Қала ортақ – тазалық ортақ

20140523-06-1Қаланың санитарлық ахуалын жақсарту мақсатында өткен аптада кезекті жалпыоблыстық сенбілік ұйымдастырылды. Көшелерді тазарту жұмысына сәтбаевтықтар да белсене атсалысып, қаланың көркіне көрік қосты.

Сенбілікке шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелерден 360 ұжым шығып, барлығы 6627 адам жұмылдырылды. Сенбілік нәтижесінде 41 техниканың қатысуымен жиналған қоқыс сыртқа шығарылды. Сонымен қатар, тас жолдардың жиектері тазартылып, әктелді, 25 жарық бағаны ретке келтіріліп, көше бойындағы қоршаулар сырланды. Әрбір ұжым өздеріне бөлінген жер телімін тазартып, ағаштардың түптерін қопсытты. Мектеп, емхана, балабақша маңайларында да осындай жұмыстар өз деңгейінде атқарылды. Әдеттегідей, мектеп оқушылары сенбілікке көп үлес қосты. Олар медициналық колледждің студенттерімен бірлесіп «Жеңіс» саябағын тазартты.

Іс-шара барысында 200-ден аса ағаштардың бұтақтары кесіліп, 10 қоқыс жәшігі кезекті жөндеуден өткізілді. Бұл күні Ерден және Ұлытау көшелеріне 500 түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, Солтүстік Жезқазған кеніші, байыту фабрикасы, жылу-энергетика кәсіпорны, КЛМЗ ұжымдары өздеріне бекітілген сәйкесінше №№6, 7, 10, 11 шағын аудандарда сапалы жұмыс жасады.

Сәтбаев қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзинаның айтуынша, қалада шешімін таппай жатқан мәселер әлі де аз емес. Мәселен, сенбілік кезінде кесілген бұтақтар, құрылыстық және тұрмыстық қалдықтар дер кезінде алынбайтындықтан, қосымша қоқыс орындары пайда болуда. Тәуелсіздік даңғылы бойындағы суағардан алынған топырақтар шығарылмай қалған, Ерден көшесіндегі бұрынғы отырғызылған ағаштар уақытында суарылмағандықтан, қурап кеткен, аула ішінің тазалығы да өте нашар, қураған талдар көбейген.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының тарапынан сенбілік аясында 90 түсіндірме жұмысы жүргізіліп, 17 нысанның басшылығына ескертпе айтылды. Алайда, осындай үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, кейбір жеке кәсіпкерлер, мекемелер мен қала тұрғындары жалпыоблыстық сенбіліктен сырт қалғаны байқалып тұрды.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.