілеп жазудан біз де әсте жалығар емеспіз. Жақында кішкентай өнерпаз жерлесіміз, Абай атындағы №4 мектеп-лицей оқушысы Ерасыл Жалғас кезекті өнер бәсекесінде топ жарып, бәйгемен оралды.

Қарағанды қаласының № 2 өнер мектебінің базасында Қарағанды облысының 80 жылдығына арналған музыкалық және өнер мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері арасында елімізде қалыптасқан эстрадалық ән орындау дәстүрлерін сақтау және дамыту мақсатында эстрадалық, патриоттық әндерден I облыстық байқау өтті. Оған қатысқан 80 оқушы, 15 ұстаздың ішінде сәтбаевтықтардың бағы жанды. Қаламыздағы балалар өнер мектебінің халық аспаптар бөлімінің 1 сынып оқушысы Жалғас Ерасыл «Егемен Қазақстан», халық әні «Қызыл құмда ауылым»-ды нақышына келтіре орындап, I орынды жеңіп алды. Бөлім ұстазы Ербол Алғожин болса, мұғалімдер арасындағы сайыста «Отан Ана» әнімен II орынды иеленді.

– Қазылар алқасы Ерасылдың ән орындау шеберлігін ерекше атап өтті. Бүлдіршін жасына қарамастан, әннің мазмұнын, көңіл-күйін жақсы сезініп, жеткізетінін ерекше атап өтті. Шәкіртімнің жеңісі барша мектеп ұстаздарын бір қуантып тастады, – дейді жеңімпаздың ұстазы Ш.Апаканова. Іле-шала Ерасыл Бурабайда өткен КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы мектеп оқушылары арасындағы Халықаралық «Ақ сұңқарым» атты әншілер мен бишілер және көркемсөз шеберлері байқауында өнер көрсетті. Аталмыш байқауда да Ерасылдың таудай талабы мен тамаша дауысы ескерусіз қалмады. 120 оқушының арасында үздіктер сапынан табылған Ерасыл «Ән орындау» номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленді.

Қазылар алқасының құрамында «Алтын сақа» қайырымдылық қорының президенті М.Бағланова, профессор, әнші, композитор А.Исағұлова, «Қазақконцерт» бірлестігінің режиссері Б.Әбішев, «Атадан мұра» қорының директоры, Президент оркестрінің әншісі Г.Жұмабай сынды өнер майталмандары болғанын ескерсек, Ерасылдың осындай өнер иелерінің алдында талантын мойындатқаны сөзсіз жеңіс әрі үлкен мәртебе.

Айнұр Құлашова.

Комментарии закрыты.