Естен кетпес еңбек қуанышы

(Соңы. Басы газетіміздің 18, 20 сандарында).

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазғандағы меншікті тілшісі ретінде жетпісінші жылдары мен қала өміріне етене араласа бастадым. Алғашқыдай емес, өндіріске де көзім үйрене бастады. Ондағы басшылар да, мамандар да менің тілшілік қызметімді атқаруыма жан-жақты көмектесті. Сондай қамқорлықты тиімді пайдалана отырып, мен де Қарағанды облысының оқырмандарына Жезқазғанды бар­лық қырынан таныстыруға шама-шарқым келгенше тырыстым. Сонда менің қарапайым тілшілік еңбегімді бағалаған адамдар сол кездегі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Кәкімбек Салықов, қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ошақбай Асылбеков, кен металлургия комбинаты парткомының хатшысы Жәлел Қалмағамбетов. Сол кездегі кеніштің басшылары және бас мамандары болған Рүстем Дәуітов, Далабай Ешпанов, Тамерлан Урумов, Қасқабай Сейітмағанбетов, Мұзараф Аханов, Садық Асатов, Бекен Нұршабаев, Мырзатай Қосыбаев, Сандыбай Битанов сияқты білікті инженерлер менің тілші ретінде Жезқазған өндірісін барлық қырынан көрсетуіме көмектесіп бақты. Творчестволық еңбекте табысқа жетсем де, тұрмыста игілікке ие болсам да, мен алдымен осы азамат ағаларыма рахмет айтуым керек.

Меншікті тілші ретінде мен қалалық партия комитетінің бюросына да, атқару комитетінің мәжілістеріне де, партком отырыстарына да, басқа да мәжіліс жиындарға еркін қатысып жүрдім. Әлдеқалай сондай жиындардың біріне қатыса алмай қалсам, Ошекеңдер сол мәжілісте қаралған маңызды мәселелер болса, соны облыстық газетте көрсетуге ықпал ететін. Бұл ол кісінің өзінің де табиғатында журналист болғандығынан шығар деймін бүгінде.

Зауыт құрылысы пайдалануға берілетін уақыт таянған сайын редакцияның мені мазалауы да жиіледі. Бұл кезде шын мәнісінде айтқанда қалалық партия комитеті де, комбинат парткомы да, атқару комитеті де бас-басына шұғыл штаб болып кеткендей еді. Күнде жиын. Күн тәртібінен түспейтін мәселе біреу – зауыт құрылысын тездету. Мыс қорыту зауыты пайдалануға берілетін болса, оған кадр керек, жәй кадр емес, маман қажет. Жергілікті адамдарды сол мамандыққа үйрету керек. Келген адамдарға үй, балаларына бақша, отбастарына ақша керек. Осының бәрі күрделі мәселелер. Олардың бірқатары тез шешіліп жатыр, біразы кейінге қалуда.

Мысалы, кадрларды жаңа мамандыққа оқыту мәселесі оң шешімін тез тапты. Қарсақбайдан бір топ металлургтер шақырылды. Жезқазған маңындағы қалашықтар мен елді мекендерден адамдар жұмысқа қабылданып, олар жаңа мамандыққа үйретілді. Металлургиядан хабары барлар Норильск мыс қорыту зауытына, Пышма мыс электролит зауытына, Балқаш, Алмалық мыс қорыту зауыттарына оқуға, үйренуге топ-тобымен жіберілді. Қалада металлургтерге арнайы үйлер салына бастады.

Айта кетсе айып емес, ол кезде партия съезіне тарту әзірлеу үрдіс болып кеткен-ді. Орталық Комитет, қала берді Қарағанды облыстық комитеті, оны айтасыз, Мәскеуде билік басында отырғандар жергілікті мүмкіндіктерді терең сараламай, қолда бар күш-қуатты көрегендікпен зерделемей жатып-ақ, «Жезқазған мыс қорыту зауытын СОКП XXIV съезінің құрметіне пайдалануға береміз» – дегенді күні бұрын айтып қалды. Айтылған сөз – атылған оқ. Партия айтты, орындау керек. Әне-міне деп жүргенде екі съезд қосарланып келіп қалды. Не істеу керек? Жезқазғандықтар мыс қорыту зауытының пайдалануға беру мерзімін ұзартуға мәжбүр болды. Мыс қорытудың инженерлік-технологиялық жүйесіне өзгеріс жасалды. Концентраттан қара мыс, одан анод, одан катод алу, сөйтіп, арнайы ваннадан таза шақпақ мыс алу тәртібіне нұқсан келді. «Қарсақбайдың қара мысы, Балқаштың анод мысы бар еліміз бұл шикізаттарға мұқтаж емес. Соларды қорытып, Жезқазғаннан біз бірден шақпақ мыс аламыз» деген желеумен Жезқазған мыс қорыту зауытында алдымен шақпақ мыс алуға дайындық жұмысы басталды.

Партия съездері таянған сайын қарбалас жұмыстар қарқын ала бастады. Сәті түсіп тұрғанда мысалға келтіре кетейін, 1971 жылдың 12 ақпанында «Орталық Қазақстан» газетінде кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы Жәлел Қалмағамбетовтың «Жезқазғандағы жеңіс» атты мақаласы жарияланды. Менің ұйымдастыруыммен жазылған бұл мақаладан төменде келтіріп отырған үзіндіде зауытты пайдалануға беру қарсаңындағы қарбалас қимыл өте дәл сипатталған.

«Жезқазғандықтардың таяу уақыт ішінде үлкен жеңістің куәгері болары хақ. Қазір Жезқазғанның кезекті алыбы – мыс қорыту зауытының құрылысы қарышты қарқынмен салынып жатыр. Мыс алыбының алғашқы кезеңінің пайдалануға берілетін сәт сағаты алыс емес.

Бүгінгі таңда мыс алыбының құрылыс алаңында қаламыздың барлық кәсіпорындарының өкілдері еңбек етеді. Үлкен жұмыстың көбінен азы қалды. Негізгі объектілерді сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталық жылу электр станциясы мен мыс зауыты аралығының жылу жүйесі, су құбыры, электр желісі, цехаралық теміржол торабы пайдалануға берілді. Анод, катод пештері, электрованналары дайын. Демек, Жезқазғанның тұңғыш мысы Қазақстан Коммунистік партиясының XIII съезі ашылатын күні ағызылмақ».

Осы үзіндіден көріп отырғанымыздай, шын мәнісінде Жезқазған металлургтері алғашқы балқыманы алуға ерекше дайындалды. Металлургтер ғана емес, партком хатшысы айтып отырғанындай, бұған бүкіл қала еңбекшілері жұмылдырылды. Әсірелеп айтқанда, Жезқазған мыс қорыту зауытының құрылысына бүкіл республика болып атсалысты. Мыс алуға қатысатын технологиялық жүйелердің бәрі сынақтан өтіп, өнім алуға дайын болған кезде ғана, яғни 23 ақпанда еңбек салтанаты болатыны туралы халыққа хабарланды.

Мен бұл күнді әсте ұмытпаймын. Бұл еңбек салтанаты туралы мен «Орталық Қазақстан» газетінде «Жезқазған алыбының жаңа өнімі» деген үлкен тақырыппен мақалалар топтамасын бердім. Сонда менің «Шашу» атты репортажым жарияланды. Қазір мен қанша толғансам да сондағыдай әсерлі жаза алмайтын болғандықтан, әлгі топтамадан үзінді келтірейін:

«Өткен бесжылдықта Жезқазған экономикасы жаңа белестерге көтерілді. Жаңа шахталар, өндірістік объектілер қатарға қосылды. Солардың ішінде Жезқазған мыс зауытының орны бөлек. Алтынға бергісіз мыс өндіретін күнді қала жұртшылығы асыға күтті. Сәт сағаты соғылды. Қазақстан Коммунистік партиясының XIII съезі ашылуы қарсаңында – 23 ақпанда мұнда тұңғыш электролит мысы алынды» – дей келіп, жергілікті тілші Александр Иванович Смирновқа сөз берем, ол өзінің «Мөлдірлігі күн көзіндей» атты мақаласында былай дейді: «Салмағы бірнеше килограмм ауыр кеспек. Құрамының басым бөлігі таза мыс. Күн көзіндей мөлдір. Бір жеті бойы күкірт қышқылына араластырылған мыс тотияйыны ертіндісі ішіне қойылды ол. Ертінді тоқ қуатына жалғанды. Уақыты өткен соң қуатты кран бұл кеспекті бір ваннада «шомылған көршісімен» бірге жоғары көтеріп алды да, дайын өнімдер қоймасында жөнелтті.

Ваннадан «шомылып» шыққан алғашқы мыс кеспегіне инженер Жамбыл Ыбыраев пен металлург Леонид Шербин сыр бояумен «Отан, Жезқазған мысын қабыл ал!» деген сөздерді жазды. Бұл бір аса қуанышты сәт еді. Жиналғандар сатыр-гүтір қол соқты».

Арада апта өтпей жатып-ақ жезқазғандықтар 1 наурыз күні тағы да қуанышқа кенелді. Оны да мен тебірене жаздым:

«Цех іші мерекедегідей безендірілген. Қуанышты қызықтауға қала жұртшылығы көп жиналды. Олар мыс алу процесінің қалай өтетінін қалт жібермей көзбен бағып тұр. Міне, смена мастері Тілепберген Марданов балқыған мысты ағызу процесін бастау туралы белгі берді. Ол өзі жас та болса, білікті инженер. Алмалық мыс зауытында тәжірибеден өтіп келген. Өз ісін жетік біледі. Аға балқытушы Владимир Бахтин, балқытушы Виктор Нагорнов, краншы Анатолий Бондарчук, техник Василий Радченко аға мастердің бұйрығын асыға күтіп тұр екен, олар да дереу іске кірісіп кетті. Арада біршама уақыт өткенде пештің аузынан жарқырай ұшқын шашып балқыма аға бастады. Бұлқына атқан мыс тасқыны қызылды-жасылды от шашты, бұл шашу жезқазғандық құрылысшылар мен металлургтердің партиямыздың алдағы болатын съезіне арналған шашуындай болып көрінді» – дедім мен репортажымда шаттықпен. Шынында да, бұл естен кетпес еңбек қуанышы еді.

Сол салтанаттан алған әсерің қандай десе мен бір қызық жағдайды ерекше айтар едім. Анод пешінің көмейінен балқыма әне-міне ағады деп тұрғанда қайдан және кім әкелгенін білмеймін, металлургтердің бірі күміс сәукелелі шампанскийді металлургия цехының бастығы Иван Петрович Овчиниковтың қолына ұстата берді. Ол да әзір тұр екен шампан толы бөтелкені құлаштап, алып пештің жонын көздеп бар пәрменімен лақтырып жіберді. Темірге соғылған шыныдан не қалсын, бар болғаны тарс еткен дауыс естілді. Мереке дәстүрінің мұндай да қызығы болады екен ғой. Бұл көрініс те маған ерекше әсерлі болды.

Сол бір естен кетпес еңбек қуанышы иегерлерінің қатарында, басқаны қайдам, қарсақбайлықтар қуанышы маған ерекше көрінді. Сұлтан Елемесов, Смағзұм Салқауов, Жамбыл Ыбыраев, Виктор Лавецкий сияқты майталман металлургтер, Қоңқабай Жұмабаев, Бәрменше Дәрібаев секілді құрылысшылар жүзінен жезбұлақтың сәулесі сүйген шуақты нұрды көргендей болдым сол сәт.

Көбейсін Еңсебаев, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.