Бокстан республикалық чемпионат өтті

Сәтбаев қаласындағы Спорт-сауықтыру кешенінің Мұз айдынында 17-20 мамыр аралығында 2000-2001 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының Чемпионаты болып өтті. Осынау дүбірлі додаға есімдері елге танымал былғары қолғап шеберлері – Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов пен бокстан әлем кубогының иегері Аркадий Топаев арнайы келіп қатысты.

Әкім қабылдауы

20140523-12-1-1Жас былғары қолғап шеберлері бәсекесінің алғашқы күнінде спорт саңлағы Ермахан Ибраимов қала басшысы Әнуар Омардың қабылдауында болды. Кезінде шаршы алаңда жасындай жарқылдап, Сиднейде Алаштың мерейін асқақтатқан батырымызға сүйіспеншілігін жеткізген қала басшысы кеншілер қаласында өтіп жатқан жарысқа қазақ боксының тау тұлғасына айналған, Сидней Олимпиадасының чемпионы – Ермаханның қатысуы оның маңызын арттырып, боксқа ынтасы бар жасөспірімдер үшін үлкен тарту екенін жеткізді. Спорт саңлағымен болған жүздесу барысында әкім Әнуар Омар аймағымыздағы спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, боксты насихаттау үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайын сөз етті. Қабылдау соңында әкім қонаққа сыйкәде ретінде кеншілер қаласының бас белгісі – «Кенші мүсінін» тарту етті.

Мектептегі жүздесу

Сол күні Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Ибраимов қаламыздағы қазақ мектептерінің қарашаңырағы атанған №27 мектептің оқушылары мен ұстаздарымен жүздесті.

Кездесу барысында спорт саңлағы академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп мұражайында болып, біртуар академик турасында жинақталған ақпараттармен, кен өндіруге қатысты тың деректермен танысып, өзінің қолтаңбасын қалдырды.

Ол, сондай-ақ, №27 мектептің қалыптасуына көп еңбек сіңірген осы мектептің бұрынғы директоры, КСРО және ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Шабал Бейсенбекованың өмірі мен еңбек жолына арналған «Мектеп шежіресі» атты мұражайын да аралады. Мектеп тарихымен етене танысып, оқушылардың спорттық саладағы жетістіктерін тамашалады.

Кездесуде чемпион мектеп оқушыларының күшімен әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Спортты жанына серік еткен жас спортшылардың сан түрлі сауалдарына жауап берген Ермахан Ибраимов оларды батыр да батыл болуға үндеп, алға қойған мақсаттарға жету жолында адамның бойында табылуы тиіс мінездер турасында өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

20140523-12-1-2 20140523-12-1-3

Шаршы аланда

Бұдан соң мұз айдынында Чемпионат салтанатты түрде ашылды. Онда әкім Әнуар Омар құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға шаршы алаңда сәттілік тіледі. Орайлы сәтті пайдаланған қала басшысы салт-дәстүрімізге сай Ермахан Ибраимов пен Аркадий Топаевтың иықтарына шапан жауып, астарына ат мінгізді.

Жарыстың ашылу салтанатында Қарағанды облысының жоғары спорттық шеберлік мектебінің жетекшісі Данияр Мыңбаев жас боксшыларға жеңіс тілеп, кеншілер қаласының әкімі Әнуар Омарға бұқаралық және кәсіби спортты дамытудағы ерекше жетістіктері үшін Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хатын тапсырды.

Сонымен, Сәтбаев қаласында төрт күнге созылған республикалық Чемпионатқа еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан 200-ге жуық жас былғары қолғап шеберлері қатысып, 30-70 келі және одан да жоғары 20 салмақ дәрежелері бойынша күш сынасты.

Айта кетейік, республикалық деңгейдегі осы додада жүзден жүйрік дейтіндей үздік шыққандары әлемдік деңгейде өтетін байрақты бәскелерге барып бақ сынайтын болады.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.